Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Ел атын әлемге танытып жүрген жастар ұлттың рухын жаңғыртуда»

Еліміздің рухани астанасы саналатын киелі Түркістанда Ұлттық құрылтай өтті. Екі күнге жалғасқан кеңесте ел үшін маңызды мәселелердің түйіні тарқатылып, жүйелі ұсыныстар, кесімді шешімдер айтылды. Әсіресе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім мәселесіне қатысты айтқан орамды ой, тұшымды пікірлерін ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жіті талқылап, білім саласына жүктелетін негізгі міндеттерге тоқталды. Толығырақ түпнұсқа мәтінді назарларыңызға ұсынамыз:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыруда үкімет пен қоғам күш біріктіріп жұмыс істесін деп тапсырма берді.

Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар ғана құрады. Мемлекет басшысы Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы тиіс деді. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы бағытта бізге орасан зор жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. «Тәрбие – талбесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең алдымен оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керек.

Президентіміз біздің ұлттық бірегейлігіміз табыстылықта екенін айтты. Бұл ел дамуының маңызды стратегиясына айналуы тиіс. Әр білім мекемесі өз алдына «Біз қайткенде табысты балабақша, табысты мектеп, табысты колледж бола аламыз» деген мақсат қойып, оған жауап беруге дайын болуы керек.

Президент: «Ел атын әлемге танытып жүрген жастар ұлттың рухын жаңғыртуда», – деп атап көрсетті. Біз жастардың бойындағы өнер-білімге, ғылымға, жаңашылдыққа деген осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейтуіміз, дамытуымыз қажет. Мемлекет басшысы білімді дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек деп міндет жүктеді, мұны біз абыроймен атқаруымыз керек.

Оқу-ағарту саласының алдына қойылған тағы бір айқын міндет – жастарды, оның ішінде мектеп оқушыларын жаһанданудың қатерлі ықпалынан қорғау. Мемлекет басшысы мектепте тәрбие жұмысы ақсап тұрғанын сынға алды. Әсіресе, оқушылар арасындағы буллинг мәселесі туралы айтылды. Бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз керек. Бала тәрбиесіне мектеп ұжымымен қатар ата-аналар да, отбасы мүшелері де жауапты екенін ұғындыра отырып, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұрпақ тәрбиесіне қоғам белсенділерін, сарапшыларды да араластыруымыз керек. Әлбетте, алдағы оқу жылында қолға алынады деп жоспарланып отырған мектеп жанындағы «Ата-аналар академиясы» тікелей осы мәселемен де шұғылданады. Бұл шаруа өзімнің жеке бақылауымда болады.

Мектеп оқушылары арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді. Бұл мәселе бойынша мектепте алдағы оқу жылында шұғыл жұмыстар қолға алынуы қажет деп санаймын. Сондай-ақ, балалардың бойында елге құрмет, жерге сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру, оларға экология туралы тәрбие беру үшін мектеп қабырғасында оқушылардың еріктілер клубтары құрылып, жүйелі жұмыс істеуі қолға алынады.

Өскелең жас ұрпақ кемел адам болып қалыптасуы үшін олардың өз тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын біліп өсуі маңызды. Біз балалардың сапалы білім алуымен қатар рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Оған медиасауат, құқық, қаржы сауаты тақырыптарын енгізу – жаһанданған заманның талабына айналып отыр.

Мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» деген жаңа бағдарлама жасақтауды тапсырды. Балалардың кітап оқуға құлшынысын арттыру мәселесі жөнінде сарапшылармен, қоғамдық қауымдастықтармен кеңесе отырып, нақты іс-шаралар айқындалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ шекара маңындағы өңірлерді дамытуға ерекше мән берді. Бұл тұста біз шекараларға таяу орналасқан білім мекемелерін сақтап қалып, олардың тиісті мамандармен, интернетпен, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуін, оқу сапасын арттыруға қажет барлық құралдармен жабдықталуын қадағалап отырамыз. Бұған дейін де айтылып жүрген ең басты мәселелердің бірі – ауыл мектептерін дамыту. Бұған қатысты нақты шаралар атқарылып жатыр. Олар жүйелі түрде іске асқан жағдайда ауыл мектептері келешекте оқу-ағарту саласының жетекшісіне айналатынына сенемін.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелері, біздің алдымызға қойған міндеттері мен берген тапсырмалары бойынша барлық білім мекемесінде тиісті шаралар атқарылып, нақты жұмыстар істеледі.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий