Қызылорда облысы: Жергілікті мектептердің автопаркі отыз автобуспен толықты

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Сыр өңіріне жұмыс сапарының соңында Қызылорда қаласындағы бірқатар білім беру ұйымының жұмысымен танысып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге оқушыларды тасымалдайтын 19 автобусты табыстады, – деп хабарлайды осы аймақтағы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Алдымен министр Т. Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің обсерватория, киностудия, BIOMASTER, BIOFLOWERS, STEM лаборатория кабинеттерін аралап, «Ғылыми идеялар аллеясы» жұмысымен танысты. Сонымен қатар облыстағы білім беру ұйымдары басшыларымен арнайы кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
ҚР Оқу-ағарту министрі мұнан соң «Бегім Ана» бөбекжай-бақшасында болып, тәрбиешілермен кездесті. 280 орындық балабақшада 76 қызметкер, оның ішінде 36 педагог жұмыс істейді. Мұнда бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына арналған «Мобилді кітапхана», «STEAM» дамытушы орталығы, “KIDS City” балалар ойын қалашығы, «Ұлттық ойындар алаңы» дамытушы орталықтары бар. Ведомство басшысы кабинеттерді аралап, күні бойы бір топта екі тәрбиеші болатын “Айгөлек” пилоттық жобасымен танысты.
Әрі қарай Ғани Бейсембаев Б.Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейіне барды. Мектепте оқушылар білім алғаннан бөлек, «Hitech» шеберханасы» сандық бағдарламасымен басқарылатын термопресте, төсбелгі дайындайтын білдекте, 3D станоктарда түрлі операция жасайды. Осылайша өзін заман талабына сай дамыта алады.
Мұнан әрі мектеп ауласында оқушыларға арналған автобустарды табыстау рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға ардагерлер мен білім саласының қызметкерлері қатысты. Еліміздің бас ұстазы жаңа көлік алған мектеп ұжымдарын құттықтады. Айта кетейік, бұған дейін өңірдегі 7 ауданда, мектебі жоқ 21 елді мекенде оқушыларды мектепке қауіпсіз тасымалдау өзекті болатын. Осыған орай мектептерді автобустармен жарақтандыру жөніндегі Жол картасы жасалып, 30 жаңа автобус алынды. Сыйымдылығы 20 және 40 орынға шақталған бұл автобустардың техникалық сипаттамасы заманауи талаптарға сай, көлікте қауіпсіздік талаптары толықтай ескерілген.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий