Мәртебелі мерей: Бірегей тұлға

Көрнекті мемлекет қайраткері, атақты ғалым, ғылым мен білім жүйесінің реформаторы Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов туралы жазу әрі жеңіл, әрі қиын. Өйткені, ол – әрқашан қоғамдық өмірдің алдыңғы шебінде жүреді, жаңалықтың жаршысына айналған жаңашыл тұлға.  Мақсаты биік, күш қуаты мол, өткен ғасырда комсомолдың от көрігінен өткен, рухы мықты Бақытжан Тұрсынұлы өмір күресінде шыңдалды. Биік-биік межелер қойып, соның бәрін еңсерді десем жаңылыспаспын.

Бақытжан Тұрсынұлы еліміз егемен болып, тәуелсіздіктің туын көтерген кезде, жаңа қоғамның үлкен өзгерістерінің басы-қасында болды. Бір сөзбен айтқанда, егемен еліміздің білім-ғылым саласының негізгі бағыт-бағдарларын бір жүйеге түсірген, сөзіне ісі сай – қайраткер. Ол туралы көп ақпарат білемін. Өйткені министр кезінде біраз департаменттерде жауапты қызметтер атқардым. Жоғарғы мектептің, атақты ұстаздың шәкірті ретінде атқарған қызметтеріне талдау жасауға тырысқаным, құрметім ғана емес, парызым ғой деп білемін.

Әрине, Бәкең Отанға қызмет істеу әрбір жеке адамның қасиетті борышы дерін жақсы білемін. Дегенмен, академик Жұмағұлов – ғылымда – ғұлама, ал саясатта – жеке адамның өзі, ел мен халық үшін көп нәрсе атқара алатынын қызметімен дәлелдеген зиялы қауым өкілі. Б.Жұмағұлов – республиканың бұқаралық ақпарат құралдарында өте танымал тұлға. Қоғамның, өмірдің өзекті мәселелері туралы көзқарасын білдіруден тартынған емес. Оның партиялық құрылыста, министр ретінде ғылым білім жүйесіндегі жүргізген саясаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатындағы жемісті қызметі осының айғағы.

Аса көрнекті ғалым Бақытжан Тұрсынұлы – техника ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының Президенті, сондай-ақ, Түркі әлемі математиктер қоғамының Президенті. Бұдан басқа да толып жатқан халықаралық атақтары бар. Бақытжан Тұрсынұлы ғылым, техника, білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бірақ, ол осы атақтармен шектелмей, одан әрі ғылым білім саласында зор абыроймен еңбек етіп жүр. Қандай-да болмасын, жоғары деңгейлі қызмет атқарса да, ол өзінің ғылыми бағытын, ізденістерін ұмытқан емес.

Оған 2019 жылы «Мұнай шикізатының төмен температуралы вакуумдық-толқынды гидроконверсия құбылысы» атты ғылыми жаңалығын ашты. Бірге қызметтес болған күндерден білетінім, ол өзінің құзырындағы жауапты міндеттерді біреудің мойнына салып қоймайды. Әр мәселені өзі зерттеп, мән-маңызын ашып, қалыптасқан жағдайды айқындап, нақты бағыт-бағдар береді. Мұны мен Бақытжан Тұрсынұлының әр нәрсеге жоғары жауапкершілікпен қарайтын қасиеті деп білемін. Сондықтан, өзімен бірге қызметтес болған азаматтарға да тапсырылған мәселеге тереңдеп қарап, нақты шешімдер табуға тырысты.

Бұл қасиеттер Бақытжан Тұрсынұлын – саяси өмірдің қай саласында жүрсе де, өзінің өмірлік мақсаты ретінде биік белестерге жетеледі. Әрине, Бақытжан Тұрсынұлы өмір көрген тұлға. Ол мектеп бітірген соң, бір жыл өзі туып өскен Қапал ауылында мектепте сабақ берді. Германияда әскери борышын өтеп қайтты. Атақты Қазақ Мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінде оқыды. Кейін, университеттің механика және қолданбалы математика факультетіне оқуға түсті.

Жастардың жалынды жетекшісіне айналды. Береке-беделге ие болды. Университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков бұл кезде атағы жер жарған ғалым болатын. Ол – сөзі де, ісі де,  жауапкершілігі де жоғары жас маманды комсомол қызметіне тартты. 1979-1982 жылдары университет комсомол комитетінің хатшысы болды. Одан кейін екі жыл Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков Бақытжан Жұмағұловты проректор қызметіне ұсынды. Осылай, атақты КазГУград құрылысына тікелей араласты. Республика басшылары, үкімет делегациялары КазГУград құрылысын жиі келіп көретін.

Тіпті, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі, осы құрылыстың ойдағыдай жүргізілуін назардан тыс қалдырмады. Осылай, Қазақ Мемлекеттік университетінің 50 жылдығына орай атақты қалашық іске қосылды. Кеңестік дәуірдің кадрды өсіру саясаты  Бақытжан Тұрсынұлын да айналып өткен жоқ. Ол университет партия комитеті хатшысы болып қызмет атқарды. Қоғамдық өмір 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін күрт өзгерді. Студент-жастардың көтерілісі жаншылды, таптылды, репрессия басталды.

Сол кезде Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Г.В. Колбин  студенттерді оқудан шығару талабын қойды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тізімі жасалып, әрбір жоғары оқу орнындағы студенттерді оқудан шығару жоспары жасалды. Қазақ Мемлекеттің университетінің 100 астам студентін оқудан шығару тапсырмасы түсті. Университет партия комитеті хатшысы ретінде Б.Т. Жұмағұлов мұндай бұйрыққа келісім беруге үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл өз тағдырына таяқ болып тиді. Бірақ, одан Б.Т. Жұмағұлов қаймыққан жоқ.

Б. Жұмағұловтың өзін партиядан шығару мәселесі күн тәртібіне қойылды. Бірақ, партком мәжілісінде профессорлар, академик Зейнолла Қабдоллов пен Алма Сармурзина, тағы да басқалары қарсылық білдірді. Жиналыс шешім шығара алмады. Үзіліс жарияланды… Өкінішті. Отыз үш жасында Бақытжан Тұрсынұлы ұлтшыл деген айыппен қызметінен босатылды. Оның болашақ жолы жабылғандай еді.  Осы кезеңде Бақытжан Тұрсынұлы өзінің тірегін ғылымнан тапты. Әр түрлі қиындықтарға қарамастан, қолданбалы математика саласының  ғылыми зерттеулеріне ден қойды.

Осы кезеңде университеттің қолданбалы математика кафедрасының меңгеруішісі, профессор, айтқан сөзінен қайтпайтын, адал да, абыройлы Шалтай Смағұлов – өзіне қызметке алды. «Мені отырғызып тастаса да, жұмыстан шығарып тастаса да, Жұмағұловты кафедраға қызметке аламын», – деген сөзін әлі күнге ғалымдар жадынан шығарған жоқ. Қасиетті шаңыраққа қатардағы лаборант болып кірген Бақытжан Жұмағұлов өзін, білімділігін, ұйымдастырушылық қабілетін танытты. 1987 жылы аға инженер, аға оқытушы, одан соң доцент дәрежесін алды.

1991 жылдан бастап, өзінің өмірлік ұстазы, академик Ө.А. Жолдасбековпен бірге, Қазақстан Республикасындағы Инженерлік академияны құруға белсене араласты. Қазір бұл академия – Ұлттық академия дәрежесіне жетті. Ғылымға тереңдеп барған Б. Жұмағұлов әуелі кандидаттық, одан соң докторлық диссертация қорғады. Ал 1994 жылы «Сұйық пен газды сандық модельдеу. Теория және есептеу эксперименті» атты циклдық зерттеулері үшін мемлекеттік сыйлықпен марпатталды. 2001 жылы Б. Жұмағұлов Білім және ғылым министрінің бірінші вице-министрі болып тағайындалды.

Бұл – Бақытжан Тұрсынұлының толықтай ақталуының басы болды десем, жаңыла қоймаспын. Жаңа қызмет, жаңа жауапкершілік Бақытжан Тұрсынұлының рухына рух қосты. Ол гидродинамика бойынша есептеу математикасы, ақпараттық технологиялар, математикалық модельдеу және математикалық әдістер саласындағы ірі ғылыми тұлғаға айналды. Мұнай кеніштерін өңдеудің автоматты талдау жүйесін қалыптастыру мұнай өндірудің технологиялық процесстерін модельдеу мәселелері бойынша жасаған зерттеулері оның талантын аша түсті.

Осылай, мұнай өнімдерін өңдеу, тасымалдау, математикалық модельдеу тұрғысындағы жаңалықтары – Бақытжан Жұмағұловтың Қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырды. Мемлекет қайраткері ретіндегі оның қызметі жаңа ғасыр басталғаннан кейін жарқ етіп көрінді. 2001-2005 жылдары ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде, Президент әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінің, Үкіметтің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Бұл тәжірибе – Бақытжан Тұрсынұлының жаңа биіктерге шығуының бастауы болды. 2005 жылы билеуші партия жетекшісінің міндетін атқарды.

Осы кезеңде еліміздің саяси жүйесі жаңа реформаларға ұласты. Партиялық жүйе жандана түсті. Сайлау жүйесіне өзгерістер енгізілді. Қоғамдық құрылыс жандануына байланысты Республикада саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың үлесі өсті. Сол кездегі Нұр-Отан партиясы іріленіп, оның қатарына басқа партиялар қосылды. Бұл өзгерістердің басында – Б.Жұмағұлов тұрды. Ол өзі де Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мәжіліс төрағасының орынбасары әрі тұңғыш рет құрылған Парламенттік фракцияның жетекшісі болып сайланды.

2008 жылы Мемлекет басшысы Бақытжан Тұрсынұлын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректорлық қызметіне тағайындады. Бұл да жаңа ойлардың жүзеге асуына жол ашты. Өйткені жоғарғы мектеп, терең модернизация, жаңа стратегиялық даму бағыттарына мұқтаж еді. Бейнелеп айтқанда, кезінде сүйікті университетінен қуылған  Б.Жұмағұловтың ректор болып қайта оралуы, шындықтың шыңы еді. Латын тілінен аударғанда ректор «билеуші» деген мағынаны білдіреді. Бірақ академик Бақытжан Жұмағұлов билеуші емес, ғылыми ойды алға жылжытатын басшы ретінде көзге түсті. Бар болғаны екі жарым жылдың ішінде ҚазҰУ беделі республикада ғана емес, әлемде танылды.

Тіпті, Ресейдің «Ректор ВУЗ-а» атты журналының өзі университеттегі оң өзгерістерді жоғары бағалады. Жұмағұловтың ректорлық қызметі кезінде университеттің материалдық-техникалық базасы жаңғырды. Мұның бәрі, Б. Жұмағұловтың оқу процессін математикалық және логикалық модельдеу тәсілімен жүзеге асырғанының айғағы болып табылады. «Жаңа менеджмент арқылы – мамандарды жаңа сапаға көтеру» атты бадарлама 2009-2011 жылдарды қамтыды. ҚазҰУ-да бакалавр-магистр-PhD атты үш сатылы жүйе енгізілді.

Осылай, Болон процессіне қатыса отырып, Қазақстандық Жоғары оқу орындары Европалық білім беру сапасына көшті. Осылай, Бақытжан Жұмағұловтың тұсында – Қазақ Ұлттық университеті әлемдік жоғары оқу орындарының рейтингісіне енді. Айталық, университет халықаралық аккредитациядан өтіп, үш сатылы білім берудің бастамашысы болды. Бұл жүйе одан соң, бүкіл Қазақстан жоғары оқу орындарына тарады. Профессор Бақытжан Жұмағұловтың Қазақ Мемлекеттік университетіне ректор болған жылдарды жоғарғы оқу орнының алтын кезеңі болды деп айта аламын.

Бәкең өз жұмысын білім мен ғылымды дамыту мәселесімен бірге, оқытушыларды әлеуметтік жағынан қолдау концепциясын алға қойды және оны ойдағыдай жүзеге асырды. Университеттің жаңа корпустары бой көтерді, жаңа кафедралар, ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істей бастады. Осылай, Қазақ Мемлекеттің Университеті Мәскеу, Ленинград, Киев сынды университеттердің Халықаралық Ассоцияциясының толық мүшесі болды. Осылай, Қазақстанның жоғары оқу орны әлемдік рейтингтегі жоғары оқу орындарының санатына енді. Қазақ Ұлттық университеті өзінің даму стратегиясын жасады және түлектер ассоцияциясын, жұмыс берушілер кеңесін құрды.

Академик Б.Жұмағұловтың 2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрі болып тағайындалуы ешкімді таң қалдырған жоқ. Өйткені, бұл қызметке ол өзінің ерен еңбегімен, ғылым мен білімдегі орнымен, қоғамдағы құрметімен жеткен болатын. Министр ретінде Бақытжан Жұмағұлов бүкіл білім, ғылым жүйесінің реформаторы атанды. Бұл саланы қаржыландыру жоғары деңгейге жетті. Білім мен ғылым сапасын қадағалаудың біркелкі жүйесі қалыптасты. Жоғары оқу орындарын аккредиттеу механизмінің Ұлттық жүйесі енгізілді.

Бейіндік ведомстваның жетекшісі ретінде сапасыз, қағаз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ білім беретін оқу орындарының біразын жапты. Әрине, бұл белгілі бір топтардың қарсылығын тудырды. Оған қарсы жалған мақалалар ұйымдастырыла бастады. Уақыт – бәріне төреші. Отандық беделді бұқаралық ақпарат құралдары Бақытжан Жұмағұловты тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа тарихындағы ғылым мен білім саласының ең мықты министрі деп бағалады. Министр ретіндегі қызметін бағамдау үшін, оның «Человеческий фактор, Хроники министра» атты кітабын оқығанда, көптеген мәселелердің көмбесі ашылады.

 

2015 жылы  ғылыми басылымдарға арналған республикалық байқауда ол «Образовательный бестселлер» атағына ие болды. Министр Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың қажырлы, кең ауқымды  еңбегін бағалау үшін атқарылған жұмыстарға талдау жасай кетелік. Мәселен, ең алдымен ол жаңа ғана тәуелсіздігін алған мемлекетіміздің даму бағытындағы күрделі мәселе білім мен ғылым екенін бағдарлай білді. Ел Президентіне осы саланы дамытудың мәнді де мағыналы жолдары туралы ұсыныстар берді. Осылай, Қазақстандағы білім саласының үш кезеңін зерделеп, оның басым бағыттарын көрсетті. Бірінші кезеңді ХХ-ғасырдың 90-жылдарымен байланыстырады.

Бұл кезеңде мемлекеттің дамуы білім мен ғылымға байланысты екендігі айқындалды.  1992 жылы «Білім туралы», ал 1993 жылы «Жоғары білім» туралы заңдар қабылданды. Бұл заңдар қазақстандық білім жүйесінің алгоритміне айналды. Мемлекеттік және жеке меншік жоғары оқу орындары қалыптаса бастады. Көпшіліктің жеке меншік жоғары оқу орындарына деген көзқарасы сан-алуан болғанымен, Бақытжан Жұмағұлов – бұл білім саласын конкурентті ортаға айналдырудың қайнар-көзі болатынын айтып қана қоймай, оны баспасөз бетінде, әртүрлі ғылыми конференцияларда баяндамалар жасап, мәні мен мазмұнын түсіндірді.

 

Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы жаңа стратегиялық бастамалармен толықты. Осылай, 1997-2002 жылдарға арналған орта білім саласын ақпараттандыру мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылды. Сонымен бірге, ақпараттық-техникалық және кәсіби білім беру салалары қатар дамыды. Қазақстан ТМД  елдері арасында мектептерді жүз пайыз компьютермен қамтамасыз етті. Осы кезеңде, «Болашақ», «Дарын» атты Президенттік программалар енгізілді. 2005-2010 жылдарға арналған ұлттық білім жүйесін жүйелі модернизациядан өткізу ойдағыдай жүзеге асырылды.

Үшінші кезеңді Бақытжан Жұмағұлов 2006 жылдан басталғанын дәйектейді. Қазақстан қоғамының жаңаша даму жолы білімде екендігі айқын болатын. Осылай, 2006 жылы Қазақстанда «Назарбаев Университеті» жұмыс істей бастады. Қазақстан Еуропалық деңгейдегі Жоғары білім беру жолына көшті. 2010 жылы Болон декларациясына қол қойылды. Бакалавр, магистр, PhD үш деңгейлі білім беру жүйесі енгізілді. Сондай-ақ «Назарбаев зияткерлік мектептері» жұмыс істей бастады. Міне, осындай даму жолдарын саралап, үш кезеңге бөлгеннен кейін оны арықарай дамытудың жаңа концепциясын жасау ісін министр Жұмағұлов жүзеге асырды.

 

Он екі жылдық білім жүйесіне көшудің әлемдік стандарттарына сәйкес, Қазақстанда бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау мәселесі туындады. Жаһанданудың объективті сұраныстарын түсіну үшін Бақытжан Жұмағұлов білім берудің жолдарын жаңғырту қажеттігін көтерді. Білім беру шкаласын – орта мектеп, кәсіби-техникалық білім беру, жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жүйесін әлемдік тәжірибеге сәйкес құру ісінде жаңашылдық танытты. Министр Бақытжан Тұрсынұлы қызметі БАҚ-тың, халықтың назарынан тыс қалған емес.

Шәкірті, әрі бүгінгі Ғылым және жоғары білім министрі ретінде атқарылған жұмыстарына үнемі қарап, өз жұмысыма басшылыққа алатынымды жасырмаймын. Зерделей келе, Бақытжан Тұрсынұлының қызметінің жаңашыл тұстары туралы нақты қорытындыға келдім. Біріншіден, ол білім берудің және оның сапасын арттырудың біріңғай вертикальды жүйесін енгізді; екіншіден, колледж түлектері үшін жоғары оқу орындарына түсуге кешенді тестілеу мәселесі ойдағыдай шешілді. Үшіншіден, жоғары білім жүйесін оңтайландыру республикада жүзеге асырылды.

 

Мәселен, педагогтерді дайындайтын 89 жоғары оқу орнының қырық алтысының мамандыққа қатысты лицензиясы кері шақырылды. Осы кезеңде базасы жоқ, тек диплом берумен айналысқан 17 жоғары оқу орны жабылды; төртіншіден, ұстаз мәртебесін көтеруді министр Б. Жұмағұлов жоғары билікке жеткізді. Арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы Президентке терең мазмұнды хат жазды. Кейін, Сенат депутаты болған кезінде «Педагог мәртебесі» туралы заң бастамашыларының бірі болғанын айта кету парыз ғой деп ойлаймын. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты ретінде де Б. Жұмағұлов өзінің беделі мен біліктілігін көрсетті.

Үкімет басшысына ғылым мен білім саласы бойынша депутаттық сауалдар жолдады. Көптеген заңдардың бастамашысы болды. Қандай күрделі мәселе болмасын Бақытжан Тұрсынұлы терең ойланып, зерттеп, сараптама жасап, содан кейін ғана бір шешімге келеді. Министр болып жүрген кезінде оның кабинетінің жарығы түн ауа сөнетін. Мұны, Бәкеңнің өз қызметіне деген жауапкершілігі және талапшылдығы деп білемін. Адалдық, әділдік, жауапкершілік сынды ұғымдар оның өмірлік ұстанымы болып табылады. Сондықтан да, қандай қызметте болмасын Бақытжан Жұмағұловтың есімі зор құрметпен аталады. Ол – ұстаз, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері.

 

Сенатор ретінде Бақытжан Жұмағұлов ұлттық құндылықтарды ұлықтау, оларды жас ұрпақтың бойына сіңіру туралы көп көңілінен шығатын сұхбаттар берді. Сенатта өткен «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» атты Парламенттік тыңдауда жасаған баяндамасы күні бүгінге дейін жұрт назарында тұр. Онда Бәкең тіл, діл, тарих, ұлттық тәрбие мемлекеттің дамуының кепілі болады деген тұжырымдар ұсынды. Бүгінде, жетпіс жасқа келіп отырған Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов жоғары интеллекті, энциклопедиялық білімі бар,  өмір сынынан өткен, өзінің туған елін сүйетін, оған адал қызмет етіп жүрген бірегей тұлға.

Саясат НҰРБЕК,
Қазақстан Республикасы Ғылым
және жоғары білім министрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий