Білім сапасы: Ұстаздар тәжірибе алмасты
Ақсай қаласының №7 жалпы орта білім беретін мектебінде жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, мұғалімдердің білімі мен дағдыларын жетілдіріп, тәжірибе алмасу мақсатында облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскерлері мен мұғалімдеріне арналған «Білім сапасын арттыруда тұлға қажеттілігін дамыту» тақырыбында арнайы семинар ұйымдастырылды.

Оған әр ауданнан ұстаздар келіп, жергілікті мұғалімдер ұйымдастырған шеберлік алаңдарына, ашық сабақтарға қатысты. Әрбір сабақтарда қолданылған әдіс-тәсілдердің, жаңа инновациялық технологиялардың тиімділігі жайында ойларымен бөлісіп, кәсіби шеберліктерін арттырды. Сондай-ақ, аталмыш мектептің №7 ЖОББМ-нің мұғалімдері Лариса Кузеева мен Үміт Алтаева өткізген «Дарынды ұл-қыз, жарқыраған жұлдыз» тақырыбындағы оқушылармен жұмысты тамашалады.
Бұл кезеңде мектеп оқушылары өздерінің жан-жақты білімділігін, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Проза оқып, мысалдан көрініс көрсетіп, жоба қорғады. Яғни, осы мектепте дарынды балалармен атқарылатын жүйелі жұмыс назарға ұсынылды. Қорытынды ретінде келген қонақтар шаһардағы №3 жалпы орта білім беретін мектебіне шақырылды. Онда жас мамандар ұйымдастырған «Бала шақтан-болашаққа» әдеби шарасы өтті.

Қысқа ғана қойылымның ішіне ән де, өлең де, мектеп өмірінен қысқаша көрініс те сыйды. Көрермен балалық шаққа саяхат жасап, мектепке қайта оралғандай сезімде болды. – Семинар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Келгеннен бастап әріптестердің қарсы алуы ерекше болды. Өтіп жатқан шеберлік сыныптар, ашық сабақтар біз үшін керемет тәжірибе алмасу. Жалпы, мұғалімдік қызмет үздіксіз ізденісті қажет етеді, бүгінгі осы семинарға келудегі мақсатым – тәжірибе алмасу. Осы мақсатым орындалып жатқандай, – деді Бөкей Ордасынан келген Бұлбұл Құбаева.
Құндылықтарға негізделген білім беру жағдайында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуына ықпал ету, оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін ашатындай әдістерді қолдана отырып, жаңашыл сабақтар өткізу, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда оқушылардың шығармашылық дағдыларын қалыптастыру бағытында шеберлік сыныбы мен коучингтер ұйымдастырылып, өткен семинар жұмысы өте жақсы бағаланды.

Анаргүл КУШЕРБАЕВА,
Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің
баспасөз қызметі, Батыс Қазақстан облысы
Загрузка...