«Тамыз конференциясы-2023»: Өрлеу және СҚО мен БҚО білім басқармаларының нәтижелі бірлігі
Тамыздың 24-25-і еліміздің 20 өңірінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесін өткізді. «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарының білім басқармалары кеңестің екі секциясына, яғни Петропавл және Орал қалаларына жетекшілік етті.
Петропавлда «Педагог мамандарды даму» секциясы пленарлық отырыстан басталды, онда Өрлеу, СҚО Білім басқармасы және Ақтөбе облысы Қобда ауданының білім бөлімі, Kozybaev University және Narva College of the University of Tartu, «StudyInn» білім беру холдингінің өкілдері сөз сөйледі.
Күннің екінші жартысы «Нұр-сәт», «Ақ бота» бөбекжай-бақшаларында, №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінде және Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде шеберлік сыныптар мен тренингтер форматында өткен талқылаумен жалғасты. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері мектепке дейінгі білім беру мұғалімдерінің кәсіби және жеке өсуі, мектеп жасына дейінгі балалардың ерте кәсіптік бағдарлануы, ертегі терапиясының көмегімен баланың қоршаған әлемді тануы, мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеуде цифрлық технологияларды қолдану сияқты тақырыптарды талдады. Мектеп мұғалімдері педагогикалық қарым-қатынас стилін, сабақты зерттеу арқылы мұғалімнің дағдыларын дамытуды, мұғалімдер арасында корпоративтік орта құру тетіктерін, оқытудың кешенді моделін енгізу арқылы мектепте білім сапасын арттыруды және т.б. талқылады.
Сонымен қатар, Орал қаласында мектепке дейінгі, орта және арнаулы орта білім беру ұйымдарының басшылары үшін «Білім саласындағы басқару негіздері» бағыты бойынша кеңес өтті. Мұнда отырыс 4 сессияға бөлінді: «Мектепке дейінгі білім беруді басқарудағы трендтер», «Білім берудегі табысты менеджер: басқарудың басымдықтары мен моделі», «Білім беру жүйесінің жаңа парадигмасындағы кәсіби құзыреттілік және сұраныс», «Білім берудегі Менеджмент: басқару, кәсіби өсу, коммуникация, тәжірибе». Әр сесциялық отырыста сараптамалық баяндамалар, шебер-сыныптар, кейс-сессиялар, public talk, диалог және презентациялық алаңдар және т.б. түріндегі нәтижелі пікірталастар жүргізілді.
Тамыздың 25-і екі қаладағы секциялардың отырыстары білім министрі Ғани Бейсембаев пен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің пленарлық сессиясының трансляциясынан басталды. Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрлігі мен білім беру ұйымдарының алдағы оқу жылына арналған міндеттеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Тамара Дүйсенова оқу жылын 2025 жылдан кейін 36 аптаға дейін ұзарту жоспарланғанын атап өтті. Телекөпірден кейін бетпе-бет баяндамалар жасалды. Петропавлда Өрлеудің Басқарма Төрағасы Еламан Айбулдинов педагогтердің үздіксіз дамуының ұлттық платформасын әзірлеу процесіне назар аудара отырып, орталықтың жаңа жұмыс бағыты туралы айтып берді.
Сарапшылардың презентациялары мектептерді тиімді жұмыс режиміне көшіру тетіктеріне, қазіргі педагогтердің жағдайына: олардың әлеуеті мен күнделікті кездесетін қиындықтарына арналды. Оқушыларда да, педагогтер де құндылықтарды қалыптастыруға және педагогтердің біліктілігін арттыруға, атап айтқанда аттестаттау және педагогикалық қайта даярлау процесіне ерекше назар аударылды.
Орал қаласында сессия жұмысын ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы м.а. Ақерке Ардаққызы, ПШО Алматы қаласы филиалы директоры Берік Асубаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың мүшесі, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин, Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің профессоры Дуйшонкул Шаматов, «Bilim Media Group» ЖШС атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы, Орал қаласы М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі директоры Шынар Сағынғалиева, Орал қаласы №16 ЖОББМ директорының орынбасары Жұмабай Жақсығали, Орал қаласы М.Өтемісов атындағы БҚУ доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев жалғастырды.
Екі қаладағы баяндамалардың мазмұны мен отырыстардағы атмосфера республикалық тамыз кеңесінің тақырыбына толық сәйкес келді. Барлық негізгі аспектілер қозғалды, проблемалық мәселелерді шешу жолдары белгіленді. Соңғы екі күн ішінде өткізілген пікірталастар негізінде қазақстандық білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұсынымдар әзірленетін болады.
Лаура АЛТЫНБЕК,
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы