ҚАЗҰУ студенттері Шэньчжэнь университетінде тағылымдамадан өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 21 студенті Қытай ЖОО-ларымен халықаралық ынтымақтастық аясында Шэньчжэнь университетіндегі Медицина мектебінің Жазғы мектебінде тағылымдамадан өтті. Осы тағылымдамаға қатысу үшін таңдалған студенттер қарқынды білім беру ортасына еніп, биомедициналық инженерия саласындағы озық ғылыми зерттеулермен танысуға мүмкіндік алды.
Бағдарлама Шэньчжэнь университетінің медицина ғылымдарының маңызды салаларына маманданған білікті профессорларының дәріс курстарын қамтыды. Тағылымдама аясында қарастырылған негізгі тақырыптардың бірі – «Генетикалық тұрақсыздық және аурулар». Профессорлар Шинжи Сю мен Шуничи Такеда молекулалық биология мен гендік инженерия саласындағы білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті. Тәжірибеде қамтылған тағы бір маңызды аспектің бірі қартаю және зат алмасу аурулары.
Профессорлар Баохуа Лю мен Цзе Лю студенттерге медицинаның осы саласындағы өзекті тенденциялар мен жетістіктерді ашты. Профессор Синчунь Чен және доцент Сюэ Лю студенттерге иммундық жүйенің инфекциялармен өзара әрекеттесу механизмдерін және тиімді иммундық жауаптың маңыздылығын түсіндірді. Наномедицинамен танысу тағылымдаманың ажырамас бөлігіне айналды.
Студенттер дәрістермен қатар, Шэньчжэнь университетінің Медицина мектебіндегі зертханаларды аралап, озық технологиялармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Жазғы мектеп аясында тағылымдаманы аяқтаған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері құнды тәжірибе мен мол мағлұматқа қанықты. Бұл тағылымдама тереңдете оқытумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы биомедициналық инженерия саласындағы халықаралық байланыстарды нығайта түсті.
Жазғы мектепке медицина саласындағы саясат және ұйым кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Қапанова мен биотехнология кафедрасының меңгерушісі Аида Қыстаубаева жетекшілік етті. Шэньчжэнь университетінде болған кезінде ҚазҰУ оқытушылары медицина және биотехнология саласындағы озық зерттеулер мен инновациялармен танысып қана қоймай, осы университет зерттеушілері және профессорларымен кәсіби байланыс орнатты.
ҚазҰУ мен Шэньчжэнь университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастықты жалғастыру жаңа перспективалар мен жетістіктерге жол ашпақ. Бұл екі университеттің де ғылыми әлеуетін дамытудағы маңызды қадам және медицина және биотехнология ғылымының болашағына қосқан зор үлесі.