Қызылордада талапкерлер “Серпін” жобасымен танысты
Еліміздегі 16 жоғары оқу орнының өкілдері Қызылордада «Серпін» жобасы туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен жиынға облыс бойынша 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында оқушылар мен ата-аналар, мектеп директорларының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасарлары бар.

«Серпін» бағдарламасы 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама бойынша осы кезге дейін 30 мыңнан астам білім беру гранты тағайындалған. 2023-2024 оқу жылында талапкерлер үшін 3653 грант қарастырылған. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы Әділбек Мансұров айтты.
– «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетерлігі, 2022 жылдан бастап оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Сондай-ақ, бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыспен өтейтін болса, енді 11 аймақта қызмет ете алады, – деді Әділбек Ерланұлы.
Биыл талапкерлер солтүстік өңірдегі 18 жоғарғы оқу орнына «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға қабылданады. Жиын барысында университет өкілдері оқушылардың жоба туралы сұрақтарына жауап берді.