Жаз қызығы – көңілді демалыс
Жаз мезгілі – оқушылар үшін демалысқа шығып, ойын шыңдап, шығармашылық қабілетін, түйсігін дамытып, денсаулығын нығайтатын кезең. Біздің ұйымшыл ұжымның педагогтері биылғы жылдың жоспарында бекітілген «Жаз қызығы – көңілді демалыс» жазғы маусымының іс-шараларын ұтымды ұйымдастыруда.
Қарқаралы қаласының балалар өнер мектебінің ауылдық жерлердегі атап айтсақ, Нұркен, Көктас, Тоқтар Әубәкіров, Аппаз, Қарағайлы, Қасым Аманжолов, Бүркітті, Балқантау, Егіндібұлақ филиалдарының педагогтері де балалардың жазғы маусымдағы демалыс күндерін қызықты өткізуіне, ой-өрістерін дамыту, шығармашылық қабілеттерін арттыру және ұжымда белсенді болуға үйретуге мүдделі.
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бар игілік – балаларға» атты аудандық іс –шараға «Біз бақытты баламыз» тақырыбындағы мерекелік концертпен қатысып оқушыларымыз көрермендер қошеметіне бөленді. Қарқаралы қаласының орталық саябағынан бастау алған мерекелік іс-шара барлық ауылдық жерлерде жалғасты. Шағын шаһардағы өнер мектебінің ұстаздары балалардың жан жадыратар жазғы демалыстарын мазмұнды ұйымдастыруда.
Қарқаралы қаласының екі жүз жылдығына орай туған жердің киелі, тарихи ескерткіштеріне, мұражайларға, әсем табиғатына саяхаттау, әртүрлі спорттық ойындар, музыкалық сайыстар, қосымша сабақтар, мерекелік концерттерге қатысу, кітап оқу және тағы да басқа көптеген шараларды қамтуда. Білім ордасындағы домбыра сынып оқушылары мен мұғалімдері облыс орталығында өткен «Ұлттық домбыра күніне» арналған аймақтағы домбырашылар флешмобына қатысты.
Оқушылардың тарихи ескерткіштерге, мәдени орындарға саяхаттауы олардың танымдық және рухани білімдерін толықтырады. Сонымен қатар оқушылар арасындағы достық қарым-қатынас нығаяды. Жазғы демалыс кезіндегі оқушылардың бос уақытын дұрыс пайдалануына бағыт-бағдар берудегі Қарқаралы қаласының балалар өнер мектебінің ұстаздарының орны ерекше.
Бүгінгі технологияның дамыған заманында оқушылардың бір мезгіл ұялы телефоннан, планшет, гаджеттен, компьютерден қол үзіп, дұрыс тынығуына әр түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды, әрі әр баланың жазғы демалысының есте қаларлықтай қызықты өтуі басты басымдылық болып қалады.
Дені сау, ой-өрісі кең, шығармашыл, белсенді, еңбекқор тұлға тәрбиелеу барысында өнер мектебінің ұстаздары оқушылардың туған жерінің орман-тауын, өзен-көлін, даласын көріп тамашалап, сұлулығын сезініп бойларына отансүйгіштік қасиетті, табиғатты аялау, қорғау сезімін қалыптастыруда саналы еңбек етіп келеді. Жазғы демалыс кезеңіндегі іс-шаралар жалғасуда.
Рымкул Ахметжановна СПАБЕКОВА,
Балалар өнер мектебнің директоры, Қарағанды облысы, Қарқаралы
ауданы, Қарқаралы қаласы