Шәкірттердің шығармашылығы шыңдалады
Жас ұрпақтың тәрбиесiнде қазақтың ұлттық музыка өнерінің алатын орны зор. Оқушылардың ұлттық музыка өнерiмен айналысуы, жеке тұлғаның эстетикалық талғамын және эмоционалдық мүмкiндiгiн көтередi. Сондықтан бүгінгі таңда ұлттық музыка өнерінің түрлерін (ән, күй, терме, жыр, айтыс, толғау және тағы да басқалар) олардың әрқайсысының жалпы ерекшеліктерін жаңаша технологияға салу – бүгінгі күн талабы.

Өнерді, оның ішінде, атап айтқанда музыканы мектепке “ендіру” процесі бірнеше бағыттар бойынша жүреді. Қоғамның барған сайын өсе түскен мәдени сұранысы мен талаптары, мектептің жаңа реформасының қабылдануы мектепте ұлттық өнерді, соның ішінде ұлттық музыка мұрасын меңгерту туралы мәселені қоюдың және сол арқылы тәрбиеге нәтижелі ықпал етуге мүмкіндігін тудырады. Музыка құндылығын сақтау және оны ұрпаққа жеткізу, балаларды ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу, оның жан-жақты дамуына мүмкіншілік жасау -жалпы білім беретін мектептің негізгі мақсаты болып отыр.
Мектебімізде домбыра, қобыз, фортепиано, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, хореография, бейнелеу өнері сыныптары бойынша 304 оқушығы жиырма үш ұстаз дәріс беруде. Жаңаарқалық жалпы білім беретін мектеп оқушыларын қосымша біліммен қамтып отырға балалардың өнер мектебінің педагогика мамандары республикалық оқу-әдістемелік қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған курсынан білімдерін шыңдауда. Маман қажеттілігі бойынша жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында жыл сайын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындар мен колледждерге үгіт – насихат жұмыстары жүргізіліп отырады.
Былтырғы қазан айында мектебіміздің 20 жылдығына арналған мерекелік концертіміз өтті. Аудан әкімшілігі, білім бөлімі, ардагер ұстаздарымыз Жумадильдина Асемкул Асановна, Ахметова Бағдат Акатаевна, Бекхожина Лаззат Егінбайқызы қонақ ретінде төрден орын алды. Осы концертке мектебімізді бітірген шәкірттер әннен-күйден шашу шашты. Ұйымшыл ұстаздар ұжымын он жеті жыл басқарған директоры (қазіргі кезде зейнетке шықты 2005-2022 жылдар аралығы) Дюсембекова Дина Бекетайқызы мектептің мерейтойымен құттықтап, ізгі лебізін білдірген болатын.
Үздіксіз шығармашылық оқу әрекеттері нәтижесінде оқушылардың музыка қабылдаулары дамытылады. Бұл қабілеттің баланың музыкалық білімді меңгерумен ұштастырылуы, белгілі бір аспапта шығарма орындауға үйрету, әнді, күйді жай тыңдамай, түсіне кабылдауы, салмақты музыка мұраларын сезінуі оқушылардың бәріне бірдей тән еместігі проблемалық сұрақтарды туындатып отыр. Музыка өнерінің көрнекті зерттеушісі, әйгілі сазгер Д. Кабалевский «Балалар музыканы нақ мәнінде қабылдап, ол туралы терең ойға беріле алғанда ғана ол өзінің эстетикалық-танымдық және тәрбиелік ролін атқара алады», – деп айтқан.
Мектеп бітірген біраз шәкірттеріміз көптеген байқаулардың жүлдегерлері, өнер жолын жалғастырып мектепке әріптес болып еңбек етуде. Мектепте әр түрлі байқаулар, іс – шаралар өткізу барысында оқушыларымыз өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға, дарынды балаларды анықтап оларға қолдау көрсетуге, ашылмай жүрген өнерлерін көрермендер назарына ұсынып, жеңіске жетулеріне үлкен жол ашады деген сенімдеміз. Бүгінгі қосымша білім беру жүйесінің мақсаты тек мектептен тыс білім, білік дағдыларын меңгерту ғана емес, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын, ақылды да алғыр, әр түрлі салада өнердің өрендерін, ақпарат көздерін өз бетімен қорытып қолдануға қабілетті, абзал адам тәрбиелеу болып табылады.
Қоғамға білімдар, алдыңғы қатарлы тұлғалар керек. Әрбір оқушының ой-өрісі кең, танымдық қабілеті жоғары, шығармашыл, дарынды тұлға болуы мектептегі, я болмаса мектептен тыс ұйымдардағы мұғалімдерге ғана емес, отбасындағы тәрбиеге, ата-ананың жауапкершілігіне де үлкен сын. Сонда ғана мемлекеттің басқа дамыған елдермен терезесі теңеліп, мәртебесі артады. Олай болса, осы білім ордасының жаңа буын ұрпақтарын тәрбиелеу және оларға қосымша білім беру саласында атқаратын еңбектері мен жетер жетістіктері, бағындырар белестері әлі алда.
Нургуль Мукатовна ОРЫНБЕКОВА,
Балалар өнер мектебі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары, Ұлытау
облысы, Жаңаарқа ауданы