Шығармашылықты дамытуға басымдық беріледі

 

Елордасындағы орталық коммуникациялар қызметінде мамыр айының 25-і, яғни бейсенбі күні ұйымдастырылған арнайы брифингте еліміздегі белді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани БЕЙСЕМБАЕВ жазғы демалыс кезінде балалардың демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру туралы баяндап берді.

Бейіндік ведомства жетекшісі биыл жазғы демалыс және сауықтырумен 1-10 сынып оқушылары қамтылатынын айрықша атап айтты. Екі миллирн сегіз жүз мың баланы құрайтын бұл топтың 500 мыңнан астам жекелеген санаттағы ұл-қыздар екен. – Қазіргі таңда жазғы лагерьлерде балаларды қабылдауға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде және аяқталуға жақын. Каникулды асыға күткен балаларымызға еліміздегі қала сыртында 218 және он мыңнан аса мектеп жанындағы профильдік және шатырлы лагерьлер кәсіби қызметтерін көрсетеді.

Сонымен қатар оқушыларға дәстүрлі және мәдени құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін этноауыл, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобаларын іске асыру, жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептерінің жұмысын жүйлі түрде жоспарлы жүргізу нақты көзделген, – деді еліміздің бас ұстазы. Сондай-ақ жаз мезгілінде балалардың уақытын, оларды жан-жақты шығармашылық және интеллектуалдық дамуын пайдалану үшін 11 мың үйірме қызмет көрсетіп, «Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде шәкірттердің көгалдандырумен шұғылдануына мүмкіндіктер қарастырылады.

Министрдің айтуынша, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын балалар, сондай-ақ оқу үздіктері демала алады. Спикер ұсынған ресми мәліметке сүйенсек барлық деңгейдегі әкімдіктер жергілікті бюджеттен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 94 миллиард теңге бөлгендері туралы жоғары атқарушы билікке есеп берген екен.

«Қазақстан халқына» қоры осы министрліктің ұсынысын қолдап, еліміздің үздік сауықтыру орталықтарына ауылдық жерлерден жиырма мың дарынды, талантты, оқуда үздік атанған балаларды жіберуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Балалардың қала маңындағы жазғы лагерьлерде демалуынан өзге, басқа да форматтардағы да тынығу, сауықтыру шараларын ұтымды ұйымдастыру бағытындағы жоспарлар бар. – Жаз айларында 1,5 миллионға жуық оқушы қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелерге қатысады. Бір жүз сесен сегіз мыңнан астам бала киелі жерлерге саяхаттап барады. Жиырма бес мың білімгер спорттық-жаттығу жиындарынан өтеді, ал тағы 211 мың шәкірт тіл курстарымен қамтылмақ, – деді Ғани Бектайұлы.

– Балалардың жазғы демалысын сапалы және қауіпсіз өткізу үнемі министрліктің ерекше назарында болады. Жазғы каникулды балалар үшін әсерлі әрі мазмұнды өткізу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдарда білім беру ұйымдарын, педагогтерді, ата-аналарды, жалпы барлық қоғамдастықты бірлесе күш жұмылдыруға және балалардың жазғы демалысынының жайлы да жақсы жұмылдырылуына жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий