Түркістан облысы: Колледждерге 15300 грант берілді
Аймақтағы колледждер үшін мемлекеттен 15 300 грант бөлініп отыр. Қазіргі таңда барлық арнаулы оқу орындары талапкерлердің құжаттарын қабылдауда. Алайда бұл мерзім тамыз айының 20-ы күні аяқталады. Сондықтан жауапты басқарма және колледж директорларымен арнайы мәжіліс ұйымдастырған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев әрбір ауылға дейін үгіт-насихатты белсенді түрде жүргізуді тапсырды.

– Өңірімізде демографиялық ерекшелігіне сай мемлекет тарапынан колледждерге гранттар бөлінді. Енді осы гранттарды толық игеру керек. Ауыл-аймақтарға насихат жүргізіп, жастарды тегін оқуға шақырыңыздар. Кейбір ата-аналар, жастар бұл мүмкіндіктен хабарсыз болуы мүмкін. «Жастар орталықтарымен» бірлесе жұмыс атқарыңыздар. Бізге жастардың білім алып, мамандыққа ие болып, жұмыс істегендері маңызды, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Мәжілісте колледж директорларының ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды. Сонымен бірге облыстық білім және дін істері басқармасының басшылары да пікірлерін айтып, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Білімге жауапты басқарма тарапынан колледжер мәселесі тұрақты бақылауда болады. Өңірдегі арнаулы оқу орындарына 2023-2024 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс аясында 15300 орын бөлінген.
Республикалық бюджеттен – 14618, жергілікті бюджеттен облыстық денсаулық басқармасының ұсынысы бойынша медицина саласына алты жүз елу, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұсынысымен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар қатарынан білікті кадрларды даярлайтын Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік колледжде отыз бір орын қарастырылған. Студенттерге 21787 теңге көлемінде стипендия төленеді. Ал экологиялық аймақтарда стипендия жиырма жеті мың теңгеге жетеді.
2023 жылғы қаңтар айынан бастап барлық техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жұмысшы мамандықтарды дәріптеуде кәсіби бағдар жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар наурыз-сәуір айларында облыстағы барлық орта білім беру ұйымдарының 9-11 сынып түлектері мен ата-аналары үшін колледждер «Мамандықты дұрыс таңдайық» атты көшпелі үгіт-насихат жүргізілді. Колледждерде 9-11 сынып оқушылары үшін дәстүрлі «Менің болашақ мамандығым» атты ашық есік күндері ұйымдастырылды.
Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаевтың айтуынша, барлық аудан, қалада оқу орындарына бөлінген гранттар, «Серпін» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша үгіт-насихат жүргізілген. Мемлекеттік тапсырыс бойынша тұлғалар арасындағы байқау жауапкершілігі шектеулі «BilimLand» серіктестігінің SmartNation College ақпараттық жүйесі арқылы іске асырылады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссияның биылғы маусым айының 22-і күнгі кезекті шешімімен мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын 43 колледждің тізбесі анықталды. Адами әлеуетті дамыту басқармасының сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшасында қабылдау бойынша инфографикалар мен ақпараттық түсіндірме бейнероликтер жарияланып, өңірлік call-орталық құрылды.
Талапкерлердің өтінімдерін қабылдау колледждердің қабылдау комиссияларында және «Электрондық үкіметтің» www.egov. kz вeб-порталы арқылы жүргізілуде. SmartNation платформасында шілде айының жиырмасында жалпы саны 4138 өтінім тіркеліп, оның өңделгені – 3738. Соның ішінде, тоғызыншы сынып бойынша – 3067 құжат, 11 сынып бойынша 942 құжат қабылданған.
Түркістан облыстық адами әлеуетті
дамыту басқармасының баспасөз қызметі
Загрузка...