Шымкент қаласы: Биыл он сегіз мектеп пайдалануға беріледі

Жаңа оқу жылының қарсаңында мегаполистегі мектептердің  қыркүйектің бірі күні оқушыларды сабаққа қабылдау мүмкіндігін бір­­неше өлшемшарт бойынша­ тексер­ген арнайы мони­то­­­рингтік топ 96 пайызға дайын деген қорытынды жасады. Атап айтқанда, орта және күр­де­­лі жөндеу жұмыстарының атқа­ры­луы,­ турникеттердің, қауіпсіздік дабыл түймелерінің істеп тұруы, ба­қы­лау камераларының полиция депар­та­ментіне қосылуы, асхана, спорт зал, кітапханалардың болуы және ма­те­риалдық-техникалық тұрғыдан қам­та­масыз етілуі назарға алынған болатын.

Дей тұрғанмен, бүгінгі таңда төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Олар №54, №78, №66 және №93 білім ошақтары. №54 мектептің спорт залы ғана жөнделсе, қалғандарының оқу ғимараттары түгел қайта қалпына келтірілу үстінде. Соның ішінде №66 білім ұясының құрылысы отыз пайызға аяқталған. Демек бұл мектепт биылғы оқу жылына балаларды қабылдай алмайды. Себебі күрделі жөндеу жұмыстары бектілген кестеге сай желтоқсан айының басында бітеді.

Сондықтан жұмыс мерзімінен кешігіп жатыр деуге негіз жоқ. Осыған орай білім басқармасы тарапынан мектептің екі мыңнан астам оқушысын №48, №49 және №86 білім ошақтарына уақытша орналастыруға шешім қабылданды. Ол үшін арнайы алты арнайы автобус қарастырылмақ. Бірақ оқушылар жаңа оқу жылында мектептен ешқандай қиналмауға тиіс. Кейбір білім ұяларының қажетті инфрақұрылыммен қамтылмауы бойынша мәселенің бары рас. Мәселен, №95 пен №121 мектепте асхана жоқ. №95 мектеп бір кабинетті асхана етіп отыр.

Ал №121 мектеп әкімшілігі ыстық тамақтың ақшасын ата-аналардың шотына аударатын болып келісті. Сонымен бірге бес білім ошағында спорт зал жоқ. Бұл мектептерде оқушылар күн жылы мезгілде даладағы алаңқайда жаттықса, күн салқында, жауынды күн­де­рі іште шахмат, тоғызқұмалақ ойнап отырады. Сондай-ақ №108 мектептің қос ғимаратының біреуін мерді­герлер жөндеуден бас тартқандықтан сатып алу байқауын мектеп әкімшілігі қайтадан өткізіп жатыр. Жеңім­паздар осы айда анықталса, жөндеу жұмы­с­тары басталады.

Құрылысшылар жұмысты қарқынмен істесе, күрделі жөндеу көп уақытқа созыла­ қой­масына сенеміз. Биылғы жаңа оқу жылында білім ұйымдары қосымша қырық сегіз нысанға артып, жалпы саны 946-ға жетті. Отыз балабақша, 15 мектеп пен бір оқушылар сарайы және психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес пен психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемелері биыл ашылған білім нысандары. Осы жылы қала бойынша жиырма жеті мың бүлдіршін бірінші сыныптың табылдырығын аттауы тиіс. 2020 жылы 24 500 бала, былтыр 26 500 бала 1-сынып партасына отырған еді.

Яғни уақыт ұзаған сайын шым шаһарда бала саны өсіп келеді. Былтыр осы оқушылардың 18 мыңнан астамы ата-аналарының қалауымен қазақ сыныбын, төрт мыңнан жоғарысы орыс сыныбын, 2 мыңның үстіндегі бала өзбек сыныбын таңдаған. Ал жалпы, бүгінгі таңда 246 мектепте 250 мыңға жуық оқушы білім алады. Жүзге жуық мектеп жекеменшік санатында болса, қалғаны мемлекеттік білім ошақтары. «Мек­теп­ке жол» республикалық акциясы дәстүрге сай тамыз айында емес одан ертерек басталғаны белгілі. Нәтижесінде жағдайы төмен отбасыдан шыққан оқушының әрқайсысына оқуға қажетті құрал-жабдықтар сатып­ алу­ға 41 мың теңгеден таратылды.

