Кәсіподақ қолдауы: Сананы серпілткен саяхат

Биылғы көгілдір көктемнің алғашқы айы қазыналы Қарағанды аймағындағы көптеген білім қызметкерлері үшін күтпеген тарихи саяхатпен басталды. Ашып айтқанда, ұрпақ санасына білім нәрін сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаздар қауымы Рамазан айының алғашқы күндерінде сан ғасырлық тағылымды тарихы бар  оңтүстік аймақтың тарихи жерлеріне ат басын тіреді. Оның ішінде Шет ауданынан екі ұстаз болғандығын баса айтқым келеді. Үш күнге созылып, сананы серпілткен саяхат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Жолдама алған жандармен бірге түркі әлемінің рухани Астанасына айналған киелі Түркістан шаһарына соғып, Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи сынды алып тұлағалардың көрікті кесенелерін аралап, рухтарына тағзым еттік. Сонымен қатар, шырайлы Шымкент қаласындағы көркі көз арбайтын  сұлу орындарда болып, бағзыдан келе жатқан бабалар мұраларын қызықтадық. Бөктері өзгелерге қарағанда бұрынырақ гүлге оранып, таңғажайып табиғаты таңдай қақтырмай қоймайтын оңтүстік аймағы мен Түркістан қаласында жасанды көлдің үстінде қойылған “Қыз жібек пен Төлеген” спектаклі көрген жанның есінен көпке дейін кетпейтіні белгілі.

Осы орайда, ұстаздар қауымына осындай көтеріңкі көңіл-күй, есті естелік қалдырған саналы саяхат ұйымдастырған  “Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігіне және ауданымыздағы білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Биғожин Қайрат Ерболатұлына аса зор алғысымызды білдіреміз. Ұстазын құрметтеген елдің болашағы жарқын, ұрпағы ұлағатты болмақ. Алдағы уақытта да мұндай игілікті істердің жалғасын таба беруіне тілектеспін!

Серікбол Дәулетұлы ТӘЖІБЕКОВ,
Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп
гимназиясының мұғалімі, Қарағанды облысы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий