Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық идеологияға
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ өткен аптаның сәрсенбі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңестегі сөйлеген сөзінде қазіргі замандағы дамудың басты кілті – білім екендігін тағы бір мәрте баса айтып, жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. – Ерекше назар аударатын мәселе: жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады, – деді Мемлекет басшысы.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет.
Расында да осы айдың ортасында бұрында да еліміздің әр өңірінде бой көрсететін жастардың арасындағы төбелес пен оқушылардың қатарластарынан әлімжеттік жасалуы және жыныстық сипаттағы зомбылықтарға қоса отбасындағы үлкендердің тарапынан зәбір көруі сынды қылмыстық құрамы бар қайғылы оқиғалар аймақтарда тіптен жиіліп, атқарушы билік пен күштік құрылымдарды дүр сілкіндірген айуандық әрекеттер қоғам тарапынан қатаң қарсылықтарға ұшырап, тәртіпті қадағалайтын бақылаушылардың атына әр алуан айыптаулардың айтылғаны баршамызға белгілі.

ҚР Парламентінің жақында сайланған Мәжілістегі бір топ халық қалаулысы еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов пен Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына жазбаша түрде депутаттық сауал жолдап, ұрпақ тәрбиесіне барлық мүдделі тараптың жауапкершілігін күшейту туралы дабылдарын жеткізді. – Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық – тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді, ұрпағы бүлінген халық іриді. Қыздың тәрбиесі бұзылса арсыздыққа, ұлдың тәрбиесі бұзылса бассыздыққа бой алдырады.
Жасөспірімдер арасында жантүршігерлік тосын оқиғалардың соңғы уақытта тым жиілеп кеткені – мектептерде, отбасында, бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі мәселесі ақсап тұрғандығын көрсетеді, – деп жазылған ресми хаттың мәтінінде. Мандат иелерінің мәлімдеуінше ұрпақ тәрбиесінде жіберген қателіктердің түп-тамыры тереңде. Ең бірінші кінә баласының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анада, ұрпақ тәрбиесімен айналысатын балабақшалар мен мектептерде, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында, жасөспірімдер тәртібін бақылауға алуға тиісті құзырлы органдарда, қоғамдық әлеуметтік ортада және осылардың бәрін өнегелі тәрбие беру ісіне жұмылдырып отыруға тиіс мемлекеттік билікте.

Сондықтан елімізде ізгілікті, мейірім, қамқорлықты ұлық тұтатын әлеуметтік орта қалыптасуы қажет. Бұл үшін біріншіден мейірімділікке, мемлекетшілдікке, ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық идеология жүргізілуі тиіс. Екінші – еліміздегі балалар арасында шектеусіз қызмет жасап жатқан Tik Tok әлеуметтік желісін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек.
– Үшіншіден жалған қорытындылармен ахуалды ушықтырмай, кең көлемді әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, балабақшадан бастап, ЖОО-ға дейінгі тәрбие жұмыстарының қаншалықты тиімді екені, қоғамдық – әлеуметтік ортаның қазіргі жағдайы және оның ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқаны, отбасындағы тәрбие мәселелері жан – жақты, әрі шын бағалануы тиіс. Төртінші – Ішкі істер министрлігі кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарау маңызды. Бесіншіден – Оқу-ағарту министрлігі мектептерде мұғалімдер оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, балаларға берген тәрбиесін де таразылау механизмдерін енгізген жөн. Әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі қызметін ұйымдастыру қағидаларын қайта қарауы тиіс, – дейді деутаттарымыз сауалдарының соңында нақты ұсыныстарын білдіріп.

– Біз балаларға арналған SIM-карта ұсынып отырмыз. Балаларға арналған жеке SIM-карта керек. Ол ата-аналардың бақылауында болады. Бала сол SIM-карта арқылы интернетке қосылса, міндетті түрде ата-аналардың рұқсаты сұралады. Біз осындай жүйені енгізуді қолдаймыз. Бұл баланың интернетте қандай сайтқа кіргенін, қандай әлеуметтік желіде отырғанын бақылауға мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе, ол карта арқылы баланың интернетке кіретін уақытын шектей аламыз. Кейде бала түн ортасында интернетте отыратын жайттар болады, – деді еліміздің беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан оқушылар арасындағы буллингпен күрес қалай ұйымдастырылатыны туралы қойған сұраққа бейіндік ведомстваның атынан жауап берген вице-министр Еділ Оспан.
– Кешегі кезеңстік кезеңдегі мектептерде директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен кәсіби психолог мамандар болған жоқ. Бала тәрбиесіне пән мұғалімдерінің бәрі жауапты еді. Әр ұстазымыз шәкірттерінің жүрегіне мәңгілік із қалдыра білді. Әлі де сағынышпен еске аламыз. Ата-аналар таңнан кешке дейін жұмыс істесе де отбасылық тәрбиенің діңі мықтылығымен тарихта қалды. “Педагог мәртебесі” туралы арнайы құқықтық құжат болмаса да, тәлімгерлерді үлкен мен кіші айрықша құрметтейтін. Олардың оқу мен тәрбиеге байланысты айтқан ақылы мен кеңесі бұлжымайтын заң, – дейді «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры, этнология магистрі Тұрар Сәттарқызы.

– Жаһандану дәуірінде тәрбиелі ұрпақ өсіргіміз келсе, барлығымыз дұрыс үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Ортақ мақсат пен мүддеге сәйкес мектеп, ата-ана, қоғам жедел түрде тығыз бірлесуі керек! Бұл олқылықтар отыз жыл бойы қордаланған дүние. Осыған орай қазақы тәрбиені ұлықтайтын арнайы пән енгізіліп, ұлттық идеологияны мемлекеттік деңгейде жан-жақты күшейтуді тез қолға алған жөн. Адамгергершілік пен ар, ұят және обал, сауап сынды қазақы құндылықтардан ажыраған алдыңғы буын өкілдерінің теріс мінезі мен құлқын күнделікті көріп өскен жас ұрпағымыздың жеткен жері осы. Бүгінгінің балалары өте ақылды, техниканы “шағып тұр”. Оларға жетпей тұрғаны тек рухани құндылық. Сондықтан құбылмалы қоғамды қатігездік жайлап барады. Демек ұрпақ тәрбиесіне баршамыз жауаптымыз және бұл мәңгілік тақырып әрі үздіксіз үдеріс.
– Соңғы кездері жан түршігерлік, жаға ұстарлық, құлақ естіп көз көрмеген жат қылықтардан безіне бастадық. Қауіпті қылмыстар қасиетті айда азаймақ түгілі, өршіп кетті. Бұл таптауырын тақырыпты түрлі деңгейде талқылауды тоқтатып, заңнамалық тұрғыдан құқықтық баптарды күшейттетін нақты шешімдер қабылдануы қажет. Ішкі істер министрлігінде балаларға зорлық көрсетушілермен айналысатын арнайы құрылым және Оқу ағарту министрлігінде бала құқығын қорғайтын комитет бар.

