Балаларға қарсы күш көрсету халық қалаулыларының назарында

ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамындағы депутаттардың өткен аптаның жұма күні ұйымдастырылған кезекті отырысында еліміздегі балалар мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Жүздесуге жетекшілік жасаған комитет төрағасы Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВтың жуырда ел Үкіметтің кеңейтілген басқосуында тиісті құрылымдарға жүктеген маңызды міндеттердің бірі екендігіне тоқталды.

Жиынға депутаттармен қатар орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және психология саласындағы басқа да мамандар қатысты. Негізгі тақырып бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық қорлар өкілдері баяндама жасады. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев соңғы төрт жылда отбасындағы тирандардан таяқ жеп, құқық қорғау орындарына хабарласқандар саны үш есе өскенін айтты.

– Осыдан төрт жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер 49 мың арыз түсірген. 2020 жылы – 179 мың, 2021 жылы – 155 мың, ал былтыр қабылданған шағымның саны 115 мыңды құраған екен. Олардың алпыс пайызына құқық қорғаушылар ешқандай шара қабылдай алмайды. Себебі 2022 жылы түскен 115 526 арыз иелерінің 70 846-сы оны қайтарып алған. Зорлық-зомбылықты кешіре берсе, арты адам өліміне әкелуі мүмкін екенін білесіздер, – деген ол сөйлеген сөзінде 2020 жылғы наурыз бен тамыз айларының аралығында тұрмыстық жанжал салдарынан 33 адам көз жұмғаныны туралы өкінішті деректі қынжыла жеткізді.

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес бұл бейіндік ведомстваның қолдауы бойынша  тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің декларативтіліктен детективтік сипатына көшу енгізіліп, тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталған. Тағы бір заңнамалық өзгеріс – тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп отыр.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатымен қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жауапкершілік шарасын енгізу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ агрессорды үйден уақытша шығару мүмкіндігі қарастырылсын, бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 54-бабының екінші бөлігіндегі «бұл адамның басқа тұрғын үйі болса», – деген сөздер алынып тасталсын. Осы ретте, жазаны қатайтумен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түпкі себептерін жою қажет, – деді полиция генерал-майоры Игорь Владимирович.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов тұрмыс жағдайында жәбір көрсетудің алдын алу, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы баяндады. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаларға қатысты, соның ішінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласындағы мемлекеттік саясатты өзгерту туралы ұсыныстарын ортаға салды.  

– Біз Үкіметпен бірлесіп, балалар мен әйелдерді қорғауды заңмен реттеуге дайынбыз. Бүгінгі таңда қаржылық, әдістемелік мәселелер және орталық пен психологтардың жұмысына қатысты түрлі түйткілдер бар екенін көріп отырмыз. Бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу қажет. Кешенді қорғау, қолдау, профилактикалық шараларын да осы заңмен қамтуымыз ету керек деп ойлаймын. Сондықтан осы бағытта бәріміз бірге жұмыс істейміз деп сенемін, – деді кезекті отырысты қорытындылаған Асхат Қанатұлы. Талқылау нәтижесі бойынша айтылған ұсыныстар жан-жақты қаралып, депутаттар мен жауапты орган өкілдері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешуді заңдық тұрғыда реттеуге кіріспек.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий