Сырттай саяхат: Дәстүрлі емес сабақ өткізу түрі
Қазіргі кезде дәстүрлі емес сабақ концепциясы оқыту әдістемесінде басты орынға ие, атап айтқанда, оқуды қызықты іс-әрекетке айналдыру, білім алушыларды әртүрлі іс-шараларға тарту, олардың танымдық белсенділігін ынталандыру, дағдылары мен қабілеттерін дамыту саяхат сабақ сияқты оқыту түріне мүмкіндік береді. Мұндай сабақтарда, әсіресе техникалық бағыттағы студенттер оқу мен нақты өндіріс арасындағы байланысты орната алады, өндірістегі нысандарды, технологиялық үдерістерді зерттей алады.

Саяхат сабақтарында көрнекілік, қол жетімділік, ғылыми, теория мен практиканың байланысы тәрізді дидактикалық қағидаларды жүзеге асыруға болады. «Мұнай және газ инжиниринг» бағытында оқитын студенттерге кенорындағы кәсіпшілікке тікелей сапар ұйымдастыруға әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан, мен өз сабақтарымда сырттай саяхат тәжірибесін жиі қолданамын және оның өзектілігі мен тиімділігін атап өткім келеді.
Сырттай саяхат сабағы – біз жеке қатыспай, сырттай не болып жатқанын бақылай алатын сабақ түрі, сабақтың бұл түрі әсіресе қашықтықтан оқыту түрінде де өте ыңғайлы. Оны сабақ мазмұнына байланысты шолу, тақырыптық немесе қорытынды түрде өткізуге болады. Мысалы, «Ұңғыма өнімдерін жинау және дайындау» пәні бойынша мен қорытынды сабақта сырттай саяхат маршруты мен нысаны ретінде Қаражанбас мұнай кенорнындағы орталық мұнай дайындау цехын алдым.
Алдын ала цех сызбасы мен онда орналасқан технологиялық аппараттар бойынша арнайы сызба жасап, жабдықтардың жанында сәйкес мамандар суретін салып, бейне және блиц-сұрақтар түріндегі және тағы да басқа тапсырмалар дайындадым, сонымен қатар, виртуальды маршрут бойынша сабақ басында студенттер берілген маршрутпен жүріп отырып, бірінші қауіпсіздік шаралары бойынша берілген блиц-сұраққа жауап беру арқылы цех ішіне «өте алады».
Әрі қарай жұмыс үдерісімен толық танысып, меңгеріп шығу үшін жабдықтар жанындағы мамандардың тапсырмаларын орындап отыру арқылы келесі технологиялық жабдыққа рұқсат алады. Бұл мақсатта мен цех ішіндегі кәсіпшілік жабдықтарының сызбалары мен техникалық сипаттамаларын қолдана отырып, «Жетіспейтін элементті көрсет», «Сәйкестендіру» тәрізді тапсырмаларды дайындадым, мысалы, мұнай тұндырғышының техникалық шамаларын сәйкестендіру немесе қыздырғыш сызбасында алдын ала алып тасталынған элементті атау.
Студенттер бұл тапрсырмаларды орындаумен қатар бейне сұрақтарға да жауап береді. Осылайша маршрутты жалғастырып, цехтан «шығатын» кезде бекіту сұрақтарына жауап береді. Жалпы дұрыс дайындықпен жасалса, сырттай саяхат сабақ ұзақ уақыт есте қалады, өйткені онда материалдың түпнұсқалық көрсетілуі, нақты жағдайларға байланысты мәселелерді шешудің құралдары мен әдістерін тәуелсіз іздеу және өздерін кәсіби маман орнына қоя алу ұсынылады, білімнің рөлін бағалау және олардың тәжірибеде қолданылуын көру, әртүрлі ғылымдардың өзара байланысын сезіну мүмкіндігі болып табылады.
Осылайша, сырттай саяхат сабақтың қорытынды сабақ ретінде жақсы өткізілетінін атап айтқым келеді. Пәнді қорытындылап аяқтау барысында оқытушы студенттермен бірлесіп көргендерін және естігендерін жинақтайды, жүйелейді, тақырып, бөлім бойынша оқығандардың жалпы жүйесіне қосады; ең маңыздысын бөліп көрсетеді, білім алушының әсерін анықтап, саяхат кезінде алған білімдерін бағалайды, сұрақпен тереңірек танысуға мүмкіндік беретін қосымша әдебиеттерді оқуды ұсынады, шығармашылық тапсырмаларды белгілейді.
Марал КАРАЖАНОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университетіндегі мұнай
химиялық инжиниринг кафедрасының
доценті, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Загрузка...