Еліміздің аймақтарында жергілікті өкілдіктер ашылған. ҚР Президенті жанында арнайы омбудсмен қызмет атқаруда. Ендігі кезекте осы құрылымдардың жұмыла жұмыс жасайтын кезі келді, – дейді журналист әріптесіміз, жауапкершілігі шектеулі «Қазақ радиолары» серіктестігінің бас редакторы— “Қазақ радиосы” радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев.
– Осы маңызды мәселелерге пайымды пікірімді білдірген сәл бұрынырақта бір бастама көтерген едім. Естіген елдің көбі қолдайтындықтарын жасырмаған еді. Сөз ретінде сол ұсынысымды тағы бір мәрте қайталап айтсам, мектептің оқушылары мен студенттерге қоса жұмысшы жастарды да түрлі қылмыстық әрекеттері арқылы жазаға тартылған жасөспірімдерді түзетуге арналған арнайы мекемелердегі бостандығы шектелгендердің өкінішті өмірімен танысулары үшін «экскурсияға» апарған дұрыс. Содан соң олар баянды болашағына балта шапқан сорақылықтың соңы темір торға тоғытылуымен тынатындығын терең түсінеді.
Ішкі істер органдары жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде келесі талқылаулар барысында осы және де басқа да ұсыныстарымды жеткізетін боламын. Бұл тақырыпты ғасырлық үні бар ұлттық радионың тікелей эфирінде бұрын да талай талқылағанбыз және алдағы уақытта да басты назарымызда болады.
– Сәби күнінен гаджетке байланған баланың көзі ғана емес, виртуалды әлемге бүкіл жан дүниесі шырмалған. Нәтижесі сол, мектеп жасындағы балалардың бәрінде психикалық ауытқушылық бар. Мидың, көздің, сананың шаршауы – неврозға, қатыгездікке, селқостыққа әкелетін фактор. Осыны біле тұра ата-ана да, мемлекет те бейқам. Ата-аналардың тоқсан пайызы баласына бақылау жасамайды. Жасағысы келгенмен, санасын тұрмыс билеген ата-ана шаршағаннан отбасындағы бала психологиясындағы өзгерістерді байқамайды немесе оларға бала тыныш болса болды.

Ал ұл мен қыз жасөспірім кезеңіне топ ете қалғанда, бәрі кеш. Зиянды әдеттер, компьютердегі құмар ойындар, төбелес, ұрлық, нашақорлық аяқ астынан пайда болғандай, ата-ана да, мектеп те, полиция да аң-таң. Бірі жылап-сықтап, бірі жауапкершілікті психологке артып, енді бірі тәуекелді балалардың тізіміне тіркеп, аласұрады да қалады, – дейді тәуелсіз сарапшы – журналист, отандық ақпарат саласының үздігі Айткүл Жетібайқызы.
Бұның бәрі – мемлекеттің ұлттық идеологиясының жоқтығынан. Бала тәрбиесі – ұлт болашағының негізі. Сондықтан ұлттың болашақ буынын тағылымдылыққа тәрбиелейтін бірегей бағдарлама қажет. Бесіктегі сәбиден бастап балабақша, мектеп, оқу орындары, ұжым, өндіріс орындары, барлық ортада тәрбие, өркендеу ұлт мүддесіне негізделуі тиіс. Отаншылдық пен үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды барлық адами қарым-қатынастарды ұлттық құндылықтар арқылы қалыптастыру қажет.

Осы түсініктерді бала бойына сана мен болмыс деңгейінде тереңдете ексе, олар бабалар қасиетін жоғалтпай, ұлы дала рухын бойына сіңіріп, қазақия мүддесімен біте қайнасып, парасатты ұрпаққа айналар еді. Білім мен тәрбе көп уақыт ажырап қалды. Негізінде екеуі егіз ұғым емес пе? Қазақ ғалымдары ұлттық педагогикадағы тәрбие ілімін ұлттық құндылықтармен ұштастырып, арнайы бағдарлама жасағандары жөн. Бүгінгі баладан тізгін кетті. Полиция мен соттан олар қорықпайды.
Ешбір құндылықты бағалай алмайтын жүгенсіздік жастарды мәңгүртке айналдырды. Ең бастысы қоғамның барлық саласында уақыт ұзатпай түбегейлі өзгерістер батыл түрде бастау қажет. Әсіресе білім мен ғылым жаңа заман талаптарына сәйкес қайта жаңғыртуға мұқтаж. Алаш идеясына негізделген ұлттық идеология қабылданбаса тәуелсіз еліміздің ертеңі болар бүгінгі жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтары енгізу әсте мүмкін емес.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...