Байтұрсынов университеті: “Серпін” бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда

Байтұрсынов Университеті 2014 жылдан бері «Серпін–2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды. Осы уақыт аралығында университет 1000-нан астам жастарды мамандыққа үйретті. Биыл BU еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінен екі жүзге тарта талапкерлерді тартуды жоспарлап отыр, –  деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі. 
Мақсатқа қол жеткізу үшін Байтұрсынов Университетінің өкілдері бүгінде белсенді кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Университет қызметкерлері Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында болып, мыңдаған мектеп оқушыларымен кездесті. Тек Түркістан облысының өзінде 5 аудан орталығы қамтылды, 30 мектептің оқушыларына кәсіптік бағдар берілді. Ал Қызылорда облысындағы кездесуге 976 түлек жиналған.
Бұл кездесулердің барлығы университеттің жоғарыда аталған облыстардың білім басқармаларымен тығыз қарым-қатынасы мен ынтымақтастығы нәтижесінде мүмкін болды. Ал Атырауда Байтұрсынов Университетінің қызметкері Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысқан жоғары білім форумында болып, университет пен оның білім беру бағдарламалары туралы ақпарат берді.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің әлеуметтік желілерінде де кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілуде, ЖОО өкілдері облыстық телеарналардағы бағдарламаларға қатысып, «Серпін-2050» бағдарламасының артықшылықтары туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Бір сөзбен айтқанда, университет бұл сапардың барынша нәтижелі болуы үшін барлық мүмкіндікті пайдалануда.
Естеріңізге сала кетейік, «Серпін» бағдарламасының негізгі мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі (Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) ауыл жастарын кадр тапшылығы бар аймақтарда оқытып, жұмысқа орналастыру. Айта кету керек, өткен жылы серпіндіктердің жұмыс өтеу бағдарламасына өзгерістер енгізілді, енді олар Қазақстанның 11 облысының бірінде жұмыс орнын таңдау құқығына ие (бұған дейінгі талап бойынша оқу аймағында жұмыс істеулері керек болатын).
Сондай-ақ өтеу мерзімі де 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Тағы бір айта кетерлігі, BU-де «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған түлектердің 20 пайызы Қостанай облысында қалады. Бүгінде Байтұрсынов Университетіде педагогикалық, ауыл шаруашылық, техникалық, IT бағыттарда «Серпін» бағдарламасы бойынша 154 студент білім алуда.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий