Дулати университеті: Менделеев университетінің филиалы ашылады

М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің базасында Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылады. Бұл туралы Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссия отырысында белгілі болды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі, кіші комиссияның тең төрағасы Қуаныш Ерғалиев, РФ Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары, кіші комиссияның тең төрағасы Константин Могилевский және еліміздің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Кездесу аясында Дулати университетінің базасында Д.И.Менделеев атындағы РХТУ филиалын ашу мәселелері талқыланды.

Үш тараптың дайындық жұмыстары пысықталды. Атап айтсақ, ғимараттар мен оқу үй-жайларын бөлу, қажетті оқу-зертханалық жабдықтарды сатып алу, ғылыми-әдеби базамен жарақтандыру, екі тараптың да құқықтарын белгілейтін құжаттарды, лицензиялау рәсімдерін сәйкестендіру және РХТУ филиалы үшін білім беру гранттарының құнын бекітуге қатысты өзара келісімдер жасалып, шешім қабылданды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда беделді шетелдік университеттердің кемінде бес филиалын ашу туралы міндет жүктегенде Дулати университеті бірден осы сұрақтың жауабын іздеп, оқу орнының материалдық базасы мен оқытушы-профессорлар құрамының әлеуетін саралай бастаған болатын. Қаңтар айында Дулати университеті, Д. И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және еліміздегі химия өнеркәсібінің негізгі жұмыс берушісі «Қазфосфат» ЖШС арасында «Қос диплом» бағдарламаларын іске асыру бойынша білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалды», – деді Дулати университетінің Басқарма төрағасы-Ректоры Мұхтар Байжұманов.

Жиын қорытындысы бойынша жаңадан құрылған филиалға қабылдау науқанын жүргізіп, оқу процесін 2024 жылдың қыркүйегінен бастау тапсырылды. 2023 жылдың 29 мамырында Дулати университетінде РХТУ өкілдігінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Бұл іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен академиялық қоғамдастықтың, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия технологиялық университетінің  өкілдері қатысады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий