Тұлға тәлімі: Ұстаздық қасиет иесі
Ұстаздық – ойласаң, – ой жетпейтін, сөйлесең – сөз жетпейтін, теңіздей терең, асқар шыңдай заңғар, қазақ даласындай байтақ ұлылық. Ұстаз туралы, ұстаздың ұстазы туралы мақала жазу мен үшін үлкен қуаныш. Міне осындай мұғалім – ұстаз, әрі ұстаздардың ұстазы Сәбит Райсұлының «Жұлдызы биік – Жуалы» өңірінде өмірге келіп, еліне қызмет етіп, бойына парасат пен ғибаратты жиа білгеніне және білімділігі мен біліктілігін өмірге асыра білгендігі ұстаздар қауымына үлгі боларлық деп санаймын.

Сәбит (Совет) Райысұлы Дүйсебай 1943 жылы қазіргі Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Ол отыз жылдан астам Жуалы ауданының мектептерінде ұстаздық еткен. 1991 жылы республикалық Алматы және бүкілодақтьық Пенза педагогикалық оқуларының жеңімпазы, республикалық педагогикалық сыйлықтың лауреаты (1991 ж), Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, Білім және ғылым министірлігінің Қ.Айтқалиев атындағы атаулы ғылыми-әдістемелік орталығының мүшесі (1989-2003 ж.ж.) болды.
Ол 1996 жылы Қазақ білім академиясына мектеп үшін жаңа буын оқулықтарын жазуға шақырылады. Содан бері мектептерге арналған ҚР Білім стандарттарын, оқу бағдарламарын дайындауда авторлық ұжымда еңбек етіп, қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек мектептеріне арналған отыздан астам қазақ тілі және қазақ әдебиеті оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарын жасады. М. Әуезовтың «Абай жолы романының хрестоматиялық баяны» деп аталатын мектеп оқушылары үшін эпопеяның төрт томын бір том етіп баяндап жазған кітабы (белгілі ғалым Г.Құрманбаевамен бірлестікте) Ыбырай Алтынсарин атындағы республикалық педагогикалық сыйлығына ие болып, 2000, 2001, 2011 жылдарда үш дүркін басылып шықты.
Парасатты педагогтың қаламынан қазақ өлеңінің құрылысын оқыту мәселесі және Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісұлы, Міржақып Дулатов, Жамбыл Жабаев, Шыңғыс Айтматов шығармаларын оқыту туралы зерттеулер жарияланды. Жетісудағы «Мамания» мектеп-интернатының 100 жылдық тарихын зерттеп, «Мамания» атты кітап шығарды. «Мамания» «Шүлен», «Ұлы арман» тағы да басқа тарихи дастандары мен өлеңдері, ғылыми-әдістемелік мақалалары мен кітаптары көпшілік көңілінен шықты. Қазақ білім академиясының тапсырысы бойынша 2013 жылы профессор Т.Қ.Жұлехжановамен қосылып, 11-сыныпқа арналған «Абайтану» курсының әдістемесін мұғалімдерге тарту етті.
С. Дүйсебаевтың «Сөз-Көмек» атты қазақша-орысша және орысша-қазақша электрондық сөздігі («Глотур» компаниясы қаржыландырған), республикалық ақпараттық орталықта 5-11 сыныптардағы қазақ әдебиеті пәне және орыс мектебіндегі қазақ тілі бойынша жазған электрондық оқулықтары әріптестірінің игілігіне айналды. Ол аударма жұмысымен де шұғылданды. Ә.Жангелдиннің «Өнегелі ғұмыр» өмірбаяндық-тарихи повесін, грузин данышпаны Сулхан Саба Орбелианидың «Тұспал сөз даналығы» кітабын, Мэгрэнің «Анастасия» повесін орыс тілінен қазақшалады.
2019 жылғы желтоқсан айында Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, Педагогика жоғары мектебінің “Арнайы педагогика” кафедрасы жанынан ҚР Білім беру ісінің үздігі Сәбит Райысұлы Дүйсебаев атындағы дәрісхана ашылды. Қазіргі заман талабына сай дәрісхананың ашылуына жоғары оқу орнының басшылығы, оның әріптестері мен шәкірттері және оқу ордасының ұжымы қатысқан болатын. Шуақты шарада ізгі тілектер, ерекше естеліктер айтылып, шәкірттері атынан ұстаз құрметіне сый-сияпаттар табысталды.
– Қазақ халқы өрнек ретінде қабылдаған шешендік мұраларға бай. Солардың бір шоғыры – Төле би айтты дейтін шешендік үлгілер. Төле би сөздерінің тарихи маңыздылығы, әдеби құндылықтығы, педагогикалық ұтымдылығы – әрқайсысы өз алдына даралай ерекшелінетін әңгіме. Ал енді адамның психологиялық қасиет сапаларын дамыту қызметі олардың бәріне ортақ деуге болады. Төле би сөздері халық рухын білдіреді. Ал халық рухы этнопсихология көрінісі деп қабылданған. Қазақ халқының рухын алғаш ғылыми мәнде сипаттаған Шоқан Уәлиханов болды.

