Маңғыстау облысы: Қарақиядағы алғашқы гидропоника
Қарақия ауданының Құрық ауылында орналасқан кәсіптік колледж өсімдіктер мен көкөністерді топырақсыз суда өсіру тәсілін бастады. Республика бойынша гидропоника техникасын қолдануға кіріскен өндірістік кәсіпорындар мен оқу орындары санаулы. Бекмагамбетов Далабай Орынбасарұлы басқаратын ұстаздар ұжымының педагогтері мен студент жастар аймақ бойынша алғашқы гидропоника өсіруді бірлескен түрде қолға алды, – деп хабарлайды Маңғыстау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл бағытта арнайы кабинет жабдықталып, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқу шеберлері Тараз қаласында тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» мамандығының үшінші курс студенттерімен бірлесе отырып, тәжірибе жүзіндегі жоспарлы жұмыстарын жүйеле түрде бастады. Гидропоника дегеніміз, өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіруге негіздедген жаңаша жоба. Өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта (топырақ орнына қолданылатын заттар) орналасатындығымен бұл әдіс өте тиімді саналады.
Загрузка...Сондай-ақ, әдіс газ алмасуды, ылғалдылықты және ауаның температурасын, жарық режимі – жақсы егіннің жетістігінің кілті болып табылатын факторларды реттеп отырады. Бүгінгі күні қияр, шпинат, құлпынай, аскөк, ақжелкен көкөністері өсірілуде және қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Алғашқы өнімді алу алдағы маусым айына жоспарланған. Қарақия кәсіптік колледжі –аспаз, тігін өндірісі, компьютер және автомобильдерге қызмет көрсету салалары бойынша білікті мамандар дайындайтын он сегіз жылдық тағылымды тарихы бар тәуелсіздік кезеңде құрылған мамандандырылған арнайы оқу орны.