Атырау мұнай және газ университетінде жаңа мамандық ашылды
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті 6В07303 «Коммуналдық шаруашылық және жол құрылысы» жаңа бакалавриат мамандығына талапкерлерден құжат қабылдауда. Бұл оқу бағдарламасы студенттерге қалалық инфрақұрылым мен жол желілерін салу бойынша терең білім мен дағды алуға мүмкіндік береді.

– Коммуналдық шаруашылық және жол құрылысы» мамандығын таңдаған студенттер коммуналдық инфрақұрылым мен жол жүйелерін жоспарлау, жобалау, салу және пайдалануға қатысты тақырыптардың кең ауқымын қамтитын жан-жақты білім алады. Бағдарлама инженерия саласындағы қазіргі заманғы әдістер мен технологияларды зерттейді, сонымен қатар осы саладағы басқару және ұйымдастыру дағдысын меңгертеді.
АтМГУ түлектерінің 85% оқуды аяқтағаннан кейін бірден жұмысқа орналасады, 2/3-тен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жаңа мамандық бойынша университетте дуалды оқыту, гранттар мен жеңілдіктер де қарастырылған. Айта кетейік, жол саласы мамандарын даярлайтын жаңа мамандық ашу ұсынысын «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы ұсынған болатын.