Қосымша білім беру ұйымының бала тәрбиесіндегі алатын орны ерекше
Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез-келген мемлекеттің экономикалық даму жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне, біліктілігіне, кәсіби құзіреттілігіне байланысты. Өйткені білім арқылы ғана қоғамның интеллектуалдық капиталы мен инновациялық әлеуеті қалыптасады.

Қосымша білім беру жағдайында балалар өздерінің шығармашылық әлеуеттерін, қазіргі қоғамға бейімделу дағдыларын дамыта алады және бос уақыттарын толыққанды ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болады. Мектепте білім нәрімен қаруланған ұрпақты ары қарай өнер өріне өрмелеуге, кәсіби бағдар беруге, мәдениетті, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық шыңға жетуіне қосымша білім беру мекемелерінің атқарар ролі зор.
Біздің шағын шаһардағы балалар шығармашылық орталығының ширек ғасырға жуық тарихы бар. Қазіргі кезде жалпы саны 610 оқушы қосымша білім берумен қамтылған. Шығармашылығын шыңдайтын шәкірттерге он төрт мұғалім дәріс беруде. Орталықта он жеті үйірме үш басым бағыт (музыка, өнер және кәсіби бағдар бағыты) бойынша жұмыс істейді. Сондықтан біздің орталық облыста өзіндік орны бар, сан мыңдаған жас ұрпақты өнерге баулып, саналы тәрбие беріп,үнемі ізденіспен жұмыс істеп келе жатқан қосымша білім беру мекемесі саналады.
Орталықтың соңғы жылындағы жетістіктері жылдан жылға өсуде. 2021-2022 оқу жылында жүлделі 151 орын алсақ, биылғы оқу жылында 215 жүлделі орындарға ие болып, түрлі деңгейдегі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүр.
Асия Уалиқызы УАЛИЕВА,
Қалалық балалар шығармашылық
орталығының директоры, Жетісу
облысы, Алакөл ауданы