Жасанды интеллект: жаңа мүмкіндіктер
«Біз Еуразиядағы ең ірі және ең озық цифрлық хабтардың бірі болуға ниеттіміз», – деді Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ маусымның 8-інде өткен шетелдік инвесторлар кеңесінде. Мемлекет басшысының айтуынша, цифрландыру қарқыны экономиканың дамуына зор ықпал етіп, бүгінгі күн тәртібінің бағыт-бағдарын айқындап берді.
Жасанды интеллект, блокчейн, Интернет заттар (IoT) және Үлкен деректер (Big Data) секілді жаңа тұжырымдар мен технологияларды кең көлемде енгізу ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін барлық саладағы ойын ережесінің өзгеруіне алып келеді. Иә, солай. Қазір жасанды интеллект – бүкіл әлемде тренд. GPT Chat шыққалы барлығымыз дүрлігіп жатқан жайымыз бар. Оның оңы мен солы, пайдасы мен зияны туралы жалықпай айтып жатқандар да жетерлік. Десе де цифрлық дәуірдің бұлжымас заңдылығы осы жасанды интеллект екенін іштей барлығымыз мойындаймыз. Солай емес пе?!
Жапатармағай GPT Chat-ты қазақ қоғамы да сүзгіден өткізіп жатыр. Әзірше оның қазақшасы мәз емес. Бірақ бұл ақылды платформа оны да қысқа уақытта игеріп кететінге ұқсайды. Десе де біздің қоғам цифрландыруды қолдану мен жасанды интеллектті бағындыруда көш соңында қалды деп айта алмаймыз. Бір қызығы, жасанды интеллектті отандық бизнес әлдеқайда қолға алған екен. Иә, солай!
Сөзге дәлел болсын, Жоғарғы сот жасанды интеллектті осыдан бірнеше жыл бұрын қолданып отырғанынан хабарымыз бар шығар?! Сот алқасын мұндай трендке жетелеген отандық бизнес. Кезінде2018 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Жоғарғы Соты бірлесіп, сот жүйесіне жасанды интеллектті енгізу мүмкіндігін зерттеп, тіпті тың жобаны қолға алған. Жасанды интеллекттің тілін судья мен кәсіпкер қайдан ұқсын? Сондықтан бұл жобаға цифрлық дәуірдің құрдастары жастар тартылған. Нақтырақ айтсақ, жобаны іске асыру үшін Қазақстан-Британ техникалық университетінің мамандары жұмылдырылыпты. Басты көзделген мақсат – IT саласындағы соңғы жетістіктерді пайдалана отырып, халықты сот істерінің нәтижелерін іздеу және бағалау бойынша сапалы құралмен қамтамасыз ету.
Бұл іс немен тынды? Жоба іске асты ма?
Бүгінгі таңда осынау жүйеге барлық сот актілері және азаматтардан қабылданған мыңдаған талап-арызы жүктелген. Мұндағы жұмыстың негізгі алгоритмі сот актілерін жүйелеу. Сол арқылы ондағы «негізгі» сөздерді анықтап, оны сандық жүйеге көшіріп, санатқа бөліп-іріктейді. Заңнама өзгерсе, ақылды жүйе де соған сай өзгеріп, үнемі бейімделіп отырады. Бұл жоба қазіргі уақытта судьялардың шешім қабылдауда көмекші құралына айналған, ал азаматтар үшін өз талап-арызының болашағын көруге мүмкіндік береді.
Жүйе ҚР Жоғарғы Сотының шешімі бойынша шыққан азаматтық сот актілері негізінде ғана жұмыс істейді. Жүйені енгізу халықтың өз уақытын үнемдеуіне және материалдық ресурстарын оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар судьяларға түсетін жүктемені төмендетуге ықпал етеді. Алгоритмге негізделген нейрондық желі миллиондаған сот актілерін талдайды және судьяларға елдегі ұқсас істер бойынша статистика мен басқа да қажетті мәліметтер ұсынады.
Әрине, жасанды интеллект судьяларды алмастыра алмайды, бірақ күнделікті жүктемені жеңілдетеді. Сонымен қатар, жасанды интеллектті қолдану адам ресурстарын үнемдеуге, қателіктерді азайтуға және судьяларға күрделі істерге жіті назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуін жеңілдетпек.
Бұл жасанды интеллектің бизнеске пайдасы қандай?
Сот жүйесін цифрландыру бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Біріншіден, ол сот процестерінің ыңғайлы логистикасын қамтамасыз етеді. Кәсіпкер сотқа жүгінуден бастап цифрлық платформалар арқылы істі түпкілікті шешуге дейінгі барлық процесті бақылай алады. Екіншіден, соттарды цифрландыру сот процестерінің ашықтығына кепілдік береді. Бұл судьяларға жүктемені азайтады, шығындарды оңтайландырады және ең бастысы, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады.
Мемлекеттік органдарда процестерді цифрландыру олардың халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылын ретке келтірері сөзсіз. Мәселен, кәсіпкерлер сот процестеріне жиі қатысады. Әрине, мұндай жүйкеге салмақ салатын істер олардың одан да тапшы уақытын алады. Иә, бизнес сот есігін емес, кәсіптің кілтін іздеуі керек! Сондықтан бұл жобаның бизнеске де тиімділігі шаш-етектен. Бұрын олардың сот процесіне қатысуы талап етілсе, қазір сот оны бейне-байланыс арқылы қашықтықтан өткізуге құқылы. Осылайша, ҚБТУ-дың мамандары, бизнес пен судьялардың бірлесіп тапқан шешімі сот практикасын сандық талдайтын әрі сот істерінің нәтижесін болжайтын жасанды интеллект құралы GPT Chat шыққанша ойластырылып, 2021 жылдан бері қолданылып жатқанын біле отырыңыздар.
Біз осы бір шағын мақалада жасанды интеллектті қолдану компанияларға айтарлықтай артықшылықтар бере алатындығын, сондай-ақ жалпы жүйені жоғары деңгейге көтере алатындығын жеткізуге тырыстық. Қорыта айтқанда, бұл технологияны игеріп, оны әр салаға енгізу кімге болса да өз ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деген үміт зор.
Орынгүл МАХМУД
Загрузка...