Ақтөбе облысы: Ізденіс. Сапа. Жаңашылдық

«Мектепке керегі – білімді, педагогика әдістемеден хабардар, оқыта білетін мұғалім». Ахмет Байтұрсынов. Білім беру саласында педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру,  өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу ісі елімізде қарқынды түрде жүріп жатқан инновациялық жаңғырту жағдайында күрделі экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешумен  қатар жүзеге асып келеді. Қазіргі білім беру жүйесінде оқу бағдарламасын, әдістемелік құралдарды, әдіс-тәсілдерді, оқытудың технологиясы мен формасын таңдау – педагогтың өзін-өзі шыңдауға, шығармашылықпен жұмыс жасауға жол ашса, екінші жағынан, бұл педагог жұмысының жоғары кәсіби деңгейде, нәтижелі болуын талап етеді.

Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы педагог кадрларының өз білімдерін үздіксіз жетілдіруіне, ғылыми – теориялық деңгейін және кәсіби шеберлік әлеуетін жоғарлатуына әдістемелік және психологиялық – педагогикалық қолдауды қамтамасыз ету мақсатында кең көлемді шаралар мен жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтар болсам, «Білім all» өңірлік онлайн-мектебі  жобасы бастау алды. «Білім all»  өңірлік жобасына облыстағы бір жүз жиырма ауыл  мектептерінің  10575  оқушы қатысып, математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінен білім алуда. Аймақтағы үздік мектептерден іріктелген отыз бес виртуалды пән мұғалімдер  құрамы бекітілді.

Мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінде жетекші мектептердің жас мұғалімдеріне арналған өңірлік  «Жас қанат» макрожобасы іске қосылды. Жас мұғалімдермен жүйелі жұмыс жүргізу, жас мамандардың педагогтік қызметінде жетістікке жету бағдарын құрып, кәсіби дамуын ынталандыру мақсатында Педагогикалық шеберлік орталығымен бірлескен физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (31.10.2022 ж.)  «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» тақырыбында облыстық форумына 118 жас маман қатысты.

«Каникулдық мектеп» облыстық білім беру жобасы аясында 2022 жылдың 01-04.11 аралығында  шағын жинақталған мектептердің физика-математика, биология-химия және ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған онлайн тәртібінде практикалық семинар ұйымдастырылды. «Педагогтерге мобильдік көмек» жобасы бойынша оқу үрдісін жоспарлау және ұйымдастыру бағыты бойынша Мұғалжар ауданы Ақкемер және Байғанин ауданы Т.Жармағанбетов атындағы ресурстық орталықтарының іс-тәжірибесімен бөлісу мақсатында облыстық семинар, шағын жинақталған мектеп директорларының орынбасарлары мен  пән мұғалімдеріне арналған облыстық семинар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, «Педагогтерге мобильді көмек» жобасын енгізу,  жобаны жетілдіру мақсатында  «Шағын жинақты мектептерде және ресурстық орталықтарда білім сапасын көтеру: жобалар, әдістер…» тақырыбындағы семинар-практикумдар өткізілуде. «Жеті ойыншық» жобасы аясында Хромтау ауданы №5 «Ақбота», Ақтөбе қаласы  №12 «Інжугүл» балабақшаларында «Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық құндылықтар арқылы жан-жақты дамыту» тақырыбында облыстық  шығармашылық шеберханалары жүргізілуде.  Техникалық және кәсіптік білім және кәсіби бағдар беру бойынша «Education. Science. Innovation», «Creative teacher», «Қоғам құндылығы» жобалары жүзеге асырылуда.

Білім саласы қызметкерлерінің алдына қойылған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Бүгінгі күні оқытудың әдістемесі өзгерді, білім берудің жаңа технологиялары пайда болды, алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық – коммуникациялық технологияны қолдану, оқушылардың жеке тұлғасының диагностикасы, бағалау критерилері де жаңа жүйеге көшті. Мұғалім бұл үдерістен бейжай қала алмайды. Жеке тұлғаның өз – өзінің дамуы аса маңызды мәселе екендігі баршамызға мәлім.

Қазіргі педагог – қоғамдағы мәдениеттілік пен сауаттылықтың үлгісі, эталоны болу және жаңа бағдарламалар мен әдістемелер арқылы өз біліктілігін, кәсіби шеберлігін арттыруды күшейтуі қажет. Оқыту сапасын арттыру, мұғалімдердің кәсіби өсуін қамтамасыз ету, білім сапасын арттыру бойынша биология-химия, ағылшын, физика және математика, бастауыш, алғашқы әскери және технологиялық дайындық пен дене шынықтыру, тарих және география, қазақ тілі мен әдебиеті, мектепке дейінгі және шағын орталық, шағын жинақты мектеп және көркем еңбек пәндері бағытында педагогтерді кәсіби қолдау, әдістемелік сүйемелдеу мақсатында үш жүз жиырма бір шара  жоспарлы түрде орындалып, 12781 педагог қамтылды.

Сонымен қатар жиырма бес шеберханада 312 педагог мүше болып, жиырма сегіз шебер-класта 701 педагог кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Осы бағытта біздің облысымызда облыстық әкімдіктің қолдауымен педагогтың абыройы мен беделін арттыруға байланысты үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Өткізілген іс – шаралар ішінде облыс әкімдігі тағайындаған «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» мен «Ақтөбе облысының үздік педагогі» грантын атап өтуге болады. Сонымен қатар былтыр ұйымдастырылған республикалық «Үздік педагог» байқауында 4 педагогіміз жеңімпаз атанды. Кез келген елдің жаңаруы мен жаңғыруы білім беру саласымен тығыз байланыста жүзеге асады.

Әлемдегі барлық дамыған елдер өздерінің экономикасының қарқынды дамыту үшін білім беру саласына бар мүмкіндіктерін жұмсайды. Сол себепті де қазіргі таңда Үкіметіміз білім беру саласын заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртудың жолдарын белгілеп, жүзеге асыру мақсатын қойып отыр. Біз күн сайын мектеп табалдырығын аттаған сайын, білім беру жүйесіндегі ең басты тұлға – Ұстаз  және ол қоғамда ерекше құрметке ие  жан екендігіне көз жеткіземіз.

Қазақ халқы «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» – дейді, ендеше тастан соғылған мектебі мерзімінен өте салынып, қағаз бен қаламды кешеуілдеп ұстаса да, жалпы үйретуші адамды ұстазым деп танып, сыйлаған дәстүрімізді жаңғыртып, мемлекет тарапынан жасалып отырған мол мүмкіндікті кеңінен пайдаланып, ұстаз мәртебесін  асқақтату ортақ мақсат.

Дүние бір орнында тұрмайды, барлық нәрсе үнемі даму, өзгеріс үстінде. Білім беру саласы да осы дөңгелектің бір бөлшегі, жаңа әдістемелік технологиялар, ақпараттық технология жаңалықтары біздің саламызға дендеп енді, жұмысты қалай түрлендірем десең де мүмкіншілік жеткілікті. Оны жүзеге асыратын басты тұлға мұғалім. Сондықтан қазақтың ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің: «Маған бәрінен де жақсы мұғалім керек. Мұғалім – мектептің жүрегі» –  деген  сөзі өзекті болып қала бермек.

Нұрлыгүл Жалғасқызы ЖАЛҒАС,
Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы
директорының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий