Өзбекәлі Жәнібековке арналған дөңгелек үстел

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде қоғам және мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековке арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға еңбек ардагерлері мен қайраткердің замандастары қатысты. Басқосуды оқу ордасының басқарма төрағасы-ректор Гүлжан Сүгірбаева жүргізді.
– Биыл ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 92 жыл толып отыр. Кемеңгерлік келбеті ұлт жадында мәңгі сақталған тұлға қазақ халқының мәдениетін, ана тілін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Өзбекәлі Жәнібековтың арқасында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі ұлтымызбен қайта қауышты, Қожа Ахмет Ясауи және онан өзге де тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмысы қолға алынды.
Тарихи жәдігеріміз Тайқазан Эрмитаждан әкелініп, кесенеден өз орнын тапты. Ұлт қайраткерінің бастамасымен қазақ музыка аспаптарының ұлттық мұражайы құрылды. Бұл Өзбекәлі Жәнібеков еңбектерінің бір парасы ғана, – деді Гүлжан Дәулетбекқызы. Дөңгелек үстелге қатысқан зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлері, Өзбекәлі Жәнібековпен қызметтес болған азаматтар оның өзіндік болмысы, дара келбеті мен іскерлігі туралы естеліктер айтты.
– Оның атқарған жұмысы өз алдына, жүріс-тұрысы мен киім киісінің өзінен-ақ қарапайымдылық лебі есіп тұратын. Лауазымды қызметіне қарамай ол бос уақытында қолөнермен айналысқанды қалайтын», – деді олар. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен қызметін жастарға жан-жақты танытуды мақсат етіп отыр. Осы мақсатта арнайы байқаулар, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыруды, «Жәнібеков оқулары» сияқты бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлауда.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий