Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі жоғарғы білім көрмесі

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев «Атырау-Маңғыстау» мақсатты гранты бойынша университет ректорларымен кездесті. Кездесу барысында аталған министрлік пен Атырау облыстық әкімдігі арасында еліміздің батыс өңіріне бөлінген мақсатты гранттарды игеру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру және аймақ үшін өзекті тұрған педагогикалық мамандарды даярлау бойынша Меморандумға қол қойылды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Қуаныш Асылханұлы кездесу барысында педагогикалық білімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін айта отырып, педагогикалық кадрларды даярлауда туындап отырған мәселелерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, қазіргі күні ағылшын, орыс тілдері, математика, информатика және химия мұғалімдерінің жетіспеушілігі ерекше байқалады.

Сондай-ақ, мәселені оңтайлы шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылмақ, оның аясында жыл сайын педагогикалық бағыттар бойынша қосымша кемінде 7 мың грант бөлінеді. «Мұғалімдерді даярлаудағы сабақтастық, ашықтық, инновация, вариативтілік, практикалық бағыттылық және пәнаралық сияқты заманауи трендтерді ескеру қажет», – деген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі осы орайда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Шет тілдері және мәдениетаралық коммуникация», «Математика. Білім беру процесін басқару», «Білім берудегі менеджмент» және басқа да пәнаралық білім беру бағдарламаларын атап өтіп, оларды «мета құзыреттерге және икемді дағдыларға ие педагогикалық кадрларды даярлауға мүмкіндік беріп, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады» деп бағалады.

Белгілі болғандай, мемлекет басшысының педагог құзыретінің шеңберін қабылдау тапсырмасын орындау мақсатында «Жоғары оқу орнының оқытушысы» кәсіби стандартының жобасы әзірленіп, тиісті органдарға келісуге жолданған. Сонымен қатар, Қуаныш Асылханұлы тақырыпқа байланысты бірқатар ұсыныстарын тараптармен кездесуінде ортаға салды. Оның айтуынша, педагогикалық пәндерді бірлесіп оқытуға, сондай-ақ педагогикалық практиканы ұйымдастыруға тәжірибелі мектеп мұғалімдерін белсенді тарту қажет және бұл бағытта қазіргі таңда әдістемелік нұсқаулық әзірленген.

«Елімізде сапалы педагог кадрларды даярлау үшін «Жоғары оқу орны – колледж – мектеп» коллаборациясын құру қажет. Бұл үшін білім басқармаларымен бірлескен жұмысты жандандырып, оның ішінде педагогикалық практика базаларының желісін қалыптастыру үшін тиісті шарттар жасасуды ұсынамыз. Атырау облысының білім сапасында туындаған мәселелерді шешудің жолдарын қарастыратын облыс әкімінің жанындағы өңірлік академиялық кеңес құруды ұсынамын.

Кеңес құрамына университет сарапшылары, білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары, тәжірибелі мұғалімдер, «Өрлеу» өкілдері, Педагогикалық шеберлік орталығы өкілдері, Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілдері кіруі қажет. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік бөлетін гранттардың тартымдылығын арттыру қажет. Бұл грантпен оқып жатырған студенттерді 3-4 курстардан бастап Тәлімгерлік жобасына қатыстыру қажет», – деді Қ.Ерғалиев. Бұдан бөлек, соңғы екі жыл көлемінде педагогикалық мамандықтарды бітірген түлектердің ұлттық біліктілік тестін тапсыру бойынша айтылып жүрген сынның көптігіне тоқталған, Қуаныш Асылханұлы  бұл «мәселені толықтай зерделемей қандай да бір сын айту қате» деген ойын жеткізді.

«Мысалы, республика бойынша 2021 жылы Ұлттық біліктілік тестілеуге қатысқан  233 334 педагогтің жалпы шекті деңгейден 76614 (32,8%) педагогы өткен. Көріп отырғанымыздай, ұлттық біліктілік тестілеуді тәжірибелі педагогтердің тек 32,8% ғана оңтайлы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сол себепті бакалавр дәрежесін енді алып жатырған жас мамандардан ұлттық біліктілік тестілеу жоғары нәтиже сұрау қаншалықты дұрыс? Мүмкін, бір-екі жыл тәжірибе жинауға мүмкіндік беруіміз қажет шығар. Сондықтан, Ұлттық тестілеу орталығы биылғы жылы педагогтердің білімін бағалау жүйесін қайта қарастырды», – деді ол.

Кездесуде Қазақстан Республикасы ғылым жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Сапарходжаев, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық Педагогикалық Институтының ректоры Ержан Әмірбекұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Гүлжан Жарасова, Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ералы Бижанов, Атырау қаласының педагогикалық шеберлік орталығының жетекшісі Талаш Онғарова, тағы басқалар сөз алып, тақырыпқа қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

ҰБТ-ға енгізілген жаңа өзгерістермен таныстырған Руслан Тоқтарбекұлы жыл санап педагогикалық мамандықтарды игеруге құжат тапсырушылар санының артып келе жатқанын оң тенденция ретінде көрсетті. Бұған дейінгі тәжірибе мен ұсыныстарды ескере отырып, биыл ҰБТ-2023 құжат тапсыру мерзімі грантқа түсу үшін екі рет жаз айларына; ақылы негізде түсу үшін үш рет: қаңтар, наурыз, тамыз айларына белгіленген. Сондай-ақ, тестілеуге биыл жаңа пән – информатика енгізіліп отыр. Бұдан басқа, тіркелген деректер ұлттық сынақ кезіндегі тәртіп бұзушылықтардың да азайып келе жатқанын көрсетеді екен.     

Өз кезегінде Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық Педагогикалық Институтының ректоры Ержан Әмірбекұлы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Қарлығаш Нұрмұхамбетова еліміздің қаймағы бұзылмаған батыс аймағынан талапкерлердің солтүстік өңірлерге көптеп келуі мемлекеттік тілдің, ұлттық дәстүр мен танымның көптеп енуіне жол ашар еді деген ойларын білдірді.

Сондай-ақ, университет базасында ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ КӨРМЕСІ өтіп, Атырау және Маңғыстау облыстарына бөлінген нысаналы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.  Көрмеде еліміздің қырыққа тарта жоғары оқу орны мектеп бітіруші талапкерлер мен ата-аналарға өздерінің білім бағдарламаларын ұсынды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий