ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтады

Ардақты ағайын, қадірлі ұстаздар, ата-аналар, студенттер мен оқушылар! Баршаларыңызды бүгін келіп жеткен Жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын! Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың басы қосылған жерде қадірлі орын ұстаздікі» дейтін сөзінің мағынасы зор, бағдары айқын. Бұл жерде көркемдік ойлаудың шебері ретінде шыңдалған қайраткер-ақын «алты алаш» дегенді – тұтас ұлт мағынасында, ал ұстаз – оған жол көрсетіп, жөн сілтейтін тәрбие мен тағылым иесі, ақыл-парасатымен халықтың ой-санасында беделдің биік шыңына көтерілген ұлттық тұлға ретінде бейнелеп отыр, – деп жазады бейіндік ведомстваның жетекшісі фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы құттықтауында.
 
Ғылым және Жоғары білім министрлігі бүгінгі таңда өскелең ұрпақты білім нәрімен, ғылым қуатымен сусындандыру жолында көптеген реформаларды жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, жаһандану жағдайына икемделген ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми институттардың тамырына қан жүгірту – біздің алға қойып отырған басты бағыттарымыздың бірі.
Білім мен тәрбиенің тұтқасын ұстайтын да ұстаздар қауымы. Жас ұрпақты тәрбие мен тағылымнан тамырландырып, ұлттың ұлы дәстүрлерін құрметтейтін, өз ұлтының мәдени-ойлау жүйесін бойына қалыптастырып өсіретін, тұлға болып қалыптасуына негіз болатын да ұстаздар. Сонымен, ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты бәйгеге қосып, қанатын қатайтып ұшыратын қасиетті адам.
Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейтін ұлы есім… Ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарымыз бен игі қасиеттерімізді жасұрпақтың бойына сіңіретін тұлға да оның ұстазы. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі де сол – Ұстаз. Бүгінгі екпіні арындаған дәуірде ғалымдар мен ұстаздарымыздың арқалар жүгі ерекше деп білемін. Бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеу баршамызға ортақ міндет.
Ұлы Абай атамыз 38-қара сөзінде: «Адамға үш түрлі адамнан мінез жұғады. Олар: жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады».
Міне, Абай атамыз озық ойлы, білімді буын тәрбелеу жолында ата-ананың, ұстаздың, араласатын ортасының аса маңызға ие екендігін айқындап отыр. Қадірлі ағайын! Баршаларыңызға тағы да мереке құтты болсын! Жастарымыз білімді, ғылымға құштар, тағылымды азамат болып өссін! Еліміздің ертеңі жарқын, болашағы даңғыл болсын! Мереке құтты болсын!, – деп қорытындылаған ізгі лебізін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий