Ұлттық құндылық – тәрбиенің қайнар көзі
Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті, – дейді алаштың арысы, ағартушы ақын Мағжан Жұмабаев. Жаңа Қазақстан үшін қазақ өркениетін дамыту, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тіліне қоса тағы да басқа ұлттық құндылықтар аясында кеңейту – өзекті мәселенің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған үлкен мақсат – ұлттық мұра құндылықтарын қазіргі таңның мәдени жетістіктеріне сай үйлестіру. Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт.
Яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата-анасымен де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де үйлесім таба білуі тиіс. Сонда ғана тұлға бойында ұлттық рухани қасиеттер бірте-бірте қалыптасары сөзсіз. Тұлға бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастырудың көзі отбасы, әулет, әлеуметтік орта, мемлекет болса, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлт алдындағы міндет, парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт пен дәстүр – тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші. Тәрбиенің негізі болып саналатын адамзаттық құндылықтардың бірі тәрбиенің басқа адамға деген қажеттілігі, басқа адамдарды сүйе білу қажетілігі болып табылады.
Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білетін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Қазақ елі үшін ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың маңызы өте зор. Өйткені сонау ғасырлардан бүгінге жеткен ұлттық құндылықтарымыз (лиро-эпостық және батырлар жырлары, ұлттық қол өнер, ұлттық спорт түрлері және де тағы басқалар) еліміздің дамуы мен мәдениетінің айнасы. Демек, сан ғасырлық тарихы бар рухани құндылықтарсыз ұлттың дамып, өркендеуі әсте мүмкін емес. Аягөз аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали Тлекқалиұлы. Әзімбаевтың келісімімен осыған орай оқу, ғылыми, ұйымдастырушылық, әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Маликова Жанаргулдің «Ұлттық мәртебе» авторлық жобасы жүзеге асырылып келеді.
Жобаның өзектілігі: халық педагогикасын жандандыру; мәңгілік ел болудың негізгі өзегі – ұлттық бірегейлікті сақтау; өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы оқыту және тәрбиелеу; жаһандану заманында ұлттық кодты бекем ұстайтын салт пен дәстүрге қоса әдет пен ғұрыпты сана арқылы қабылдау; рухани құндылықтардың ұрпақтарға ауысып, сабақтасуы; ең алдымен, жас ұрпақтың ұлтжанды болып, өз елінің қамын ойлап, тілін, дінін құрметтеуге, үлкенді сыйлап, әдептілік пен имандылықты бойына дарыту. Осы құндылықтарды күнделікті өмірде өз мінез-құлқында, іс-әрекетінде басшылыққа алу дағдысын қалыптастыруда оындай жобалардың маңызы зор.
Халық ауыз әдебиетін дамыту арқылы әулет, ауызбіршілік, ата мен әженің заңғарлығын, әке мен шешенің құдіретін, аға мен апаның үлкендігін, достық пен сыйластықты құрметтей білу құндылықтарын бала санасына сіңіру қажет. Елімізде тірі жетімдер, қарттар үйі, зорлық пен зомбылықтардың саны өсуде. Жастардың шетелге кетуі немесе жеңіл жүрісте жүруі, жынысын ауыстыруы, нашақорлық, өзге елдің дінін жағалау өте көп және оны азайту мүмкін бе? Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары олардың саны күрт өскен. Осы мәселелердің алдын алып, арнайы жоба аясында қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын кеңінен дәріптеп, ұмыт болғанын жаңғыртып, заман көшіне сай ұлықтап, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу ретті жолға қойылуы керек.
Жоба әрбір адамның өзін-өзі тәрбиелеп, өзін-өзі басқаратын, ертеңіне ерте ойланатын адами құндылығы қалыптасқан тұлға қалыптастыру мақсатын алға тартады. Халық педагогикасын және ұлттық рухты, патриотизмді, тәлім-тәрбиені дәріптейтін қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғырту, білім алушылардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту сияқты міндеттерді көздейді. Аптаның бесінші оқу күнін «Ұлттық мәртебе» күні етіп ұйғарып, ауданымыздағы білім беру мекемелерінде жұма күнгі болатын барлық іс-шараларды ұлттық құндылықтарға бағыттап, ұлтқа мәртебе күнінің жоспары құрылды.
Жұма күні білім алушылар мен тәрбиеленушілердің киім формасына ұлттық нақыштың ныспысын келтіріп өзгеріс енгізілді. (қыз балалар шолпы тағы, камзол кию немесе тағы да басқа ұл балалар ұлттық ою қоюға болады). Қоңырау ортасында қазақтың ән мен күйлерін, ойындарын ойнатып, сабақ жоспарларындағы қолданылатын әдістер мен тәсілдерді ұлттық құндылықтарға бағыттауда жұмыстар жасалып жатыр. Асханадағы дәмдер де ұлттық тағамдардан болғаны дұрыс. Сондай-ақ, жалпыхалықтық рухани құндылықтарды күшейту, халықты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың маңыздылығымен ақпараттандырып, ұлттық құндылықтарға деген сезімді арттыруда шаралар жүргізілуде.
Жобаның мақсатты аудиториясы: мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері, жалпы білім беру мектептерінің білім алушылары және педагогтері. Осы жоба ауданның барлық мектептерінде жыл бойына жүргізіліп, «Ұлтым деп асқақтаған ұлан» тақырыбында ұлттық мәртебе жобасының қорытынды есебінің аудандық семинары болып өтті. Семинарға ауданның отыз тоғыз мектебі атсалысып қатысты. Басқосу Аягөз қаласындағы мектеп жанындағы интернаты бар жалпы орта білім беретін №6 мектебінде аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық мәртебе жобасының өту ережесін жоба авторы Жанаргуль Ыдырышқызы таныстырды.
Қала мектептерінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жоба бойынша жұмыстарын таныстырып, презентация қорғады, жұма күні өткен ерекше ұйымдастырудың бір көрінісін көрсетті. Облыстық білім басқармасына қарасты инновациялық-әдістемелік орталықтың басшысы Исабаева Айнур Сергалиевнаның ұйымдастыруымен Аягөз ауданында «Табысты мектепке жетудің жаңа жолдары» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды. Басы мақсаты: табысты мектепке жетудің жаңа жолдары, педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдері және командалық жұмыстардың заманауи іс-тәжірибелерін бөлісу. Осыған орай мектеп жанындағы интернаты бар жалпы орта білім беретін №6 мектебінде «Ұлттық мәртебе» жобасы аясында жоспарға сай «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
«Әжелер мектебінің» әжелері шашу шашып, «Қонақкәде» ретінде ұлттық дәм салынған түрлі-түсті қоржындар таратылып, жүн түтіп, ұршық иіруден көрініс көрсетілсе, мектебіміздегі дарынды оқушыларымыз қазақтың айтыс өнерін дәріптеп, «Қыз бен жігіт» айтысының тамаша үлгісін көрсетті. Мектеп ауласында жастар алтыбақан теуіп, «Аударыспақ», «Тоғызқұмалақ», «Бес тас», «Ләңгі тебу» ұлттық ойындар ойнатылды. Сонымен қатар жиырма жылдық тарихы бар «Қарлығаш» дарынды балалар клубының мүшелері қазақ халық ауыз әдебиетінің эпостық жырлары батырларының жұптық бейнесін, яғни «Қыз Жібек пен Төлеген», «Алпамыс-Гүлбаршын», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Қамбар мен Назым» сынды батырлар бейнесін, «Еңлік-Кебек» пьесасынан сахналық көрініс көрсетті.
Осындай игі шараларды қамтыған «Ұлттық мәртебе» жобасының біздің ауданымызда жүзеге асырылып жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл дегеніміз – жас ұрпақтың ұлттық рухта тәрбиеленуінің бірден-бір кепілі. Ұлттық құндылықтарды оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығарамыз. Өйткені ұлттық құндылық ғасырлардан дәуірге жалғасқан, өмірдің қатаң сынынан өткен, маңызы айрықша құндылық, яғни асыл қазына.
Жанаргуль МАЛИКОВА,
әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, Абай облысы, Аягөз қаласы