Әбіш оқулары: Республикалық ғылыми – шығармашылық байқау қорытыланды
Қазақстанның Еңбек ері, халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлық иегері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбайұлының маңғаз өлкеміз Маңғыстау топырағында еліміздің әр аймағынан жиналған ұлттық әдебиеттің биігіне самғар жас дарындар арасында биылғы мамыр айының 11 – 12 күндері аралығында республикалық Әбіш оқулары» ғылыми – шығармашылық байқауы өтті.

Еліміздің әр аймағанан келген оқушылар мен жетекшілерді теміржол вокзалынан облысымыздың аудан, қаласынан жауапты мамандар салтанатты түрде қарсы алды. «Әбіш оқулары» ғылыми – шығармашылық байқауы 2018 жылдан бастап республикалық деңгейде дәстүрлі түрде тұрақты өткізіліп келеді. Әбіш әлемі – ізгіліктің, адамзаттық гуманизмнің, парасат-пайымның биігінен орын алған өзгеше әлем. Қазақ әдебиетінде ұлы суреткер, публицист, қоғам қайраткері, саясаткер, тарихшы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан мәнерлеп оқу, зерделеу жоба байқауы, иллюстрациялық сурет салу, сахналық қойылым бағыттары бойынша ұйымдастырылған дүбірлі байқауға 154 оқушы қатысып бақ сынады.
Бұл байқаудың басты мақсаты оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, өз қатарластарымен бірдей мүмкіншілік жағдайда шығармашылық деңгейлерін салыстыру арқылы үздік жеңімпаздардың есімін анықтау және талантты жастардың шығармашылық әлеуетін дамытып, шеберлігін шыңдау. Жазушы шығармаларының кейіпкерлерінің жан дүниесін, күйзелісін, қуанышы мен азабын сахына төрінде көрсету , мәнерлеп оқу немесе ақ қағазда бояумен бейнелеу жеңіл тапсырма емес. Байқауға қатысушылар осы сыннан жастарына қарамай сүрінбей өтті.

Мысалы, жазушының шығармаларына иллюстрация салу сынында жеті жүлделі орындарға ие болған оқушылар композиция заңдылығын, сурет салу деңгейлерін, түс таңдау шеберліктерін және ұқыпты орындау қабілеттерін жақсы жағынан көрсетті. Бұл жүлдеге үміткер суретші оқушылар жазушы шығармаларын түсініп оқып, ой елегінен өткізгендерінің нәтижесі. Қазірдің өзінде жазушының кітаптарын безендіруге лайық суреттер салып қазылар алқасының талабына сай шықты. Жүлдеге ілінбеген оқушылар да келесі бәйгеде бақтарын сынау барысында биылғы байқауда қалт жіберген қателіктерін түзейді деп ойлаймыз…
Ұлтымыздың болашағы бұгінгі жас ұрпақтың қолында. Саналы, шығармашыл, елжанды, бәсекеге қабілетті азаматтар тәрбиелеу қазіргі қоғам сұранысы. Осы қажеттілікті толтыратын шаралардың бірі осындай оқушылар арасындағы шығармашылық байқау, бәсекелер … Ұлы жазушыларымыз, талантты математиктеріміз, дарынды композиторларымыз бен суретшілеріміз атындағы байқаулар жалғасын таба берсін деп тілейміз! Қорыта айтсақ, Ә.Кекілбаев атындағы Ақтау қаласында өткен республикалық оқушылар байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Қазылар алқасы байқаудың барлық жанрларында оқушыларға әділ баға берді….

Байқаудың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өткендігі соншалық, көрермен қауымның көз алдына ауқымы алапат, көкжиегі көз жетпейтін, теңізден терең, таулардан биік Әбіш әлемін елестеткендей болды шіркін! Аталған шараға Қазақстан Республикасы Оқу – ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми – практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов, Маңғыстау облысы білім басқармасының қызметкерлері, Әбіш Кекілбаевтың туысқандары, республикаға танымал мәдениет саласының үздіктері, профессорлар қазылар алқасы, қатысушылар мен жетекшілері, республикалық және аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жазушы Әбіш бүкіл саналы ғұмырын, еселі еңбегін туған халқына арнады. Байқау ережесіне Әбіш Кекілбаев шығармаларынан мәнерлеп оқу бағыты бойынша ұлттық құндылықтар, ел, туған жер, адамгершілік, махаббат, өнер тақырыптарын баса назарда ұстауды жөн көрдік. Қаламгердің жүрдек қаламынан туған мол рухани дүниені театр тіліне келтіріп, сахнада ойнау оңай емес дүние. Әбіш Кекілбаевтай сөз зергерінің туындыларын қатысушы оқушылар сахнада ойнағанда, кез келген шығармасы жарқырап кететіндігіне дүйім жұрт куә болды.

Әбіш Кекілбаев қазақ шежіресі мен аңыздарына мұқият пайдаланып, халық игілігіне жарата білген. Сол заңғар жазушының зерттеулері көптеген зерттеушілерге үлкен сый болғандығы ақиқат. Мамырдың 12-і күні байқаудың жабылу салтанаты Ақтау қаласының көрікті жерінде орналасқан «Гранд Нұр плаза» қонақ үйінде өткізіліп, байқаудың таңдалған төрт бағыты бойынша 56 оқушыға I, II, III жүлделі орындармен марапатталды. Жеңімпаз үздіктерге Қазақстан Республикасы Оқу – ағарту министрлігі атынан дипломдарға қоса «Меломан» кітап дүкенінің сертификаттары табысталды.
Сонымен қатар «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық байқауында «Ең үздік команда» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды Жамбыл облысының командасы, екінші орынды Түркістан облысының командасы, үшінші орынды Маңғыстау облысының командалары иеленді. Топжарғандар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ә. Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу бағыты бойынша бірінші орын – Мырзахан Айша (Жамбыл облысы).

Екі екінші орын – Советханова Гауһар (Шығыс Қазақстан облысы), Балтабек Шұғыла (Түркістан облысы); төрт үшінші орын Олжатаева Аяжан (Ұлытау облысы), Баталина София (Қарағанды облысы), Бауыржан Азиза (Павлодар облысы), Калиакбар Хадиша (Алматы қаласы). Ә. Кекілбаевтың шығармаларын (прозасы, поэзиясынан) мәнерлеп оқу бағыты бойынша бірінші орын – Жүзбай Алдияр (Жамбыл облысы), екі екінші орын – Анарбеков Жолдасбек (Қостанай облысы) мен Хайрулла Рүстем (Маңғыстау ауданы, Онды ауылы); үш үшінші орын – Таңжарыққызы Іңкәр (Павлодар облысы), Бердалиева Ақерке (Түркістан облысы), Саят Сезім (Қарағанды облысы), Бектенов Ханкелді (Алматы қаласы).
Ә. Кекілбаев шығармаларынан сахналық қойылым бағыты бойынша бірінші орын – Төремұрат Диляра, Бейбітұлы Бейсенбі, Нұралы Нұрайым, Азамат Айша, Нұрсайын Еркебұлан (Батыс Қазақстан облысы); екінші орын – Батырбекова Диляра, Төкенова Назым, Түлкібаев Әділет, Айболатов Бекзат, Айтбаев Алишер (Ақтөбе облысы) және Аманкулов Мадияр, Мирасқызы Альбина, Рысбек Арайлым, Алимкулов Дамир, Ізтілеу Нұрдаулет (Маңғыстау облысы).

Төрт үшінші орын – Капсаликова Дильназ, Қонысбек Ақгүлім, Бейсен Аңсар, Сардар Диас, Асқаров Акбар (Қостанай облысы) мен Тұрсынханов Мұхтархан, Сартаев Қаныбек, Сапаралы Айдос, Егизбай Өмірзақ, Буранбай Ақжүніс (Түркістан облысы) және Шалабай Мағжан, Нұрмахан Таңатар, Мақұлбек Амина, Әзімхан Ақсезім, Әліпбай Айғаным (Жамбыл облысы), Мадияров Олжас, Токтаров Темирхан, Кенже Абдулла, Кеңесбай Нұрпатша, Әбділда Мархаба (Алматы қаласы). Грамота иегерлері – Теміржан Нұрбек, Амангелді Нұрдәулет, Қандыбекқызы Нұрлыгүл, Кенжеболат Сәбит, Жалғас Сырға (Атырау облысы); Серікқазиева Жансая, Болатбек Нұртас, Қасымова Жанар, Болатов Әлимұхамеднұр, Шерниязданов Еркебұлан (Абай облысы).
Ә. Кекілбаевтың шығармалары бойынша зерделеу жоба бағыты бойынша бірінші орын Бақтыбай Назерке (Маңғыстау облысы); екі екінші орын – Тульбасова Асел (Түркістан облысы) мен Марат Медина (Абай атындағы РММИ), төрт үшінші орын Альтен Бекзат (Батыс Қазақстан облысы), Жұмабай Таңшолпан (Маңғыстау ауданы Онды ауылы), Еділов Айталы (Атырау облысы), Кенжебай Қарақат (Алматы қаласы).

Бұл байқау заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын насихаттаумен қатар өнерге, әдебиетке құмар жастардың талант қырларын ашуға мүмкіндік беретін, жалғасын табуды қажет ететін шара екенін дәлелдеді. Әбіш ағаның еңбегін насихаттап, ұлы қазынасының молдығын танытқан іргелі ел байтақ жұрт екенімізді көрсете білдік. Алдағы уақытта Әбіш ағаның 85 жылдық мерейтойын төрт көзіміз түгел бірге атқаруды жазсын! Әбіш ағаның киесі мен иесі – қазақ елі аман болсын!

Несібелі Қыдырғалиқызы ҚУАТОВА,
“Дарын” облыстық қосымша білім
орталығының директоры, Маңғыстау
облысы, Ақтау қаласы