Қалада бұл санаттағы оқушылардың саны – 53 893 бала. Жоспарланғандай акцияны ұйымдастыруға екі миллиардтан астам теңге бөлінді. Жаңа оқу жылында да 1-4 сыныпта оқитын оқушылар бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылады. Соны­мен бірге қазіргі таңда жекеменшік бала­бақшаларда балдырғандарды мемлекет­ есебінен тегін тамақтандыру мәселесі бас­қарма тарапынан қарастырылып жатыр. Бұл мәселе түбегейлі шешілу үшін жоғары атқарушы билік деңгейінде арнайы нормативтік-құқық­тық акт қабылдануы керек.

Бейінді ведомствоның тапсырмасына сәйкес мектеп директорларын ротациялау ісін толық жүз пайызға орындалды деуге толық негіз бар. Жазғы демалыс кезін­де­ мектеп оқушылары сауықтыру лагерь­ле­рінде демалып қайтты. Әлі де барып үл­гермеген оқушылар бар. Лагерьдегі де­малыс мезгілі тамыздың аяғына дейін жал­ғасады. Сондықтан тізімге енген бар­лық оқушы қызықты күндерді лагерь­де өт­кізіп үлгереді. Одан бөлек, оқушылар шы­ғармашылық талантты ашатын түрлі үйір­меге қатысып жатыр. Жалпы, бала­лардың үш ай мезгіліндегі демалысын жақсы ұйымдастыру мақса­тын­да мемлекет қазынасынан 300 миллион тең­геден астам қаржы бөлінген еді.

Бұл орай­да көпбалалы және әлеуметтік аз қам­тылған отбасылардан шыққан бала­лар­ды бірінші кезекте демалдыруға басымдық берілді. Жоспарға сай биыл­ғы­ жазғы демалыста екі жүз мыңға жуық бала қала сыртындағы сауықтыру лагерь­ле­рінде демалып қайтуға тиіс. Енді алдағы уақытта шаһардың аумағынан заманауи үлгідегі жаңа дема­лыс­ лагерьлерін салу көзделіп отыр. Осы жоспарды іске асыру үшін қазіргі таң­да оның алдын ала жобасы жасалып, құрылыс жүретін 3 жер телімі алда­ғы­ уақытта мемлекет мұқтаждығына алы­натын болады.

Ең бастысы биылғы оқу жы­лының қарсаңында үш ауысымды­ мектептердің мәсе­лесі толығымен шешілгенін айрықша атап айтқанымыз абзал. Оған қосымша 2025 жылға қарай ыңғайластырылған мек­тептерге қатыс­ты және жаңадан пай­да­ болған шағын ­аудандардағы білім ұя­ла­рының жетіспеушілігіне байланысты немесе керісінше сынып толымдылығы се­кілді күн тәртібінде тұрған басқа да маңызды сәселелер кезегімен шешімін табатындығы даусыз. 2025 жылға дейін жалпы 68 675 орындық ел төрт мектеп салынатындығы жоспарланған.

Биыл он сегіз білім ордасы мектеп пайдалануға беріледі. Бала саны тығыз орналасқан он бір тұрғын алабы үшін 21 мектеп, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жиырма бес мектеп, қосымша құрылыстар есебінен 29 мектеп, жеке инвесторлар есебінен жиырма алты білім ордасының құрылысы жүргізілетін болады. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі биыл, ал ыңғайластырылған ғимарат, жаңадан ашылған шағын аудандардың мектеп мәселесі және сынып толымдылығы жоғары (дефицит) мектептер мәселесін 2025 жылға дейін толығымен шешу көзделген.

Жанат Арысбекқызы ТӘЖИЕВА,
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий