Кәмен оқулары: Алғыр абайтанушы ардақталды

Ауданымызда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің шәкірті, Абай елінің талантты ұл-қыздарының ұстазы, Ұлы Отан соғысының ардагері, халық жазушысы, абайтанушы Кәмен Оразалин атындағы дәстүрлі үшінші облыстық «Кәмен оқулары» көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы ұйымдастырылды. Ең алдымен аудан әкімі Нұржан Абдыкаримов жергілікті зиялы қауым өкілдері және сайысқа қатысушылармен бірге ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Сондай-ақ, сайысқа қатысушылар мен Кәмен ұрпақтары Мәдениет үйі алдындағы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Жергілікті мәдениет үйінде байқау салтанатты түрде ашылып, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Аманғазин мен облыстық білім басқармасының «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының директорының орынбасары Венера Азизова сайысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

Елге сыйлы ардегер ақсақал, Ырғызбай ұрпағы Манатай Толғанбаев қатысушы жас ұрпақтарға батасын беріп, ақ жол тіледі. Көркемсөз оқу шеберлерінің сайысы «Әдебиет-қоғамның айнасы», «Абай ауылына саяхат», «Жазушы Кәмен Оразалиннің шығармашылығы» сынды үш бөлім бойынша өткізілді. Қорытынды кезеңнің нәтижесінде топжарған үздіктердің есімі анықталды. Бірінші бөлімнің «Әдебиет – қоғамның айнасы» және екінші бөлімдегі Абай ауылына саяхат» аталымдары бойынша бас жүлдеге Медеу орта мектебінің 9 сынып оқушысы, жерлесіміз Советқали Айгерим ие болды.

Абай ММГИ 10 сынып оқушысы Жәнібекқызы Балғын бірінші орынмен, Аягөз ауданындағы қалалық қазақ мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Нагифоллаева Амина екінші орынмен, Семей қаласындағы №21 білім ордасының 9 сынып оқушысы Салауатова Ания үшінші орынмен, Абай аудандық білім бөлімінің арнайы марапатымен Бородулиха ауданынан келген Сапина Дильназ марапатталды.

Үшінші бөлімнің «Жазушы Кәмен Оразалиннің шығармашылығы» аталымы бойынша бас жүлде Аягөз ауданындағы К. Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Тыныбек Альбинаға берілді. Бірінші орынды Абай аудандық Қарауыл гимназиясының 9-сынып оқушысы Қайсаханова Ажар, екінші орынды Бородулиха ауданындағы Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Еркін Аружан, үшінші орынды Үржар ауданы, Сейфуллин атындағы орта мектеп-бақшасының шәкірті Құсайынова Данагүл иеленді.

Жүлдегерлер мен барлық қатысушыларға облыстық білім басқармасының дипломдары мен «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының» қаржылай сертификаттары және К.Оразалин ұрпақтарының демеушілігімен бас жүлдеге «Алтын қалам» арнайы статуэткасына қоса естелік сыйлықтар табысталды.

Ж. САҒИЕВА,
Абай облысы, Абай ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий