Абай Құнанбаев – қазақ халқының мақтанышы

– Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – қазақ халқының болмыс бітімі бөлек қайталанбас мақтанышы, ұлтымыздың ағартушы ақыны, жазба әдебиеттің негізін қалаған қоғам қайраткері сондықтан бабамыздың артында қалған мол мұрасын жас үрпаққа білгірлікпен, білімділікпен жеткізу, тереңінен тартып, сөз ұқтыру барша ұстаздар қауымының алдында тұрған өрелі міндеттердің бірі, – дейді біздің сыныптың жетекшісі Эльвира апай Абралқызы Парманова.

– Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасын қолына берік ұстайтын бүгінгі бүлдіршіндер азаттықтың мәні мен мағынасын терең түсінуі үшін бастауыш сыныптан бастап сөйлеу тіліне қоса ойлау қабілетін жетілдіру басты мақсат. Себебі әрбір баланың ой өрісі отбасындағы тағылымды тәрбиеден бастау алып, алтын ұя мектебінде берік қалыптасады. Әсіресе ана тілі пәні арқылы рухани дүниесі байып, тіл байлығы артады, қоғамдық көзқарасы оянады. Сондықтан қазақ халқының мақтанышына айналған ақын-жазушылардың ғибратты ғұмырымен танысып, шығармаларын қайталап оқуларың қажет.

Абайдың «Күз», «Адам болам десеңіз», «Қыс», «Жаз», «Жазғытұрым» деген өлеңдерін өту барысында ұстазымыз оқушылардың бойында поәзияға, лирикаға деген түсінігін ояту бағытында ойшыл бабаның өмір жолы туралы қысқаша ақпарат беруден бастап, бірте-бірте күрделендірілген мәліметтерді ұсынады. “Асыл сөзді іздедесең, Абайды оқы, ерінбе, Адалдықты көздесең, жаттап оқы көңілге, – деп ақиық ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров бекер жырламағанын ұдайы еске алып отырады.

Абай осы күнгі Семей облысында Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руында Құнанбай жанұясында 1845 жылы дүниеге келген. Сырт көзге момын, сылбыр, аңғал көрінетін Абайды «ата-балаға сыншы» – дегендей, әкесі Құнанбайдың ерте танығанын, оны Семейдегі діни медресеге оқуға бергенін айрықша атап айтқан сынып жетекшіміз сол кездегі суреттерін көрсету арқылы жас Абай діни іліммен шектелмей өз бетінше бастауыш орыс мектебінде оқып, арабша да хат танығанына қоса көркем әдебиеттер бойынша білімін жетілдірген тарихи тұлғаның ғылымға құштар ынтасы мен ықыласын бізге үлгі-өнеге ретінде оқулықтар мен қосымша әдебиеттер негізінде кеңінен әңгімелейді.

Мұғалімнің қарапайым тұрғыдан толық түсіндіргені басқа қатарластарым сияқты менің де әлі есімде. Мәселен ойшыл баба жас күнінде мейірімді Зере әжесінен түрлі ертегілермен бірге қазақ халқының терең тарихы жайлы ауызша әңгімелерді көп тыңдау арқылы ұлтымыздың бай мұраға толы ауыз әдебиетінің жауһарларымен сусындаған.  Абай атамыз сонымен қатар мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді Зере мен ¥лжан сияқты дана аналардан ғана естіп қоймай, Барлас, Байкөкше сияқты ақын-жыршылардың қасында айлап болып, солар айтқан батырлар жырларын сүйіп, тыңдап, жаттап, қүлағына құя, қанына сіңіре білгенін, әкесі Құнанбай Абайды жасынан өзімен бірге ала жүріп, үлкен өнегелі отырыстарды көрсетіп, небір дүлдүл шешендердің асыл сөз, абзал қасиеттері мен әділ биліктерін тыңдатқан.

Сол себепті ғасыр ғұламасының биік парасаттылық пен шынайы имандылықты халықтың кіршіксіз қалпынан алғанын аңғарамыз. Көңілі ояу, көзі ашық, білікті әкенің тәрбиелік дәстүрі ұрпағына жалғасып, балаларына білім беру арқылы ұлтына адал қызмет көрсетудің жолын нұсқады. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Баламды медресеге біл деп бердім», – деген ақылман ақынның жасын жыры бүгінгі өскелең ұрпаққа да аса қажетті ақыл. Өйткені қазіргі жаһадану ғасырында білімсіз болу қадірсіз қалумен тең.

Демек біз ата-анамыздың үлкен үмітін ақтап, мұғалімнің жоғары сенімінен шығуымыз үшін жақсы оқумен қатар өнегелі тәрбиені де бойымызға сіңіруіміз қажет. Осы орайда жас ұрпақты жаңаша оқыту жолында таңдаған мамандығына адалдықтан айнымай бар жоғары біліктілігін бізге білім беруге арнаған ұлағатты ұстаздардың қажырлы қызметіне бас иіп, сынып жетекшісінің еңбегіне алғыс айтамын.

Алуа Аслановна БЕКМУХАМБЕТОВА,
№44 мектеп-гимназияның 3 в сынып
оқушысы, Алматы қаласы, Түркісіб ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий