Ұстаздар тың тәжірибе алмасты

Жуырда қарт Каспийдің табанынан қуат алып, жағалай орын тепкен Атырау облысы, Исатай ауданы,  Жанбай ауылындағы Жанбай балалар саз мектебі базасында облыстың өнерлі, талантты мамандары бас қосты.

Басты себеп – Атырау облысы қосымша білім беру ұйымдары арасында «Қосымша білім беру ұйымдарындағы жас педагогтардың кәсіби шеберліктерін арттырудағы әдістемелік жұмыстың маңыздылығы» тақырыбында облыстық семинар өткізіп, облыс көлемінде тың тәжірибе алмасу болатын.

Таланттылардың тыңнан түрен салған шығармашылығына одан әрі қанат бітіретін ауқымды шараның шымылдығы Жанбай балалар саз мектебінің оқушыларынан құрылған оркестр орындауындағы Құрманғазының күйі “Балбырауынмен” ашылды.  Әрі қарай аталмыш оркестр сүемелдеуімен халық әні “Беу айдайды” жеке дауыста халық әні сыныбының оқушысы Аяулым Болат орындады.

Жанбай балалар саз мектебінің оқушыларынан ұстаз Армангүл Бердиеваның жетекшілігімен құрылған хор ұжымы Шаинскийдің әні “Когда мои друзья со мной” мен Бота Бейсенованың әні “Тәуелсіз ел ұланын” нақышына келтіре орындады.

Сондай-ақ, Жанбай балалар саз мектебінің “Каспий жұлдыздары” би тобы әсем биден шашу шашты.

Өз алғысөзінде Атырау облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының “Тұлғаны әлеуметтендіру және психология” бөлімінің басшысы Зина Изтелеуова шараның негізгі мақсатын жеткізіп, маңыздылығына тоқталды.

Ең  алдымен Х.Нәубетов орта мектебінің психологы Гүлзада Мағазова сергіту сәтін ұйымдастырып, «Жақсы көңіл күй- жан азығы» тақырыбынба психологиялық тренинг өткізді.

Одан әрі шеберлік сыныптар шеруі басталды.

Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебі «Домбыра»  сыныбы бойынша зерттеуші-педагог, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің, «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі»  төсбелгісінің иегері Зоя Насиханова «Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту» тақырыбында, Атырау Облыстық білім басқармасы Әдістемелік орталығының «Тұлғаны әлеуметтендіру және психология» бөлімінің  әдіскері Камшат Шошахова «Өзіңмен өз уәжің үйлесім тапқанда…» (кәсіби шыңдалу мен тәжірибенің интеграциясы) атты, Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Самал Мұратқалиева «Қосымша білім беру педагогтеріне курстан кейінгі қолдау жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында, сондай-ақ, Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінің домбыра-тенор мұғалімі, домбыра-тенор бөлімінің меңгеушісі Гүлсара Құрманғалиева «Қосымша білім беру ұйымдарында жас педагогтарды кәсіби қолдаудың маңыздылығы” атты шеберлік дәрістерін өткізді.

Кейін секциялық жұмыстар қыза түсті.

«Сырнай аспабында аппликатурамен жұмыс» тақырыбында Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің мұғалімі Альбина Мидар сөз қозғаса, «RezinArt әдісімен қолөнер үйірмесінің жұмысын дамыта жүргізу» жолдарын Исатай аудандық Оқушылар үйінің бейнелеу өнері және қолөнер үйірмесінің жетекшісі  Жанбота Серік көрсетті.

Барыс балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубынан Бекзада Меңдекенова «Қос шах – двойной шах» тақырыбымен шахмат үйірмесі бойынша сабақ үлгісін үйретсе, Жанбай балалар саз мектебінің домбыра пәнінің мұғалімі Мирас Махмуд “Құрманғазының күйі «Балбырауын» тақырыбында интеграциялық  сабақ  өткізді.

Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебі нің қобыз сыныбы мұғалімі Әдемі Ұзақбаева Николай Бакланованың «Мазурка»  шығармасын үйрену әдісіне жіті тоқталды.

Әр секциялық жұмыс соңында көрермендер спикермен ашық кері байланыс орнатып, ой-пікірлерін білдірді.

Ал, семинардың жабылу салтанатында Жанбай ауылындағы Жанбай балалар саз мектебі ұстаздары мен Аққыстау ауылындағы Шәріпов саз мектебінің ұстаздарынан құрылған ансамбль шетелдік танымал кинофильмдер мен сериалдардың саундтрегін орындады.

Жанбай балалар саз мектебінің домбыра пәнінің ұстазы Мирас Махмуд “Әдемі ана” әнімен көпшілік ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, семинар барысында облыстың өнерпаз ұстаздары Исатай ауданы   қосымша  білім беру  ұйымдарының  көрмесімен  танысу мүмкіндігіне ие болды.

Қорытынды бөлімде семинарды

өткізуге атсалысқан барлық спикерге облыстық білім басқармасы тарапынан алғыс хат табысталды. Әсіресе, шараны өз деңгейінде абыройлы өткізуге тырысқан Жанбай балалар саз мектебі ұжымына ерекше алғыс білдірілді.

Мұндай семинарлар легі алдағы уақытта да дәстүрлі жалғасын таппақ.

Мирас МАХМУД, жас ұстаз

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий