Студенттік ұйымдар: Қоғамдық жұмыстардың білім алудағы маңызы

Біздің жастарымыз өз құндылықтар жүйесін қалыптастыру сатысындағы ерекше әлеуметтік жаңашыл күш. Қазіргі қоғамның оларға деген жалпы мәдени және кәсіби талаптарды арттыруы жастардың өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі дамыту қажеттігін туғызады. Қазіргі әлемде студенттің академиялық қатысуы жеткіліксіз, сондықтан университет өмірінің басқа салаларына да назар аударылуы керек.

Сараптамалық қабілеттерді дамыту үшін оқумен және зерттеумен қатар студенттердің белсенді өмірі маңызды екендігі анықталып отыр. Түрлі ұйымдарға, университеттік жарыстарға, олимпиадаларға, квесттерге және басқа да акцияларға қатысып, кәсіби қауымдастықтармен байланыста болу керек. Студент университеттің оқудан тыс жобаларына неғұрлым көп енгізілсе, оның сыни ойлау деңгейі соғұрлым жоғары болады, ол, сәйкесінше, академиялық және кез-келген басқа жетістіктерге әсер етеді.

Осы мақсатта біздің жоғары оқу орнында бірнеше қоғамдық ұйым жұмыс істейді, оның бірі өзім жетекшілік ететін SPE ұйымы, яғни ол-мұнайшы инженерлер қоғамының (Society of Petroleum Engineers) қысқартылған атауы. Бұл қоғамның негізгі мақсаты мұнай мен газды барлау және өндіру саласындағы білімді жинақтау және тарату, ілеспе технологияларды дамыту, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы жаңа ашылу мен технологиялар туралы шетелдік әріптестермен, кәсіби мамандармен ақпарат пен тәжірибе алмасу болып табылса, студенттік ұйымның негізгі мақсаты-қоғам пайдасы үшін барлық ресурстарды өндіруге қатысты техникалық ақпаратты жинау және тарату, сондай-ақ өз мүшелерін жоғарыда аталған салаларда жеке және кәсіби өсу мүмкіндігімен қамтамасыз ету болып табылады.

Әрбір жаңа оқу жылына жоспар жасалып, ұйым мүшелері ол шараларға белсенді ат салысады. Ағымдағы оқу жылын өңірдегі ірі Жетібай мұнайгаз кенорнына саяхатпен бастап, ол жердегі кәсіби мамандардың жұмысын көріп, дәрістерін тыңдаумен бастады. Және жыл бойы мерзімді түрде өндіріс мамандарын университетке шақырып, қонақ дәрісін ұйымдастырып отырдық, мақтанышпен атап өтерлік жайт, ол дәріскер қатарында осы ұйымда болған өзіміздің түлектеріміз де жиі болып тұрады.

Студенттеріміз ғылыми-зерттеу жұмыстарына, зияткерлік ойындар ұйымдастыруға, ғылыми конференцияларға да өз үлестерін қосып отырды. сонымен қатар қайырымдылық бағытта да үнемі белсенділік көрсетеді. Жастарымыз жуырда ғана халықаралық «Petrobowl» техникалық олимпиадасына қатысса, кейбір бітіруші түлектеріміз өңірдегі «Stratum-CER» компаниясы, «КазНИПИ» ғылыми-зерттеу институты мамандарымен бірнеше рет кездесіп, жұмысқа қабылдану бағытында жұмыстануда.

Біз, сонымен қатар, университетімізді тәмамдап, осы ұйымда белсенділік көрсеткен, қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі Лондон Империя колледжі, Бирмингем университеті тәрізді  белді оқу орындарында білімін жалғастырып жатқан түлектерімізді да мақтан етеміз. Жалпы, университет қабырғасында құрылғанына сегіз жыл болған аталмыш ұйыммен бірге өткізген тәжірибем көрсеткендей, университеттің академиялық емес өміріне қатысу студенттерге олардың өзін-өзі бағалауы және студенттік өмірге қанағаттану сезімінің  артуы тәрізді елеулі бонустарды бере отырып, оларды ынталандырады.

Демек, білім беру нәтижелеріне оң әсер етеді. Студенттерде топтық жұмыс және жауапкершілік, коммуникативті стратегиялар мен көшбасшылық дағдылар дамиды, олардың әлеуметтік капиталы тек бірге оқитындармен ғана емес, сонымен қатар академиялық, кәсіби қауымдастықтармен байланыс түрінде жинақталады.

Марал КАРАЖАНОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар
және инжиниринг университетіндегі мұнай
химиялық инжиниринг кафедрасының доценті,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий