Алматы облысы: Өнерлі өреннің бас жүлдесі

Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов Беларусь мемлекетінде «Витебскідегі Славян базары» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Витебск» жиырма бірінші халықаралық балалар музыкалық байқауының жеңімпазы Шерхан Арыстан мен тәуелсіз мемлекетіміздің асқақ атағын тағы бір қырынан әлемге әйгілі еткен, жергілікті жас әншінің жетекшісі Қалбибі Абдуллаеваны қабылдап, талантты дарынның мерейлі жеңісіне ыстық ілтипатын білдірді, – деп хабарлайды Алматы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Талай байқауларда бақ сынаған ол Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясында биыл бесінші сыныпты бітірді. Бойындағы бұлқынысын байқаған әжесі төрт жасында парасатты педагогтан білім алуын қалап, өзі жетектеп апарған екен. Сондықтан жас өреннің жеңістері мен жетістіктері өнердегі ұстазының еңбегі деуге толық негіз бар. Жас талант бұған дейін де дүбірлі додаларға қатысқан болатын. «Қазақстан дауысы. Балалар» жобасында орындаған «Молдабайдың әні» арқылы ол дүниежүзінің жүз елінде көрсетілген «The voice.Kids» мегажобасының алғашқы ондығына енді.

Енді міне халықаралық балалар музыкалық байқауында Гран-при иегері атанып, бас жүлдені сол елдің Президенті Александр Лукашенконың қолынан алды. Үкілі үміткеріміз дүбірлі додада екі кезең бойынша ең максимал 140 ұпайды (70+70) еншілеп, ең жоғарғы көрсеткішті иеленгені баршамызға белгілі. Жерлесіміз алғашқы күні Андреа Бочелли, Дэвид Фостер және Эми Фостердің «Ama, Credi e vai» деп аталатын композициясын орындаса, келесі кезекте «Молдабайдың әнін» шырқады. Шерханның бұл байқауға барып келу жолақысына аудан әкімдігі мен демеушілер қолдау білдіргенін айрықша атап айтқанымыз абзал.

Білім ордасы басшыларының мәлімдеуінші шығармашылығы шыңдалған шәкірттің музыкадан басқа да пәндерге қызығушылығы жоғары және оқу үлгерімі мен тәртібі жақсы. Ол әсіресе компьютерде жұмыс істеуге көп көңіл бөлетін көрінеді. Осы зейінін ескерген аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы зерек оқушыға сыйлық ретінде ноутбук тарту етіп, жас жеңімпаз пен ұлағатты ұстазына Алғыс хат табыстады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий