Жеңіс жауынгерлері: Ерлердің есімі ұлықталды

Ұлы жеңіс күні – Қазақстан халқы үшін соның ішінде өз ауылымыздың тұрғындары үшін айтулы мереке. Ұлы Отан соғысында  миллиондаған қазақстандық неміс фашизміне қарсы күресте жан алысып, жан беріскеніне тарих куә. Осы соғысқа Байзақ ауданының Жаңатұрмыс  ауылынан да көптеген батыр азаматтар аттанып, ұлы Жеңісті жақындату үшін жан қиды. Қазақстан үшін өзіндік мән-мағынасы бар, тарихи оқиғаға белсене қатысып қаншама ауылдан шыққан азаматтар жан қиып боздақтарға айналды.

Сұрапыл соғыста көптеген ауыл адамдары аталарынан айрылды, соғыс жылдарында туған балалар әкелерін көрмей, жетімдіктің ашы дәмін татты. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегі – бүгінгі жастардың мәңгілік есінде. Осыған орай, мамыр айының тоғызы Жеңіс күні қарсаңында «Адал ұрпақ», «Жас Ұлан» ұйымының және «Жас жол сақшылары» инспекторларының қатысуымен мен және мектеп тәлімгері Ш.Жолмахан екеуміз «Ер есімі – ел есінде» тақырыбында еске алу  іс-шарасын ұйымдастырдық.

Іс-шараға ауыл тұрғындарына қоса миуалы мекенімізде өсіп-өнген ауыл азаматтары да шақырылды. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары Басықараев Төленді, Мейрбеков Қалдыбек аталарымыз бен көптеген әжелеріміз келіп соғысқа барып келген ардагерлермен болған кездесулері туралы естеліктерімен бөлісті. Осы іс-шараның мазмұны арқылы жас ұрпақты Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлеріміздің рухы және майдан үшін ерен еңбек еткен отандастарымыз алдында ұрпақтық парызымызды парасаттылықпен өтеуге шақырды.

Соғыс ардагерлерін еске алу барысында әнұран орындалып, бір минуттық еске алудан кейін құран бағышталып,  оқушылар тарапынан патриоттық әндер шырқалды. Сонымен қатар мектеп жанындағы ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды. Қазақстандықтардың бұл соғыстағы жеңістің қандайлық құрбандықпен және ауыр еңбекпен келгенін түсінуін осы дәстүр жалғастығымен байланыстыру арқылы жас ұрпақтың жадына сіңіруіміз керек. Жер мен елді қорғау халқымыздың санасында бірінші санатта тұрған қордалы қасиетіміз болғаны тарихта талай мәрте дәлелденген ұлттық құбылыс.

Сондықтан қанша жыл өтсе де халық жадында бұл жеңіс мәңгілік ұмытылмайтын жеңіс деп білеміз және оның тарихи тағлымы бүгінгі ұрпақ – біздер үшін өте қымбат. Біздің ізденістеріміз бен іс-шараларымыз – жас ұрпақты патриоттық пен ерлік рухында тәрбиелеу мақсатына да сай атқарылуда.  Бүгінде біздің азаматтық парызымыз өткен тарихқа, оның қаһармандарына және сол тарихтың жасампаз куәгерлеріне тағзым етіп, құрметтеу және тағлым алу.

Қарақас БЕГАЛИЕВА,
Жаңатұрмыс орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жамбыл
облысы, Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылы

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий