Педагогикалық форум: Инновация, коллаборация және технология
Біздің білім ордасында «Мектеп – жоғары оқу орнынындағы ынтымақтастық байланысы: инновация, коллаборация және технология» атты педагогикалық форум ұйымдастырылып, бұл басқосуға облыстың, ауданның білім беру бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жаңашыл ұстаздар және жоғары оқу орындарының белді ғалымдары қатысты.

Басты мақсат – жалпы орта білім беретін мектептер мен ЖОО-ның ынтымақтастық байланысы негізінде мектеп мұғалімдері мен ғалымдардың бірлескен коллаборативті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы инновациялық технологияларды пайдалана отырып, білім сапасын арттырудың жаңа әдістемесін ұсыну. Педагогикалық форумды мектеп директоры Ардақ Төлепбайқызы салтанатты түрде ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Педагогикалық форум аясында Шу қаласы Төле би атындағы орта мектебі және Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлескен екі жақты меморандум аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының және Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгісінің иегері, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісінің иегері, «А.Байтұрсынов» атындағы алтын медальдің иегері, 2 дүркін ЖОО-ның үздік оқытушысы Бұзаубақова Клара атындағы дарынды оқушыларға арналған Кіші Академия ашылды.

Кіші Академияның лентасын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары – академик Клара Жайдарбекқызы және ардагер ғалым-ұстаз – Сейсекүл Исматова қиды. Мектепте ашылған академик Бұзаубақова Клара атындағы «Кіші Академия» оқушыларды сыни ойлауға дағдыландыра отыра, ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыруды көздейді. Академик Клара Жайдарбекқызы өзінің 500 жуық кітаптарын тарту етті. Педагогикалық форумда 5 педагогикалық алаң жұмыс жасады.
«Жас ғалымдар мінбесі» педагогикалық алаңда мектептің түрлі деңгейдегі облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өз ғылыми жобаларының тұсаукесерлерінің жасады, ғылыми жобалар шеруі өтті. Мектептің жас ғалымдары Нұрым Мақанғали, Осман Усаев, Бердаул Нұрмұхаммед өздерінің инновациялық жобаларының тұсаукесерін жасады. «Кіші академия» педагогикалық алаңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары – академик Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы, «Ұстаз» институтының директоры Джолдасова Орынқыз Көпбосынқызы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті Сейсекүл Исматова, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының доценті Нарима Бөрібайқызы Есенова Қазақстан Республикасында педагогикалық білім беруді жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстырды.

«Педагогикалық шеберхана» педагогикалық алаңында Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Раймбеков Қуат Оразбекұлы және Дулати университеті «Ұстаз» институтының директоры Джолдасова Орынқыз Көпбосынқызы Төле би атындағы орта мектебінің педагогикалық ұжымы дайындаған «Lesson Study – іс тәжірибедегі оқыту мен оқуды жетілдірудің тиімді жолы» оқу-әдістемелік құралының тұсаукесерін жасады.
Зерттеу жұмысы аясында құрылған фокс топтарға жетекшілік еткен мектептің шығармашылық топ жетекшісі, математика пәнінің мұғалімі Құрманбекова Гулбану Жұмабекқызы педагогикалық форумға қатысушыларды Lesson Study зерттеуін қолдану арқылы білім сапасын арттыру бойынша Төле би орта мектебінің инновациялық іс-тәжірибесімен таныстырды. «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер, сондай -ақ 11 сынып оқушылары арасында физика пәнінен халықаралық олимпиадасынан жүлделі ІІ орын алған мектептің мақтанышы Ауесхан Анельге, «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер Мұратхан Сұңқарбек «Үздік аттестатқа» үміткер Жұмахан Зереге «Академик Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы» атындағы атаулы сыйақыны академик Клара Жайдарбекқызы өз қолымен табыс етіп, жас ғалымдардың болашағынан үлкен үміт күтетінін ерекше тебіреніп жеткізді.

Облыстық, республикалық. халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары – Усаев Осман, Меделбай Асфендияр, Бердаул Нурмухамед, Калмахан Арсланхан, Таиров Амаль, Мақанғали Нұрым, Сәлімбек Динара, Қасымбек Адилия, Абдеш Айбарша, Букенбай Айдана арнайы төс белгімен марапатталды.
Ардақ Төлепбайқызы ДЖАНГАРАШЕВА,
Төле би атындағы орта мектептің директоры,
Жамбыл облысы, Шу қаласы