Олжас оқулары: Жауһар жыры жастар жадында

«Адамға табын, жер, енді!», – деп жырлаған қазақтың мақтанышы, ұлы тұлға, лицейіміздің түлегі Олжас Омарұлы Сүлейменов биылғы мамыр айының 18-і күні 87 жасқа келді. Ардақты ақынның туған күніне орай үлкен біздің білім шаңырағында оффлайн-онлайн іс-шара ұйымдастырылды. Жыл сайын жауһар жырымен жұртының жадында жүретін қоғам қайраткері түлеп ұшқан алтын ұя мектебіміз мерейлі мерекеден шет қалмай дәстүрлі «Олжас оқулары» арқылы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп келеді.

Бұл жолы да  ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Айсұл Темірғалиқызы Медетбекованың басшылығымен оқушылар арасында Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына арналған «Олжас оқулары»  байқауын өтті. Байқауға мегаполистегі мектептерден оқушылар онлайн қатысса, лицей оқушылары оффлайн түрде тамашалады. О. Сүлейменовтің шығармашылығы арқылы жас буынның ұлтқа, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, қаламгерлеріміздің туындыларына қоғамның көңілін аудару, жан-жақты таныстыру.

Шәкірттерді сөз өнеріне баулу, көркем мәтін әлемінің терең мағынасын түсінуге үйрету,  мәнерлеп оқу арқылы өзінің ойы мен сезімін сезіну, ақын туындыларын насихаттап жүруге шақыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шара оңынан іске асты. Ақын жанды оқушыларымыз қабырғалы қаламгердің өлеңдерін патриоттық сезімде, жүректерімен сезініп, қазақ және орыс тілдерінде оқып берді.

Сонымен бірге Олжастай ұлы тұлға оқыған мектепте оқитынын мақтан тұтатын кейінгі ұрпақтың  ақынның шығармашылық кезеңдеріне арнап салған суреттері мен өмір жолына арнап жазған эсселері көпшілік назарына ұсынылды. Оқушылардың ақ көңілімен  орындалған жұмыстары көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл оқушыларымыздың Олжас Омарұлының туған күніне сыйлаған тамаша тартуы болды.

Тіл мамандарынан тұратын әділ қазылардың бағалауы  бойынша О.Сүлейменовтің шығармашылығына арнап ең үздік сурет салған, өлең оқыған, эссе жазған мектеп  оқушылары мақтау қағаздарымен марапатталды. Айбарлы ақиық ақынның туындыларын насихаттап, инстаграмм парақшамыз арқылы осыдан төрт жыл бұрын лицейімізге Олжас Омарұлының өзі келіп, «Олжас бөлмесін» салтанатты түрде ашып берген архив суреттеріміз көпшілік назарына ұсынылды.

Ақынның өз беріп жіберген көптеген қасиетті дүниелері, жеке заттары, кітаптары, суреттері осы бөлмеге қойылған. Білімгер болсын, ұстаз болсын бұл бөлмеге кірген жан ереше сезімге бөленіп, рухани азық алады. Олжастай ұлы тұлғалардың туындыларымен сусындап өскен жас ұрпақтың болашағы жарқын болады деп сенеміз!  Сөз соңында айтарымыз, Олжас аға, туған күніңіз құтты болсын! Ғибратты ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын! 

Гүлнұр Алпысбаевна ҚАЙЫПОВА,
М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі,
Алматы қаласы, Медеу ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий