Ымдау тілінің интеллектуалды жүйесі
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің оқытушысы Нұрзада Амангелді қазақша ымдау тілін танудың интеллектуалды жүйесін жасап шығарды. Бірегей әзірлеме ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған.

ЕҰУ ғалымы Нұрзада Амангелді бес жылдан бері зерттеу жүргізуде. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған адамдарға бағытталған. Жүйе қазақша ымдау тіліне бейімделген және бұл оның басты бірегейлігі болып табылады. Жүйені әзірлеу барысында Нұрзада Амангелді бір ымның бірнеше нұсқасын дайындаған. Ғалым оларды көрсетілу күрделілігі бойынша топтарға бөліп, әрқайсысы үшін жасанды нейронды желі моделін әзірлеген.
Загрузка...– Жүйе болашақта ым әліпбиін, ым тілін білетін сурдоаудармашыларды дайындай алады. Мұндай мамандар түрлі мемлекеттік ұйымдарға қажетті. Бүгінгі таңда біз мобильді қосымша жасауға кірістік. Оның көмегімен ым тілімен өзара сөйлесуге болады. Сөйлеуді мәтінге, мәтінді ымға және керісінше түрлендіретін жүйе құрылады. Осы жобамның арқасында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мектепте ыңғайлы оқуы, медициналық және мемлекеттік мекемелерде қызмет алуы және еркін сөйлесуі мен үшін өте маңызды. Осы тақырыпты зерттеп, өз үлесімді қосу – азаматтық борышым, – дейді ғалым.