Исатайы еді сыр елінің

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанға ерекше еңбек сіңірген қайраткер, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов туралы айтқанда ең алдымен ізеттілік, әділеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, мәдениеттілік, төзімділік, шынайылық сияқты жеті түрлі қасиеттері бойынан табылған нағыз толық адам болғанын естиміз.

«Барлық адамдарға мейіріммен қарауға тырыс, тіпті саған дөрекілік көрсеткендерге де сыйластық таныт. Оларды сыйлауға тұратын адам болғаны үшін емес, сен сыйлауға тұратын адам болғаның үшін», – деген екен дана Конфуций. Сыр еліне  танылған Исатай Әбдікәрімовті елі нағыз басшы деп таныды, сыйлады, құрметтеді. Бар саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған азамат облыс басшысы кезінде ел аралағанда, егістік көріп жүргенде ауылдағы қатардағы күрішшілер, малшы, сауыншылар ол кісімен жүздесуге, сәлемдесуге, сөйлесуге құмар болатын.

Жолда кездескен еңбек адамдарының үстінен өтіп кетпей, тоқтатып амандасып, жағдай сұрап, көңілдерін көтеріп, риза қылып кететін болған. Исатай ағамен кездескен қарапайым адамдар күні бүгінге дейін сол сәттерді сағынышпен еске алып келеді. Киелі Сыр топырағында дүниеге келіп, Ұлы Отан соғысынан от кешіп оралған Исатай Әбдікәрімов майданнан кейін ел тұрмысын түзеу жолында аянбай еңбек етті. Исатай Әбдікәрімов текті әулеттің ұрпағы. Ата-бабасы Сыр бойында ислам негіздеріне сай имандылық жұмыстарын атқарған.

1923 жылы 15 мамырда Жаңақорған ауданының Өзгент ауылында туған. 1952 жылы Қызылордадағы В.Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын, 1954 жылы КПСС Орталық комитетінің Жоғары партия мектебін, 1962 жылы Қызылорда гидротехникумын бітірген. 1935-1940 жылдары ауылшаруашылық техникумында, ауылшаруашылығы институтында оқыған. Еңбек жолын 1940 жылы Жаңақорған аудандық «Екпінді» газеті редакциясының әдеби қызметкері болып бастаған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Гвардиялық полк командирі, атқыштар бригадасының командирі болды.

1946-1948 жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген. 1949 жылдан бастап облыстық партия комитетінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1953-1955 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық Кеңесі атқару комитетінің хатшысы болған. 1955 жылдан Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қармақшы өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған.

1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1978-1979 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумының Төрағасы. Исатай Әбдікәрімов КПСС ХХІV съезінің делегаты, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, Құрмет белгісі ордендерімен және СССР медальдарымен марапатталған. 1993 жылы «Көп екен көргенімнен көрмегенім» атты кітабы жарық көрді. Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр Адамы» құрметті атағына ие болды. Қай қызметте жүргенде де өзінің қайраткерлік қабілетін көрсете білді. Исатай Әбдікәрімов 2001 жылы 7 сәуірде дүниеден өтті.

Исатай Әбдікәрімов өмірден өткен соң «Дүниеден ғажайып бір жан өтті» атты естеліктер кітабы (2002 ж.) шықты. Исатай Әбдікәрімов облысты басқарып тұрғанда Өзбек ССР-на қарайтын көршілес, бауырлас Қарақалпақ автономиялық Республикасымен бауырластық қарым-қатынас орнатты. Қарақалпақ автономиялық Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Қалибек Камаловпен сыйлас дос болды. Екі ел арасында мәдениет, әлеуметтік, шаруашылық байланыс орнатып, барыс-келіс жиіледі, туысқандық, бауырластық байланыс орнатылды.

Жүрегі таза, жақсылық үшін жаратылған текті жандар – шамға ұқсайды. Өйткені шамның жарығы айналасындағыларға тегіс жарық шашады. Сондай-ақ жақсы адамдар – жеміс ағаш сияқты. Басқалар оның тәтті жемісіне таласып, ырзығын пайдаланады. Исекең осылай айналасын жан шуағымен жылытқан, аты аймақ тарихына алтын әріптермен жазылған кемеңгер тұлға еді. Парасат пайым биік, тау тұлғаның жарқын бейнесі, оның адамгершілікке толы бекзат болмысы ешқашанда ұмытылмайды, елімен бірге мәңгі жасай береді. Қысқа ғана ғұмырында жамандық пен жауыздықтан жиреніп, жақсылықпен, адамгершіліктің жолымен жүріп өмір кешті. Халқы сенді, сыйлады.

Аспады, таспады, елдің жағдайымен санасып, мұң-мұқтажын ойлады. Оған пана болды. Өзіне қастық жасаған адамның есігін күліп ашты. . КСРО Бас хатшысы Леонид Брежневтің орынбасары болды, онымен бір кабинетте отырды. Сырдың топырағын кешіп өскен қазақтың қара баласы Мәскеуде Кремльдің төрінен осылай орын алған. Бұл зор мәртебе Алланың сыйы еді. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына айрықша үлес қосқан, қазақ елін әлемге танытқан, үш мәрте Еңбек Ері атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен қызметтес болып қатар жүруі, осындай біртуар кемеңгердің сеніміне ие болуы, оның азаматтығы, адами қасиеті, білімі мен біліктілігі азаматтың біртуар тұлға екенінің дәлелі.

Жетпіс жылдан астам уақытқа созылған Кеңес дәуірінде Қызылорда облысын 20-ға тарта басшы басқарған. Солардың ішінде облыс тізгінін ұзақ ұстап, ел алдында сіңірген еңбегі үшін облыс жұртшылығының ерекше сүйіспеншілігіне ие болған тұлғалардың бірегейі – Исатай Әбдікәрімов еді. Исатай Әбдікәрімов Мәскеуге дейін беделін салып Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалын, бұрынғы күріш тәжірибе станциясының базасындағы Жақаев атындағы Қазақтың Күріш ғылыми зерттеу институтын ашқызды.

Ауылды дамытуға, көркейтуге пәрменді шаралар жасады. Қызылорда облысы бүкіл Кеңестер  Одағы бойынша күріштің 25 пайызын өндіріп, ырысты, күрішті Қызылордаға айналды. Бұл кісінің қолдауымен ондаған шаруашылық басшылары, күрішшілер, малшылар, механизаторларға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Халықтың тұрмысы жақсарды. Өзінен кейінгі облыс басшыларына киелі өңірдің қарқынды дамуына жол ашып, артында жақсы із қалдырды. Исатай Әбдікәрімов мақтауға, мадақтауға, ол кісінің атымен мақтануға нағыз лайықты, тау тұлға.

Ел экономикасының қалыптасуына, халық­тың мәдени-рухани өміріне өлшеу­сіз еңбек сіңіріп, артында із қалдырған тұлғаға Қызылорда қаласында кеңестік дәуірден мамандар ұстаханасы атанған  оқу орындарының бірі – аграрлық-техникалық колледжіне Исатай Әбдікәрімов есімі берілсе, Социалистік Еңбек Ері, белгілі қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің 90 жылдығына орай 2014 жылы 7 маусымда туған жері Жаңакорған ауданы Қожакент ауылындағы орта мектепке оның есімі беріліп, кеудемүсіні ашылды.

Комсомол-партия қызметтерінде жетекшілік жасап, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі лауазымды басшылық қызметтер атқарған, биік-биік мінбелерден көрініп, ел басқару ісі мен ірі шаруашылық жұмыстарының бел ортасында жүрген Исатай Әбдікәрімовтің есімі ана дәуірде де, тәуелсіздік тұғырына қонып, құндылықтар өзгерген осы дәуірде де халқының жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Нұрхан Боранбекұлы АБДИКАЛИКОВ,
Б
ілім басқармасындағы оқу орталығының
(әдістемелік кабинет) техникалық және кәсіптік
білім бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий