Түркістанда түркітілдес елдердің білім кәсіподақтарының өзекті мәселелері талқыланды

Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің XV форумы болып өтті. Халықаралық форумға Түркия, Румыния, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Македония, Косово, Солтүстік Кипрден білім кәсіподақтары мен ресми орган өкілдерінен құралған делегация қатысты.

Форум жұмысы Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің жалпы отырысымен басталды. Салтаннатты жиын UAESEB бірлестігінің әнұранын орындаумен ашылды. Халықаралық форум жұмысын Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева ашты:  

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының самитінде Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін және оны дамытуға мүдделі екенін айтты. «Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

– Еліміздің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге және тұрақтылық белдеуін нығайтуға ықпал етері сөзсіз. Сондықтан ынтымақтастығымыздың болашағы зор деп айтуға толық негіз бар. Біз өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсене атсалысып, қуатты күшке айналуымыз керек. Қазір геосаяси, геоэкономикалық қайшылықтар салдарынан Еуразиядағы экономика және көлік-логистика жүйесі ыдырап барады. Сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің XV форумының Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында өтуі – Президенттің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты күшейту бастамасын қолдауға бағытталған қадам деп атап өтті Айгүл Мұқашева. Бұл ретте ол Түркітілдес елдердің білім кәсіподақтарының Еуразиялық халықаралық бірлестігі бауырлас түркі елдері білім кәсіподақтарының өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасуға септігін тигізіп отырғанын ерекше айтты. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы бірлестікке мүше елдер кәсіподақтары арасында ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Форумға қатысушыларды ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев құттықтады. Ол ҚР Кәсіподақтар федерациясының жұмысымен таныстыра отырып, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағын федерация құрамындағы ең үлкен әрі белсенді ұйым екенін атап өтті. Салалық ұйым кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқанын айта отырып, ҚРКФ төрағасының орынбасары форум жұмысына сәттілік тіледі.

Еуразиялық кеңістіктегі білім кәсіподағының өзекті мәселелері бойынша спикерлер: «Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан, Қырғыз Республикасының білім және ғылым кәсіподағының төрағасы Асылбек Тоқтағұлов, Түрік Республикасының Солтүстік Кипр білім кәсіподақтары төрағасы Акын Манга, Әзірбайжан білім кәсіподағының хатшысы Зафер Мәммадов, Өзбекстан Республикасының білім және ғылым кәсіподағы төрағасы Махмуд Бабаяров, Солтүстік Македония білім кәсіподағының төрағасы Энес Ибрахим, Румыниядағы түрік ұстаздары білім кәсіподағының төрағасы Вилдан Бормамбет, Косово білім кәсіподағының төрағасы Ерол Кара баяндама жасады.

Білім кәсіподақтарының қызметінде сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың еңбегіне ақы төлеуді арттыру, педагогтардың құқықтық және әлеуметтік мүдделерін қорғау, қоғамда мұғалім мәртебесін арттыру мәселелері басым орын алады деп атап өтті форумға қатысушылар. Сондай-ақ, Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігіне мүше ұйымдардың ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мәселесі көтерілді.

Түркістан – түркі әлемінің алтын бесігі. Форум аясында шетелдік қонақтарға ауқымды мәдени бағдарлама әзірленген. Оларға Түркістан мен Қызылорда өңірінің тарихи орындары мен көрікті жерлері таныстырылды. Мәдени бағдарлама аясында ең әуелі форумға қатысушылар Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіне барып, түбі бір түркілер және қазақ хан-батырларының тарихымен танысты. Шетелдік қонақтарға қазақ хандары мен батырларының шежіресі мен бауырлас елдердің ортақ мұрасы жайлы мол мағлұмат берілді. Түркі әлемінің тарихи астанасы – Түркістан шаһарының тарихы тереңірек таныстырылды.

Бұдан соң Түркістанда форумға қатысушылар Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болып, университеттің Мәдени орталығын, мұражайын тамашалады. Мәдени орталықта олар «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. ХVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» көрмесін тамашалады. Түркия, Румыния, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Македония, Косово, Солтүстік Кипрден келген делегация басшыларын А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры Ж.Темірбекова қабылдады. Ректор қонақтарға Университет тарихы мен даму бағыттары туралы айтып берді.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы А.Мұқашева Түркістан жерінде өтіп жатқан UAЕSEB XV Форумы туралы баяндап, ректор Ж.Темірбековаға әріптестік үшін алғыс білдірді.  «Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігінің (UAЕSEB) құрылу тарихы мен ұйымның міндет-мақсаттары туралы ақпарат берді.

Шетелдік делегация сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесті, Салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева облыс әкімінің орынбасарына делегацияны таныстырып, Түркістан жерінде өтіп жатқан ауқымды шара жөнінде ақпарат берді. Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігі туралы, сонымен қатар ұйымның мақсат-міндеттері туралы да әңгімеледі. Облыс әкімінің орынбасарына өңірдегі сала қызметкерлерінің түйткілді мәселелерін шешуде жергілікті атқарушы билік тарапынан көрсетілетін қолдау үшін алғысын жеткізді.

Өз кезегінде Бейсенбай Тәжібаев Еуразиялық кеңістіктегі білім саласының өзекті проблемалары мен педагог мүддесін қорғау бағытындағы кәсіподақтардың ортақ мәселелерін талқылауға Түркістан жеріне жиналған халықаралық форум қатысушыларына сәттілік, табыс тіледі.

Қорқыт ата – түркі жұртына ортақ тұлға. Дәл осы делегация Қазақстанның тұңғыш астанасы – Қызылорда өңіріне барды. Шетелдік қонақтар «Қорқыт ата» мемориалды кешенімен, Қызылорда өлкесінің тарихы таңбаланған мұражайымен танысты. Одан әрі делегация Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне барды. Кездесуге Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ә.Ізімбетов пен Қызылорда облысындағы аумақтың кәсіподақтар орталығының төрағасы М.Нәлібаев қатысты.

Университетте делегацияны Басқарма басшысы – ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова қарсы алды. Бейбіткүл Сәрсемханқызы университет қонақтарына оқу ордасының құрылу, даму тарихы мен бүгінгі миссиясы туралы ақпарат берді. Университет басшысы Салалық кәсіодақпен жолға қойылған әлеуметтік әріптестік туралы да айтып өтті. Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева университет басшылығына сындарлы ынтымақтастық үшін алғыс айта отырып, делегация құрамымен таныстырды.

— Түркітілдес елдердің білім кәсіподақтарының Еуразиялық халықаралық бірлестігі Түркияның білім беру кәсіподағының бастамасымен құрылды. 20 жылға жуық уақытта халықаралық бірлестік мүшелікке кіретін салалық кәсіподақтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге және достықты нығайтуға ықпал етіп келеді. Бірлестікке мүше елдердің құрамы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бүгінде оған Түркия, Қырғызстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Румыния, Македония, Косово, Солтүстік Кипрдің білім кәсіподақтары кіреді. Күні кеше Түркістан қаласында Халықаралық бірлестіктің XV форумы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Форумда Еуразиялық кеңістіктегі білім саласының, педагогтардың, салалық білім кәсіподағының өзекті мәселелерін талқыланды, – деді Айгүл Мұқашева.  

Өз кезегінде сөз алғанг Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, форумға қатысушылардың Сыр өңірінен алған әсерімен бөлісті: «Қорқыт ата-барлық түркі халықтарына ортақ аңызға айналған тұлға. Ол түркі әлемінің символы, оның қасиетті коды және адамгершілік тірегі болды.Өңірге сапар аясында Қорқыт ата атын алған университет қызметімен танысқанымызға қуаныштымыз, – деді ол. Делегацияға университеттің оқу ғимараты таныстырылды. Қонақтар университет қызметімен қызығушылықпен танысты.

Форум аясында қатысушылар қатысушы елдердегі білім беру жүйесінің мәселелерін талқылады, білім және ғылым қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау бойынша сала кәсіподақтарының міндеттерін айқындады, бірлестікті одан әрі дамыту, оның қызмет аясын кеңейту, бірлескен жобаларды, халықаралық іс-шараларды жүзеге асыру және білім беру саласындағы ақпараттық алмасуды күшейту жолдарын белгіледі. Үш күнге созылған Еуразиялық білім кәсіподақтары бірлестігі XV форумы басты құжат Қарарға қол қойып, қабылдаумен тәмамдалды.

Жалпы пікір білдіріліп, бірқатар ұсынымдық шешімдер қабылданды: – Еуразиялық білім кәсіподақтарының халықаралық бірлестігі (ЕБКХБ) өз қызметін жүргізетін елдерде және бірінші кезекте тәуелсіз Түркі республикаларында білім беру мен оқытуды қолдау және тәжірибе алмасу мақсатында ұстаздар мен оқытушылардың тәжірибе алмасу бағдарламаларын дамыту, сондай-ақ кәсіби дағдыларды арттыру бойынша бағдарламаларды енгізу; – Пандемия кезінде әлемде ғылыми зерттеулердің маңызы күрт өсті. Осыған байланысты, ЕБКХБ мүше елдердегі ғылыми-техникалық саясаттағы әріптестікті қамтамасыз ету үшін «Ғылым мен мәдениеттің түркі ғасыры» ұранымен ғылым мен техника бойынша бірлескен стратегиялық құжат дайындау және тағы да басқалар.

Қарарға Еуразия білім қызметкерлерінің халықаралық бірлестігі төрағасы, «Türk-Eğitim Sen» Түркия білім кәсіподақтары төрағасы Талип Гейлан, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева, Қырғыз республикасының білім және ғылым кәсіподағының төрағасы Асылбек Тоқтағұлов, Түрік Республикасының Солтүстік Кипр білім кәсіподақтары төрағасы Акын Манга, Әзірбайжан тәуелсіз білім кәсіподағының хатшысы Зафер Мәммадов, Өзбекстан Республикасының білім және ғылым кәсіподағы төрағасы Махмуд Бабаяров, Солтүстік Македония білім кәсіподағының төрағасы Энес Ибрахим, Румыниядағы түрік-татар ұстаздары қауымдастығының төрағасы Вилдан Бормамбет, Косово білім кәсіподағының төрағасы Ерол Кара қол қойды.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым
және жоғары білім қызметкерлері
салалық кәсіподағының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий