Мектеп директорының орынбасарлары бас қосты
Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебінде білім бөлімдерінің тәрбие жұмысы бойынша әдіскерлері, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған «Ұлттық тәрбие: жас ұрпақты құндылыққа бағыттау, әлеуметтік тәжірибе, даму болашағы» облыстық семинары ұйымдастырылды.

Облыстық білім беруді дамыту орталығының тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмысы бөлімінің әдіскері Гүлзина Серікқалиева, Орал қаласынан және өзге аудандардан келген әдіскерлер мен директор орынбасарлары қатысты. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат – мектеп басшыларының орынбасарлары, әдіскерлер арасында мектепті басқару ісі бойынша тәжірибе, идеялар, пікір алмасу алаңын жасау болды.
Шара үш бөлімнен тұрды: әдістемелік көрме, әдістемелік кеңес, әдістемелік жұмыстағы байланыс. Алғашқы бөлімде мектеп парламентінің әлеміне саяхат жасалып, аудан мектептеріндегі өзін-өзі басқару ұйымының жұмысы, жеткен жетістіктері таныстырылды. Сондай-ақ, оқуға құштар мектеп жобасы, ата-аналар қоғамдастығы, медиаторлар мектебінің қызметі туралы біраз мағлұмат берілді.
– Осы шарада ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, жалпыадамзаттық құндылықтарды бала бойына, жас ұрпақтың бойына сіңіруде атқарылып жатқан жұмыстар көрсетілді. Бөрлі ауданында жүргізіліп жатқан үйірме жұмыстары, мектеп парламенті, дебаттық жұмыстар және ата-аналармен бірге өтіп жатқан шараларды ортаға салып, көрсетті. Әріптестердің осы семинардан алары мол, – дейді Гүлзина Серікқалиева.
Әдістемелік кеңес бөлімінде тәрбие жұмысының негізгі тетігі – сынып жетекшінің рөлі, үйірме жұмыстарының мән-маңызы туралы шебер сыныптар ұйымдастырылып, мобилографияның, яғни, смартфонмен видеоға түсіріп, оны қандай қосымшалар арқылы монтаждауға болатыны жөнінде айтылды. Және де педагогтің кәсіби құзіреттілігін арттыру жолдары бағытында квест ойыны ұйымдастырылып, мектеп клубтарының жұмыстары көрсетілді.
Сонымен қатар, келген қонақтар Бөрлі аудандық өлкетану музейінде болып, аудан және Ақсай қаласы жайында толығырақ ақпарат алды. Ақсай қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектептің жолда жүру ережелері бойынша мобильдік алаңында болды.
Анаргүл КУШЕРБАЕВА,
Бөрлі аудандық білім беру бөліміндегі
баспасөз қызметінің жетекшісі, Батыс
Қазақстан облысы, Ақсай қаласы
Загрузка...