Маңғыстау облысы: Биылғы түлектерге мүмкіндік мол

Осы оқу жылында аймақтағы жалпы білім беретін 178 мектепті 175 370 оқушы аяқтағалы отыр. Оның, 165 509-ы (94,3 пайыз) 145 күндізгі мемлекеттік мектептерде білім алады. Сәйкесінше, ағымдағы жылы 7414 түлек жалпы орта білім беру бағдарламасын аяқтайды (мемлекеттік мектептерде – 6686, кешкі мектептерде – 377, жекеменшік мектептерде – 351). Оның ішінде, 149 түлек «Алтын белгі», 450-і «Үздік аттестатқа» үміткер (2021-2022 о.ж. – 174 АБ, 520 ҮА).

Қазіргі таңда білім басқармасы тарапынан кәсіптік бағдар беру бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, оқушылар, ата-ана, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы оқу жылында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев өңірімізге екі рет келіп мектеп бітіруші түлектер, ата-аналар, педагогтар арасында барлық аудан, қалаларда сегіз кездесу жасап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық қамтылған оқушы саны – 3750.

Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдарында осы жылғы қаңтар айында мектеп бітіруші түлектерден тәуелсіз тестілеу жұмыстары алынып, деңгейлерін анықтау бойынша тиісті шаралар қабылданды. Қазірге кезде сол тестілеуге қатысқан түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарына қосымша дайындау жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған іс-шаралар облыс әкімдігінің, білім басқармасының ресми интернет-ресурстарында тұрақты жарияланып отырады. Жоғары оқу орындарына түсу үшін биығы оқу жылындағы бітіруші түлектердің ұлттық бірыңғай тест тапсыруы басталды.

Биылғы жылдың қаңтар айында облыс бойынша 6272 түлек ұлттық бірыңғай тест тапсырып, бес мыңға жуығы шекті балл жинады. Наурыз айында 4943 талапкер тест тапсырып, 3609-ы шектік деңгейден өтті. Алдағы мамыр-маусым айларында өтетін тестілеуге алты мыңнан астам түлек қатысады деп күтілуде. Өткен  оқу жылында біздің аймақтағы түлектер үшін қосымша 6 мың нысаналы білім беру гранты тағайындалған болатын. Жұртшылыққа, мектеп түлектеріне ақпараттық-түсінік жұмыстары кеңінен жүргізілді.

Осы мақсатта жоғары оқу орындары өкілдерін қатыстыра отырып, 74  кездесуге қоса жиырма брифинг, жергілікті телеарнада 7 тікелей эфир өткізілді. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда «Кәсіптік бағдар» тұрақты айдары жұмыс жасады. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде облыс мектептерінің түлектері 2415 мемлекеттік грантқа, оның ішінде, 1021 нысаналы грантқа ие болды. Оның ішінде, педагогика ғылымдары саласына 693, инженерия, өңдеу және құрылыс салаларына – 129, ақпараттық технологиялар  мамандықтарына – 177, жаратылыстану ғылымдарына – 22 талапкер түсті.

Осы орайда, айта кететін мәселе – нысаналы грантты бөлуде ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын түлектердің, соның ішінде, шектік балл жинайтындар санының ескерілмеуі. Мысалы, былтырғы 7174 түлектің 6408-і (89,3%) ҰБТ тапсырып, 4624-і шектік балл жинады. Оның ішінде, нысаналы грантқа кірмеген медицина, мұнай және тағы да басқа салалар бойынша тапсырған талапкерлер бар. Талапкерлерге мемлекеттік білім гранты, нысаналы грант, жергілікті бюджет есебінен берілетін білім гранты, осал топтардан шыққан отбасы балаларына берілетін аудандық, қалалық деңгейдегі әлеуметтік гранттардан таңдау мүмкіндіктері ұсынылды.

Осылайша, бөлінген алты мың грантты жартылай игеру де мүмкін болмады. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылы аймақтың түлектеріне педагогика ғылымдары, инженерия, өңдеу, құрылыс, ақпараттық технологиялар салаларға сәйкес 1,5 мың қосымша мақсатты грант бөлінетіндігі жоспарланды. Осы мақсатта өңірімізде ақпараттық түсіндіру жұмыстары басталды. Сәуір айының 19-ы күні Маңғыстау ауданында, 20 сәуір күні Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласында, 21 сәуір күні Түпқараған ауданында  жоғары оқу орны өкілдері мектеп бітіруші оқушылармен кездесіп, кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді.

Осы шаралардың жалғасы ретінде, 22 сәуір күні Ақтау қаласындағы Достық үйінде еліміздің 42 жетекші жоғары оқу орындары қатысқан алты сағаттық үлкен көрме, кездесу ұйымдастырылды, қамтылған адам саны – 3250 адам (2550 түлек, 105 жоғары оқу орындарының өкілдері, 595 ата-ана, педагогтар). Шара аясында мектеп түлектеріне Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Тохтарбекұлы ұлттық бірыңғай тест сынақтарын тапсыру бойынша жаңалықтармен таныстырды.

Арнайы бағдарламамен Маңғыстау өңіріне Орал қаласынан келіп қызмет етіп жатқан жас педагог Әлібек Бақаев жастарға мотивациялық кеңес берді. ҚР Үкіметінің (23.01.2008 ж, № 58) қаулысы негізінде 2018  жылдан бастап, мемлекеттік білім беру гранттары республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінетіні баршаңызға белгілі. Осы орайда, 2018 жылдан бастап облысымызда жергілікті бюджеттен 875 білім беру гранты бөлінді, алдағы оқу жылына да 175 грант бөлініп отыр. Аталған білім беру гранты өңірге қажетті мамандықтарға бөлінетін болады.

Алдағы уақытта жүзеге асырылатын шаралар: жоғары оқу орындарының қатысуымен Маңғыстау облысы әкімдігінің қоғамдық коммуникация орталығының алаңында бірнеше күн бойы кестемен брифинг жоспарланды; университеттер ақпараттық буклеттерін мектептерге тарату жұмыстары жүргізіледі; мектеп бітіруші түлектерге жоғары оқу орындарын қатыстыра отырып офлайн және онлайн-кездесулер ұйымдастырылады; жоғары оқу орындары ақпараттық бейнероликтерін ұсынған жағдайда білім басқармасының  әлеуметтік желілердегі ресми бетшелерінде тұрақты жариялауға ниеттіміз.

Клара Қашқынбайқызы ҚҰЛАТАЕВА,
Білім басқармасындағы мектепке дейінгі
және жалпы орта білім бөлімінің басшысы,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий