“Көкжиек-Горизонт” баспасы: Ел руханиятына қосылған үлес
«Көкжиек-Горизонт» баспасы үйі ‒ еліміздегі кітап өндірісімен айналысатын компаниялардың ішінде өзіндік орны мен беделі және 15 жылдық іс-тәжірибесі бар мекеме. «Көкжиек-Горизонт» баспа үйі қызметінің маңызды бір бағыты ‒ орта мектептерге арналған қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірлеп, салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуге өзіндік үлесін қосып келеді. Сонымен қатар қазақ ғылымы мен мәдениетінің тарихи-гуманитарлық мұрасын насихаттаумен айналысады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелдену көзі. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес», – деп, кітап оқудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында (22.10.2020 ж) берген тапсырмаларын іске асыру негізінде «Мектеп жасындағы (6-18) балалардың оқуына ұсынылатын әдебиеттер тізбесі» дайындалып, былтырғы шілде айының 26-ы күні бекітілді.
Еліміздің баспалары мен баспа орталықтары «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша балалардың әдеби талғамын қалыптастыру, кітап оқу белсенділігін арттыру, мектеп кітапханаларының қорын толықтыру, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту мақсатында балалар мен жасөспірімдер үшін отандық және шетелдік әдеби шығармалардың қайта басылымдарын әзірлеуде. Сөз өнері, яғни әдебиет ұлттық. Сондықтан да оқырманға өз ұлтының классикасын оқу, яғни оның жан дүниесіне жақындау көбірек әсер ететіні анық.
«Көкжиек-Горизонт» баспа үйі ұлттық болмысқа сай келетін шығармаларды оқу – адамның рухани жағынан сау, рухының күшті болуының, жалпы, өміршең азамат болып өмір сүруінің бірден-бір шарты деген қағидатты ұстанады. Үстіміздегі жылы поэзия жанрында: Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметтер». А. Жүйнекидің «Ақиқат сыйы», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Асыл сөз», Ахмет Байтұрсынұлының «Маса. Қырық мысал», Төлеген Айбергеновтің «Өлеңдер жинағы», Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің топырағым», С. Рахметұлының «Түске оранған күз», Әмірхан Балқыбектің «Сынған сәуленің шағылысуы», Ұ. Дәлейұлының «Қанымдағы қасқыр иісі», Ж. Қазымұратұлының «Қара ала сырмақ», А. Исәділдің «Тәртіпті бала»; проза жанрында: Бауыржан Момышұлының «Адам қайраты», М. Тиесовтің «Ананың асыл арманы», Ж. Біләлұлының «Қиян шет» (2 том) шығармаларын дайындап, мектеп кітапханасына, 6-18 жастағы оқырмандарға ұсынбақ.
Бұл топтың құрамында сонымен қатар Ж. Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» (3 том), Дулат Исабековтің «Ай-Петри ақиқаты», Тұрсын Жұртбайдың «Болашақтың бәйтерегі», Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері», Т. Сұлтанбекұлының «Сасырдың сүті» және «Ғажайып планета» (фэнтези); драма жанрында: Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн» және «Аққұс туралы аңыз»; танымдық әдебиеттерден: Тұрсынбек Кәкішұлының «Сәкен аялаған арулар», Ілия Жақановтың «Аққулар қонған айдын көл», Т. Жұртбайдың «Дулыға» (2 том) және «Құнанбай», Дандай Ысқақұлының «Абай тағылымы», Ә. Балқыбектің «Қасқыр Құдай болған кез» сынды танымал қаламгерлердің таңдамалы туындылары да бар.
Қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезовтің «Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу» және Жүсіпбек Аймауытовтың «Әдебиет – ұлттың жаны» дегеніндей, еліміздің жарқын болашағы үшін жастардың білімді, саналы, дарынды ұрпақ болып шығуына үлес қосуға шақырамыз.
Нұрсұлу ҚҰРМАНБЕКҚЫЗЫ,
доцент, филология ғылымдарының кандидаты