«Этнопсихология жеке ғылым ретінде XIX ғасырдың орта шенінде Ресейде, кейінірек Батыс Еуропа елдерінде (Лацарус, Штейнталь, Вунд және тағы да басқа танымал тұлғалар) пайда болды. Қазақ топырағында бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уәлиханов еді. Оның еңбектерінде «халық рухы» дейтін ұғым жиі кездеседі. Мұны «халықтық психология» ұғымының синонимі деуге болады». Қазақ халқындағы бата-тілектер, дау-дамайға төрелік айту сияқты шешендік өнер түрлері психологиялық сипатқа ие. Халықтың салт-дәстүрінде ұлттық мінез кең өріс алады, – деп жазады кемел кейіпкеріміз «Төле бидің шешендік сөздерінің психологиялық сапаларды арттыру қызметі» деп аталатын құнды зерттеу мақаласының кіріспе тарауында.
Сәбит Райсұлы жазушы Төлеген Қажыбайдың, жазушы Болат Бекеновтың, ақындар Жеңіскүл Сейітқұлқызының, Кәмила Қосумованың және Бауыржан Момышұлының шығармалары туралы монографиялық зерттеулер жариялады. Әлем халықтары Жазушылары Одағының екі томдық антологиясын, энциклопедиясының редакцияларын басқарып, жарыққа шығарды. Халқымыздың бір данасы:
Даналығың бар екен,
Халқыңа паналығың болсын!
Ілімің бар екен,
Халқыңа берер білімің болсын!
Іске жорғалығың бар екен,
Халқыңа жомарттығың болсын!
Бекзаттығың бар екен,
Халқыңа қымбаттығын болсын,- деген екен. Адамның оқып-тоқығаны ілім екен де, оны өзгеге үйреткені елді оқытқаны болады екен. Міне осы даналықты біз Сәбит Райсұлы ағайымыздан да көріп, қанық болдық.
Мектебіміздің тарихы, өсу жолы, педагогикалық бет-бейнесі туралы Сәбит Райысұлының авторлығымен үш кітап жарық көрді. Олар: «Алтын ұя мектебім» (2011 жылы,) «Мектеп шұғыласы» (2012 жыл), «Алтын жұлдызды ұстаз» (2016 жыл). Еліміздегі білім беру ісі жаңа жолға қойылып жатқан шақта Қазақ білім академиясымен іргелес орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп республикамыздағы жетпіс ғылыми-әдістемелік сынақ өткізетін тірек мектептерінің бірі болып бекітілген болатын.
Жаңа білім мазмұны бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды сынақ пен тәжірбиеден өткізу үшін мектебімізге Білім академиясынан ғалым-әдіскерлер келіп, 36 мұғалімдерімізді осы шығармашылық жұмысқа тартты. Сәбит ағаймен де таныстық басталды. Әдіскер мен мұғалім ынтымақтастығында оқулықтарға, оқу-әдістемелік құралдарға бірлескен авторлық жұмыс қызу жүріп жатты, тіптен біраз әдіскерлер мектебіміздің педагогикалық ұжымына сіңсіп кетті десек те болады.
1998 жылы басталған осынау игі үдерістің қақ ортасында Сәбит ағай өзінің терең білімімен, шебер әдіскерлігімен, қарым-қатынас мәдениеттілігімен, ұстаздық әдептілік үлгісімен, көркем мінезімен, ең бастысы, мұғалімдерімізге шығармашылық жұмыста қалаулы, риясыз көмегімен әділ беделге ие болды. Бірте-бірте гимназиядағы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі жұмысын да атқарды, мәдени-ағарту шараларында да көмегін аяған жоқ. Бүгінде Сәбит ағай Алматы қаласындағы Наурызбай ауданының Ардагерлер қауымында мәдени-ағарту шараларына әдеби жетекшілік етеді.
Жары Айдаркүл Шәмшидинқызымен екеуі үш ұл, екі қыз өсіріп, қоғамға қосты. Жиырмадан астам немере-шөберелер қызығында. Сәбит ағайдың өз отбасылық әрі отандық қуаныш пен абыройы – бір шаңырақтан он алты ұстаздың шыққандығы. Династиялық игі дәстүр жалғасын таба берсін. Қадірменді, Сәбит ағай, сексен жылдық мерейтойыңыз құтты болсын, абыздық даналығыңыз жастарымызға жалғаса берсін, отбасыңызға аман-саулық тілеймін! Қаламыңыз қолдан түспесін!
Құрметпен,
Аягүл Төреқызы МИРАЗОВА,
Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, Жамбыл
облысының, Жуалы ауданының, Алматы
қаласының құрметті азаматы