Ақтөбе облысы: Шығармашылық академия – дарынды жастардың ордасы
Қазіргі кезде білім беру жүйесі жаңа технологияларға, жаңа мүмкіндіктерге, шарықтау мен шығармашылық шектеуі жоқ кеңістікке айналды. Заман талабына сай ұшқыр ойлы, алғыр да зерек бала үшін мүмкіндіктер өте көп. Өзге елдермен иық тірестіре, білім додасында шашасына шаң тигізбей мінбелерде, тұғырда тұрған жас буындар осының бірден-бір айғағы. Өркениетті әлемдегі білім қызметі – экономика мен ұлтты дамытудың алғы шарты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауларында да білім, келешек, жас өрендерге деген артылар жүк пен күтер үкілі үмітті ашық айқындап беріп отыр. Біздің міндет – адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындыруды, шыңдауды мақсат ете отырып, талантын ұштап, рухани жаңғыруға құштар жас шыбықтарды баптау әрі сап түзету.
Болашақ үшін жасалып жатырған тың идеялардың, білім жүйесіндегі заманауи ілгерілеулердің мақсат-міндеттерін ескере отырып, қосымша білім беру ұйымдарының қызметтік үлгілі қағидаларын, бұйрығын басшылыққа алып, педагогтер бекітілген оқу жүктемелеріне сәйкес жауапты жұмыстарын жүйелі жүргізуде. Ақтөбе облыстық білім басқармасына қарасты шығармашылық академиясында екі жарым мыңға жуық бала таланттарын шыңдауда екен. Қалыпты ереже сай сабақ, қоңырау кестесі талапқа сай орындалған.

Топтық және жекеленген журналдар қағаз түрінде беріліп жүргізілуде. Әр бөлімнің педагогтеріне бекітілген жұмыс кабинеттері үйірмелерге сай жабдықталған. 2022-2023 оқу жылында «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» бағытында жұмыс жоспары, оқу бағдарламалары, тақырыптық күнтізбелік жоспарлар және оқу жылына арналған жылдық жұмыс жоспарлары бекітілген. Жоспарлардың орындалуы барысында оқу жылының алғашқы жарты жылдығында оқушылар қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып, нәтижелер көрсетуде.
Әр үйірме бойынша педагогтар оқушыларды түрлі байқауларда сынап, талантын шыңдап қана қоймай, қоғамдық ортаға бейімдеп, өз ойын ашық айта білетін, өз ұлтының нағыз патриоттарын тәрбиелеуде. Академияда елу үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде – 27 үйірме ақылы, қалған жиырма үш үйірме тегін. Дарынды және талантты оқушылардың қабілеттерінің толықтай жүзеге асып – ашылуына, ынталарын көтеріп, жан-жақты бағыт-бағдар беріп, өнерге баулып жүрген академияда сексен педагог бар. Оның ішінде негізгі педагогтар 45 – болса, қосымша қызметтегі педагогтар саны отыз бес.

Білімдері бойынша магистр – 7, отыз алтысы жоғары білімді, арнаулы орта – 11. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында педагогикалық кадрларды даярлау саласындағы ұзақ мерзімді серіктестікті дамыту мен нығайту, шығармашылықты шарықтату, өзара сыйластық, түсіністік пен тиімділік қағидаттарын негізге алған ұстаздар ұжаымы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжімен, республикалық ғылыми-әдістемелік «Самғау» орталығымен, «КазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық роботехника Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігімен және жергілікті орта білім беру ұйымдарымен серіктесе жұмыс істеу мақсатында ынтымақтастық уағдаластығына қол қойғанын білдік.
Бірлескен қызметтің мақсаты – оқу мен тәрбие саласындағы өзара қарым-қатынас, оқытушылар мен студенттер арасындағы шығармашылық, рухани-адамгершілік байланысты нығайту, мәдени ағартушылық бағыттағы іс-әрекеттерді өзара байыту. Игілікті істің нәтижесі – осы шығармашылық академиясында – музыка колледжінің студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп, болашақ мамандарға арнайы жетекші тәлімгерлер бекітілген және көптеген мазмұнды шаралар ұйымдастырылуда.

Атап өтер болсақ ақын-жазушылардың жыр кештері, №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бастамашалдық танытқан «Қарттарым, аман-саумысың?» концерттік бағдарламасы. Бейінді ведомства тарапынан бекітілген республика мектеп оқушыларының астрономия, физика, космонавтика, робототехника және қолданбалы бағдарлама жасау саласында білім деңгейлерін арттыру, ғылыми-техникалық шығармашылықты тарату, ғарыштық бағыт бойынша факультативтер үйірмелер жұмысын жандандыру мақсатындағы сайыстарға үйірме мүшелері белсене қатысып, тәжірибе алмасуда.
Ұстаздар мен шәкірттер би үйірмесінің қосымша білім беру педагогы Байдильдинова Гүлнар Вахитовнаның жетекшілігімен «Еңлік» үлгілі би ансамблі бірнеше республикалық дәрежедегі байқауларда топжарғанын мәртебелі мақтаныш тұтады. Оқушы – ұстаз – ата-ана үштік байланыс та өз дәрежесінде ынтымақты жұмыстар атқаруда. Ата-аналар комитетінің құрамдық бөлімімен өткен жиналыс қандай бағытқа сұраныстың бар екендігін анықтап берді. Сенімді ақтау – ең жауапты іс. Бұл ретте балалар мен ұстаздардың тыңғылықты дайындығы арқасындағы атқарылған еңбектің жеміс беруі.

Бүгінгі таңда шығармашылық академиясында домбыра, шахмат, робототехника, сурет, би үйірмелеріне сұраныс жоғары. Академияда ішкі «Academy FM» радиосы жұмыс жасайды. Осы сала бойынша маманданған кәсібінің нағыз шебері атанған Нұрдәулет Ауданбаев атқарылатын қызметтің қыры мен сырын таныстырып, түрлі танымдық бағдарламалардың жүзеге асырылуын бізге баяндап берді. Тікелей эфир арқылы көркем шығармалар оқылып, әртүрлі әуендер барлық қабатты қамтып тұратындығына көзіміз жетті. Жалпы шығармашылық академиясының тұрмыс-тіршілігі, жетістіктер, тамаша жаңалықтары «academy_aqtobe» инстаграм әлеуметтік желісінде көрсетілген.
Ұзақ мерзімді оқу процесінен кейін балалардың көптен күткен жазғы демалысын тиімді әрі бос уақытын ұтымды пайдалану мақсатында шығармашылық академиясы «Академ САМР» жазғы алаңын ұйымдастырған екен. Өтінім бойынша 42 бала тіркеліп, топтарға бөлініп, түрлі үйірмелерге, шеберлік сағаттарына, спорттық ойындарға қатысып, жазғы демалыстағы бос уақыттарын тамаша өткізіпті. Екі аптаға созылған жазғы алаңда балаларға салауатты өмір салтын сақтау; денсаулық – зор байлық; сахна мәдениеті; жаңа орта – жаңа дос; жылдам қимылда, шапшаң бас, қырағы бол; актерлық шеберлік; суретшілер күні; қазына ізде (квест ойыны); қолөнершілер күні – атаулы тақырыптардың аясында түрлі шаралар ұйымдастырылып, жергілікті тарихи-өлкетану музейін тамашалаған.

Әр күн қорытындысында белсенділік танытқан балалар арнайы дипломдармен марапатталып, алғыс хаттар табысталғаны айрықша атап айтылды. Академия басшыларының мәлімдеуінше балалар мен жасөспірімдер арасындағы облыстық «Күй қанаты» онлайн форматта байқауға қатысушылардан жалпы саны бір жүз елуден аса өтінім қабылданып, «Әлемнің әсем билері-2023» хореографиялық би байқауы аймақтық деңгейде ұтымды ұйымдастырылған. Бұл мәдени шараға жалпы білім беретін мектептер мен облыстық білім беру ұйымдарынан барлығы елу бір ұжым бақ сынапты.
Қалалық деңгейдегі «Fashion Queen» бөлімі «Ұлттық нақыш» байқауының да нәтижелері жоғары. Туған өлкенің 154 жылдық мерейтойына орайластырылған мәдени-көпшілік іс-шаралардың бірі «Абай» гүлзарында өткен «Арт FEST» фестивалі. «Ақтөбе – менің мақтанышым» тақырыбындағы фестивальге облыс орталығындағы мектептердің 150 оқушысымен қатар он бес кәсіби суретші және жиырма студент табиғатта сурет салу яғни пленэрге қатысқанын білдік. Ақтөбенің көркем келбетін кескіндеуге шығармашылық академиясының қосымша білім беру педагогтары Гүлден Жайылханқызы, Жеңісгүл Шакиманқызы, Айнұр Бақытжанқызы жеке үлестерін қосып, ұйымшыл ұжымның абыройын асырған.

Акамедиядағы «Жайдарман live» көңілді тапқырлар клубының «Академия балмұздақтары», «Сыбаға» командалары (жетекшісі Ерғазин Аманкелді Ерғазыұлы) облыстық лига ойындарының жеңімпаздары ретінде жерлестеріне танымал әрі беделді. Дарынды жастардың ордасы саналатын шығармашылық академиясының қосымша білім беру бағыты бойынша негізінен сегіз бөлім жұмыс жасайды және барлық үйірмелерге 3165 оқушы қатысуда.
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Астана-Ақтөбе-Астана
Загрузка...