Жаңа жобаның жетістігі
Ақтөбе облысының ауылдық және шағын жинақты мектептерін дамыту бойынша «Білім-all» жобасы аясында аймақтағы 120 ауылдық және шағын жинақты мектептің 10 575 оқушысы «Математика», «Химия», «Физика», «Биология» және «Ағылшын тілі» пәндері бойынша қашықтан оқыту форматында білім алуда.
Ауылдық шағын жинақты мектептерде білім беру қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жобаны оқу-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. – Алтынсарин Академиясы жоба аясында педагогтерді ғылыми-әдіснамалық, сондай-ақ әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, онлайн-сабақтарды жоспарлауға, қашықтықтан оқыту мен білім беру ерекшеліктерін зерттеуге және мониторинг жүргізуге жәрдемдесетін болады, біріккен сыныптар үшін үлгілік оқу жоспарлары әзірленеді, – деді Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева.
Загрузка...«Білім-all» өңірлік жобасы білім алушылардың тұратын жеріне қарамастан білім алуда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді көздейді. – Қала мен ауылдағы білім деңгейін теңестіру мақсатында қолға алынып жатқан жобаның қатысушысы болу — біз үшін үлкен мәртебе. Дарынды балалар ауылда да бар. Бірақ маман тапшылығының кесірінен олардың барлығын дер кезінде тани алмай жатамыз. Алдағы уақытта бұл жобаның ауқымы кеңейетініне сенімім мол», — дейді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі, Ақтөбе облысының үздік педагогі Нұрбек Абдуллин.