Азаматтық авиация академиясы: Халықаралық талаптарға сай мамандар дайындалуда

Азаматтық авиация академиясының қызметі қазіргі уақытта авиация саласының тиімді және қауіпсіз жұмыс істеуі үшін білімнің, ғылымның және өндірістің алдыңғы қатарлы жетістіктерін біріктіру арқылы халықаралық азаматтық авиация ұйымының, Авиациялық қауіпсіздік агенттігінің, халықаралық әуе көлігі қауымдастығының халықаралық талаптарына сәйкес мамандар даярлауға бағытталған.

Авиациялық мамандарды дайындау және қайта дайындықтан өткізу халықаралық стандарттар мен тәжірибеге сәйкес келетін оқу бағдарламалары арқылы арнайы оқу орталықтарында, халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына сәйкес сертификатталған нұсқаушылар құрамымен қамтамасыз етіледі. Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің PART-66/147 бағдарламасы бойынша A, B1 және B2 санатындағы әуе кемелеріне қызмет көрсететін мамандарды даярлауды жүзеге асыратын Техникалық кадрларды даярлау орталығы және Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес әуе көлігі және логистика саласындағы мамандарды даярлау орталығы құрылуда.
Авиациялық мамандарды даярлауда Халықаралық азаматтық аваиция ұйымының белгілеген тілдерінің бірі – ағылшын тілінің орны ерекше екені баршаға мәлім. Халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау мақсатында Академияда 2021 жылы авиациялық ағылшын тілі орталығы құрылды. Азаматтық авиация академиясының 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасында мамандарды ағылшын тілінде дайындау, жатақхана мен аэродромы бар оқу-жаттығу кешенін салу көзделген.

Академияда білім алуға, кәсіптік даярлауға, авиациялық мамандарды қайта даярлауға және оқу ұшуларына мүмкіндік беретін, рұқсаттың барлық құжаттары бар. Тәуелсіз еліміздің авиация тарихы XX ғасырдың басынан казiргi заманға дейін көптеген қиындықтарды, өзгерістер мен жетістіктерді басынан өткізді. Осы саланың мамандары Талғат Бегельдинов, Доспанова Хиуаз, Әбдіров Нүркен, Жапабаев Кайыржан және тағы да басқа ұлы тұлғалар Ұлы отан соғысында өшпес ерлік көрсетіп, бейбіт заманда үлгі болар еңбек етті. Көптеген отандық ардагер авиаторлар осы саланың қазіргі деңгейге жетуі үшін өз өмірлерін арнады.
Олардың ерліктері мен өз отанына деген адалдығын санасына сіңіру арқылы жас ұрпақтың тұғыры биік тұлға болып қалыптасуына негіз болмақ. Мемлекетіміздің күре тамыры саналатын отандық азаматтык авиация тарихы бойынша, өкінішке орай, толыққанды мәлімет беретін окулықтар өте сирек. Қазіргі таңда Академия ректоры Бекен Канелұлы Сейдахметовтың бастауымен 100 жылға жуық тарихы бар Қазақстанның азаматтық авиация тарихын жазу және жетістіктері мен шежірелі тарихы туралы толыққанды мәліметтен тұратын тарихи көрнекі құралдармен толысқан мұражай ашу мәселесі, сонымен қатар, музей құндылықтарының электронды нұсқасын, түлектер базасын жасақтау күн тәртібінде тұр.

Қазір олардың ұрпақтары, туыстарымен берік байланыс түзіліп, мұражайға тұтынған бұйымдарын жинауға бетбұрыс жасалуда. Осы орайда, авиация саласында қызмет еткен аға буын ардагердерлеріміз және қызмет етіп жүрген түлектерді музейді қызықты экспонаттармен жабдықтауда белсенділік танытуға шақырамыз. Тарихыңды сүю, еліңе деген мақтаныш пен отаншылдық сезімін ояту, тарихи кезеңдермен танысу, материалдық және рухани құндылықтармен танысу деген сөз.
Келешек ұрпақты бәсекеге қабілетті жан-жақты дамыған тұлға ретінде тағылымдылыққа тәрбиелеуіміз үшін арғы- бергі тарихтан мол мағлұмат беруіміз қажет. Бұл істе мұражайдың атқаратын рөлі маңызды, тәрбиелік мәні зор екені даусыз.

Аширкул Кемелбековна СЕЙДИЛДАЕВА,
Азаматтық авиация академиясындағы
жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі