187 мың көшет отырғызылды
Бейіндік ведомства ұйымдастырған экологиялық акцияға еліміздің жеті мыңнан астам орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Олардың қатарында педагогтер, ата-аналар, оқушылар мен студенттер, сондай-ақ Оқу-ағарту министрі, Экология және табиғи ресурстар министрі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары бар.

Естеріңізге сала кетейік, «Жасыл мекен» республикалық челленджі Астана уақытымен сағат 12:00-де басталды. Ақмола облысының №1 Қоянды мектебінің оқушыларымен бірге көшет отырғызуға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қатысты. ҚР Оқу-ағарту министрі республикалық іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, оқушыларды қоршаған ортаны қорғауға, еңбекқорлыққа шақырды.
– Бұл челлендждің негізгі мақсаты – барлық Қазақстан мектептеріндегі оқушыларды, ұстаздарды табиғатымызды аялауға, оны қорғауға және ең бастысы еңбекқорлыққа баулу. Көшет, жасыл-желек отырғызып біз еңбектенуді, туған жерге жанашыр болуды үйренеміз. Бұл дәстүрлі шараға ұласып, қоғам үшін үлгі болуы тиіс, – деді жиналғандар алдында сөй сөйлеген Ғани Бектайұлы. Айта кетейік, экологиялық мәдениетті дамыту мен туған өлкенің табиғатын аялауға негізделген челлендж аясында ел бойынша бір жүз сексен жеті мың көшет, 150 мың гүл егілді.
Іс-шараға 9,10 және 11 сыныптардан жеті жүз елу мыңға жуық оқушы қатысты. Челленджге атсалысқан 25 мыңға жуық педагог жас ұрпақты еңбекқорлыққа баулып, оларға үлгі көрсетті. Биылғы бұл экологиялық акция #оқуағарту #заботаоприроде #посадкадерева #жасылмекен #еңбекқорлық жалпы хештегімен ұйымдастырылған болатын.
Загрузка...