Абай оқулары: Ақын мұрасы – ең қасиетті қазына
Жуырда біздің білім ордасында ХХІҮ республикалық Абай оқуларының қалалық кезеңі ұйымдастырылды. Бұл басқосуды қалалық білім бөлімінің басшысы Булабаев Біржан Заманбекович ашып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Абай оқуларының әнұранының сөзін жазған, қазылар алқасының төрағасы, ақын, республикалық «Абай» журналының редакторы Мұратбек Оспанов байқауға төрелік жасап, ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, оқушылардың еңбегін әділ бағалауға ақын,халық ақындар орталығының жетекшісі, шаһардың құрметті азаматы Дәмеш Серікбайқызы Омарбаева, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының ғылыми қызметкері Азамат Қажыбай, №2 музыка мектебінің мұғалім Курумбаева Кенжегүл Сембаевна ат салысты. Қалалық білім бөлімінің әдіскер маманы Байсарина Н.С. бастан-аяқ қатысып, ғұлама ақын ағартушының мәңгілік мұрасын насихаттаушыларға өз алғысын білдірді.
Әсіресе, Абай оқуларының гимнін квартет түрінде 4 оқушының орындауы қалың көпшілікті тамсантты. Әр қатысушы «Бізбенен біргесің ұлы Абай» деп қолдарын жүректеріне қойып, тағы бір рет данышпан ақын ұлылығының алдында бас иіп, сөз құдіретін сезінді. Абай оқуларына қала мектептерінен жүзден аса үміткер қатысып, өз шығармашылықтарын ортаға салды. Байқау ҮІ бағыт бойынша өте жоғары деңгейде өтті. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» бөлімі бойынша ең көп жаттаған №37, №22, №5, №47, №30 мектеп оқушылары болды.
Дегенмен әділқазылар алқасы Абай өлеңдерін жаттайтын шәкірттердің уақыт ұзаған сайын азайып бара жатқанына қынжылыс білдірді. Ал қарасөздерінің мазмұнын емес, сөзбе сөз жатқа айту керек екенін ескертті. Мектебімізден «Абайдың қара сөздері» бойынша 36 қарасөзін жатқа айтқан 10 сынып оқушысы Бақтиярова Дильназ бен «Абайдың ақын шәкірттері бойынша» қатысқан Сұлтан Алмастың білімдері әділқазылар алқасы тарапынан да көрермендер тарапынан да жоғары бағаланып, облыстық сайысқа жолдама алды.
Ал эссе жазуға қатысқан Мейрамбекова Аружан үшінші орын алса, өз шығармашылығын танытқан Серікбекова Тахмина екінші қатардан көрінді. Оқушыларымыздың бәйгеден оза шауып келгені – ұстаздарының ерен еңбегі. Мұндай ашық сайыстардың оқушылардың шығармашылықтарын арттырып,белсенділіктерін танытудағы орны ерекше, Ендеше, Абай оқулары арқылы Абай мұрасын насихаттап, оның қасиетті қазына екенін танытып жүрген ұстаздарымыз бен Абай мұрасының жанашырларына айтар алғысымыз шексіз.
Жанар Назарбековна НАЗИРОВА,
интернаты бар №42 жалпы орта білім
беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, Абай облысы, Семей қаласы