Батыс Қазақстан облысы: Аншлагпен өткен ажарлы кеш

Облыс орталығындағы  “Атамекен” өнер ордасында Өнер мектебінің 30 жылдығына арналған мерекелік концерт және көрмесі өтті. 1993 жылы С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-лицей-интернаты жанынан 27 жыл мектепке басшылық еткен, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі» үшін медалі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, педагогика саласының ардагері Ерсайын Қадырұлы Сапаровтың тікелей бастамасымен көркемсурет класы болып ашылған өнер мектебіне биыл 30 жыл толып отыр, – деп хабарлайды осы аймақтағы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген талантты оқушыларға домбыра, қобыз, фортепиано, баян, прима-домбыра сияқты аспаптардың сиқырлы сазын меңгертіп, хореография, көркемсурет кластары бойынша әсемдікке, эстетикалық талғамға үйретіп, халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегері атанған Өнер мектебі – ұрпақ тәрбиесінде шоқтығы биік білім ордасы. Бұл сөзімізді кешегі аншлагпен өткен мерекелік кеш айғақтай алады. Он саусағынан өнер тамған талантты ұстаздардан тәлім алған талапты оқушылардың шығармашылық ой-қиялының жемісі – көрме жұмыстары келушілерді еріксіз таңдай қақтырды.
Рухты күймен арқаланған Халықаралық, Республикалық байқаулардың Бас жүлде иегері “Атамұра” үлгілі халық аспаптар оркестрі мен ұлттық аспаптарда жеке орындаушылардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Дарынды оқушыларымыздың орыс, белорус, басқа да халық шығармаларын ұлттық аспаптарда орындау шеберлігі жоғары деңгейде. Кештің ұлы Абайдың “Торы жорға” күйімен басталуында да үлкен символдық мән жатыр.
Халқымыздың сан ғасырлық ұлттық мұрасын ұлықтай отырып, оны өзге халықтар дәстүрімен шебер қиюластыра білу жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарыта отырып, көпұлтты мемлекетіміздің сан қырлы мәдениетін танып-білуге, құрметтеуге, өнер арқылы “адамзаттың бәрін сүюге” тәрбиелеу өнер ошағының басты миссиясы екенін ұғындырғандай. Мың бұралған бишілердің әрбір синхронды қимылдары мен нәзік те үйлесімді қозғалысы, әншілердің әсерлі де әсем әндері көздің жауын алып, құлақтың құрышын қандырды.
Жас өнерпаздардың жоғары деңгейдегі өнерлерінің артында табиғат берген талант пен ұстаздарының ұшан-теңіз еңбегі жатқаны сөзсіз. Келісті кештің құттықтау-марапаттау бөлімінде дарынды ұстаздар мен дарынды шәкірттердің бір шаңыраққа тоғысуына сара жол салған Ерсайын Қадырұлына БҚО Білім басқармасының басшысы А.Ә.Мыңбаева БҚО Білім басқармасының алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ көркемсурет класының оқытушысы Ж.Негметов пен домбыра класының оқытушысы Н.Садыхова БҚО әкімінің алғыс хатымен, баян класының оқытушысы Б.Кереев БҚО Білім басқармасының алғыс хатымен, Өнер мектебінің меңгерушісі З.Кусайнова, хореограф-педагог А.Тлеугалиев пен домра класының оқытушысы А.Кабдрахманова БҚО мәслихатының алғыс хатымен марапатталса, көркесурет класының оқытушысы Қ.Оразов, домбыра класының оқытушысы С.Жақыбалиев, домбыра класының оқытушысы З.Утепкалиева, домбыра класының оқытушысы Е.Каратаев пен педагог-хореограф А.Журалиеваға БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғыс хаты табысталды.
Өнер мектебінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагер-ұстаздар Еркингалиева Гульнара Казбековна мен Хаирова Мереке Есетовнаға БҚО Кәсіподақ ұйымының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен дипломы табыс етілді. Өнер мектебінің костюмері Д.Каматаева, хор класының оқытушысы А.Ахметгалиева, концертмейстер А.Луцко, педагог-хореограф Қ.Қадырбекова, домбыра класының оқытушысы Ә.Суингалиев пен қобыз класының оқытушысы Е.Қабдол БҚО Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. БҚО Білім басқармасы басшысы А. Мыңбаева Л.Садомсковаға Республикалық «Дарын» орталығының Құрмет грамотасы табыстаса, концертмейстер С.Дьячкова мен дәстүрлі ән класының оқытушысы А.Каиргалиева мектеп директорының алғыс хатымен марапатталды.
Өскелең ұрпақты өнерге баули отырып, білім мен тәрбие беріп келе жатқан өнер мектебінің ұлағатты ұстаздарына БҚО әкімінің ықылас гүлі табысталды. Өнерлі өрендердің саф өнері, биік мәдениет пен жоғары эстетикалық талғамға құрылған ажарлы мерекеде ине шаншар жер болмады. Қолдап келген мәртебелі меймандарға, ардагер, ұлағатты ұстаздарға, ардақты ата-аналар мен мектеп түлектеріне, барша көрермендерге зор ризашылық білдіріп, алғыс айтамыз. Өнер мектебі ұжымы мен дарынды шәкірттеріміздің дендеріне саулық, шығармашылық шалқар шабыт пен жарқын, жұлдызды сәттер тілейміз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий