Ақтөбе облысы: Заманауи үлгідегі көшбасшы балабақша

Облыс орталығындағы қалалық білім бөліміне қарасты №33 “Нұрсәт” балабақшасы аймақтағы мектепке дейінгі білім беру және тәрбие бағытындағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындардың арасында заманауи үлгідегі көшбасшы саналады. 2008 жыл пайдалануға берілген жаңа ғимарат үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатта бассейн, дене шынықтыру, музыка, хореография залы, медициналық кабинеттер, меңгеруші, есепші, тігін бөлмесі, кіші  жастағы балаларға арналған топтар бар.

Екінші қабатта қазақ тілі, ағылшын тілі, информатика, психолог, әдістемелік кабинет, педагогтардың мәжіліс залы, ортаңғы топ балаларына арналған топтар  орналасқан. Үшінші қабатта  экология бөлмесі, өнер студиясы,  ересек балаларға арналған топтар жұмыс жасайды. Барлық тәрбиеленушілердің қазіргі кездегі саны (ортаңғы топ – 108, ересектер тобы – 129, мектепалды даярлық тобы – 123) үш жүз алпыс бала. Бүлдіршіндерге кәсіби мамандығы бар отыз алты педагог мемлекет тарапынан арнайы бекітілген бағдарламаларға сай түрлі бағытта дәріс жүргізуде екен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай соңғы кезде жоғарылаған жалақы мөлшерімен есептегенде орташа айлық көлемі 156 мың теңгені құрайтындығын білдік.

– Былтыр біздің балабақшаның базасында “Құзыреттілік орталықтары”, “Мектепке дейінгі ұйым тобындағы күні бойы екі педагог” аталатын екі республикалық дейгейдегі жаңа ілкі жоба бастау алды. Басты мақсат: қолжетімді кеңістікті қалыптастырып; білім беру ортасын құру үшін нормативтік құжаттарды жетілдіруді; педагогтардың дайындығы мен біліктілігінің сапасын арттыруды; балабақшаның материалдық жағдайын жақсартумен қоса тәрбие мен білім беру сапасына жақсартуды көздейді, – дейді ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Ботагөз Құсмамбетова.

Құсмамбетова Ботагөз Қуантайқызы – Ақтөбе облысындағы Бадамша  ауданының  Қос-естек аулында дүниеге келген. 1986-1988 жж. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық колледжіндегі мектепке дейінгі тәрбие факультеттің балалар бақшасының тәрбиешісі мамандығы, 2000-2004 жж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің психолог, психология пәнінің оқытушысы мамандығы, 2016-2018 жж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің дефектология мамандығыняң бакалавры.

Еңбеқ жолы: Ақтөбе қаласындағы Сазды орта мектебінде тәрбиеші, №5 “Жұлдыз” санаторий-туберкулез бөбекжайының тәрбиешісі, Ақтөбе қаласы білім бөліміне қарасты ғылыми-әдістемелік орталықтың әдіскері, №42 “Айналайын” мектепке дейінгі ұйымында меңгеруші, №33 «Нұрсәт» балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынының меңгерушісі.

– “Екі тәрбиеші” жобасының ерекшелігі – екі тәрбиеші бір уақытта топта жұмыс істейді, балаларға сабақ таңдауда белгілі бір еркіндік беріледі, командалық, тапсырыс беру тәсілінен кетеді. Бұл жоба кәсіби педагогтарға арналған. Бағалау ECERS-R шкалаларына негізделген. ECERS-R шәкілдері 2,5 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдардың білім беру қызметінің сапасын кешенді бағалау үшін әзірленгенімен де маңызды. Таразыларды ұйым басшылары жұмыс тиімділігін бағалау және сапасын арттыру үшін, педагогтар – өзін – өзі бағалау үшін, бақылаушы органдардың қызметкерлері-мектепке дейінгі білім беру сапасын мониторингілеу үшін пайдалана алады.

Ботагөз Қуантайқызының айтуынша ECERS-R-де жеті кіші шкала пайдаланылады: заттық-кеңістіктік дамытушы орта; балаларды қарау және күту; сөйлеу және ойлау; белсенділік түрлері; өзара іс-қимыл; бағдарламаны құрылымдау; ата-аналар мен ұжым қызметкерлері. Жоба тек екі айға созылғанына қарамастан жоспарлы түрде жүйелі жүзеге асырылған жұмыстар тәрбиешілердің тәрбие мен оқыту үдерісіне бұрыннан қалыптасқан біржақты көзқарасын жаңа қырынан өзгеруіне көмектесіп, балалардың ойлау қабілетін ілгері дамытуға да негіз қалаған көрінеді.

Бұл пилоттық жобалар көшбасшы – басқарушылардың озық тәжірибесін тарату және енгізу үшін бірыңғай басқару орталығы бар мектепке дейінгі ұйымдардың альянстарын қайта құра отырып, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде құзыреттілік орталықтарын құруды көздейтіндігін айрықша атап айтқанымыз абзал. “Нұрсәт” – робототехникамен айналысатын, домбыра үйрету бойынша қосымша қызметтер көрсететін қаладағы жалғыз балабақша ретінде түрлі деңгейдегі көптеген марапаттардың иесі.

2018 жылы бейіндік ведомстваның мектепке дейінгі және орта білім департаментінің «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін және ол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін» Құрмет грамотасы табысталса; 2019 жылы сала министрінің көп жылғы еңбегі және білім беру жүйесін дамыту мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен жеткен жетістіктері үшін Алғыс хатына қоса Қазақстанда мектепке дейінгі робототехниканы дамыту мәселелері бойынша «КазРоботикс» федерациясының үлгілік тәжірибелік-эксперименттік алаңы» атты өңірлік семинар жұмысында белсенділік танытып, іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Құрмет грамотасы берілген екен.

2021 жылы Ақтөбе қаласы әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған «Ең үздік балабақша ауласы» аталымы бойынша жергілікті атқарушы биліктің Алғыс хат беріліп, салалық министрліктің құрамындағы «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының «Ана тілің – Арың бұл» атты өлеңдер, ертегілер, әңгімелерді мәнерлеп оқу республикалық челенджінде «Өнегелі отбасы» аталымы бойынша жеңімпазы ретінде арнайы Дипломмен марпапатталған.

2022 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институты» РММ «Балалар жылы аясында «құзіреттілік орталықтары» пилоттық жобасына белсене қатысып, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы көрсеткен кәсіби шеберлігі үшін» Алғыс хат пен арнайы марапаттау және мониторинг нәтижелері бойынша Ақтөбе қаласының білім бөлімі және Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласы білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырған инновациялық балабақшалар арасында «Үздік білім беру ұйымы» атанып 500 мың теңгелік сертификатпен марапатталғаны ұжым мүшелері үшін мәртебелі мерей әрі мақтаныш.

Жергілікті білім саласын ілгері дамытуға қосқан жеке үлесі үшін түрлі дейгейдегі түрлі марапаттауларды иеленген парасатты педагог, білікті басшы Ботагөз Қуантайқызы жетекшілік жасайтын ұйымшыл ұжымның әлі де алар асуы алда, бағындыратын белесті биігі көп екендігіне зор сеніммен өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі қажырлы қызметтеріне абыройлы жетістіктер тілейміз.

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Астана-Ақтөбе-Астана

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий